«Оралдағы текетірес. 1991 жыл»: БҚО-да казак сепаратизмін қолдаған КГБ-ның жоспары жарияланды

cover Фото: Артур Нығмет / Facebook

1991 жылғы Орал оқиғасының кезекті атаулы күніне орай жазушы әрі қоғам қайраткері Артур Нығмет өзінің «Оралдағы текетірес. 1991 жыл» («Противостояние в Уральске. 1991 год») атты кітабынан үзінділерді жариялап жатыр. Бұл кітабында ол КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) Қазақстанның батысында казак ұлшылдарын тікелей қолдап, сепаратизмнің өршуіне септескенін әшкере етті, деп хабарлайды Orda.kz.

1991 жыл. Былай қарасаң, кеңес одағы ыдырап, азаттықты аңсаған елдер бөркін аспанға атып жатқан кезең секілді көрінеді. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап бүгінгі күнге дейін отарсыздану процесі әлі жүріп жатыр. 

Қадірлі оқырман, сондай арпалысқа толы алғашқы жылдары нағыз нарқасқа азамат ретінде әрекет еткен Нәжмеден Ысқалиев жайлы публицист Артур Нығметтің жазғанына назарымыз ауды.

1991 жылы Оралда казачестволық қозғалыс күшейіп, олар автономия құруға, тіпті «Приуральск республикасын» жариялап, батыс өңірлерді Ресейге «қайтару» талабын көтерді. Өздері Қазақстанда тұрып, «Приуральск республикасын» құруды көздегендер – оралдық казактар болатын. Олар өздерінің 400 жылдық мерейтойын «тарихи дәстүрді жаңғырту» деп қабылдап, соның аясында автономия, тіпті Ресейге қосылу туралы талаптар қоя бастады. Ал қазақтар бұл әрекетті Қазақстанның жер тұтастығына төнген қауіп екенін түсініп, қарсылық танытқан.

Орал облыстық УКГБ-сының бастығы Червяков казактарға ашық көмектесіп, олардың қарулы топ құрып жатқанына көз жұма қараған, сепаратизм қаупін жоққа шығарған. Мәскеуде, КПСС Орталық Комитетінде, казачествоны «қайта түлету» әрекетін «демократия», «тарих алдындағы әділдікті қалпына келтіру» деп бағалады. Бұл тікелей Қазақстанның азаттығы мен аумақтық тұтастығына төнген қатер еді.

Осы кезде облыстық кеңес төрағасы Нәжмеден Ысқалиевтің нартәуекелге барғаны жайлы «Оралдағы текетірес.

1991 жыл» атты кітабында жазылған. Ысқалиев КГБ басшысы Черняковтың казактарды қолдап отырғанын әшкерелеп, тәуекелге барды. Ол құпия жазбаларды Мәскеуге дейін жеткізіп, КСРО КГБ төрағасы Крючковқа тапсырды. Соның нәтижесінде Червяков қызметінен алынып, Оралға арнайы комиссия жіберілді.

Бұл оқиға елдің тұтастығын қорғаудағы күрес, сол кездегі билік ішіндегі тартыстар мен тәуелсіздіктің алғашқы сын сәттерінің бірі десек артық айтқандық емес.

«Оралдағы казактардың әрекеті мен оған облыстық КГБ бастығының араласуы туралы Ысқалиев бірден Назарбаевқа, кейін Мәскеудегі басшылыққа баяндаған. Соның нәтижесінде Оралға КГБ жұмысына тексеріс жүргізетін арнайы комиссия жіберілді», — деп жазылған кітапта.

1991 жылы Оралда казачестволық сепаратизмге байланысты өткір ұлтаралық әрі саяси қақтығыстар болды. 15 қыркүйекте қалада Орал казачествосының 400 жылдығына арналған ауқымды мерекелік шара өткізілгелі жатқан. Казак ұлтының белсенділері мен жетекшілері дәстүрлерін жаңғыртып, автономия құру жайлы мәселені көтере бастады. Бұл үдеріске қазақ халқының ұлтжанды азаматтары жаппай қарсылық танытып, шерулер ұйымдастырды. Қақтығыстар болып, казактар шегінді. Оралдағы текетірес — қазақ халқының аумақ тұтастығы мен тәуелсіздігі үшін болған күрес ретінде тарих беттерінде қалды. 


 
 
 
 
 
 
 
 
 

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар