Наурыздан бастап Қазақстанда қандай өзгерістер болады?

cover Суреттер ЖИ көмегімен жасалған

2026 жылдың наурыз айы Қазақстан үшін тек көктемнің басталуы ғана емес. 12 наурыздан бастап бірқатар заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Әсіресе әкімшілік жауапкершілік саласында бақылау күшейеді.  Orda.kz наурыздағы негізгі жаңалықтарды шолып шықты.

Камералар тек жүргізушілерді ғана емес, жаяу жүргіншілерді де тіркейді

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерге сәйкес, автоматты тіркеу механизмі кеңейеді. Бұған дейін камера арқылы негізінен жол ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салынатын.

Енді цифрлық жүйелер кез келген әкімшілік құқық бұзушылықты тіркей алады. Егер адамның жеке деректері мемлекеттік базалар арқылы расталса, дәстүрлі хаттамасыз-ақ қаулы шығарылады.

Автоматты түрде айыппұл салынуы мүмкін жағдайлар:

  • Қоқыс немесе темекі тұқылын тастау (2026 жылы — 43 250 теңге);
  • Тыйым салынған жерде темекі шегу;
  • Жолды белгіленбеген жерден кесіп өту;
Көктемнің алғашқы айы Қазақстанда демалыс күндерінің көптігімен ерекшеленеді. 2026 жыл да бұл жағынан өзгеше емес. Алдымен 7–9 наурыз аралығында Халықаралық әйелдер күніне байланысты үш күн демалыс болады. Одан кейін Наурыз мейрамына орай 21–25 наурыз аралығында тағы бес күн демалыс беріледі. Барлығы — 13 демалыс күні және 18 жұмыс күні.

Жеке кәсіпкерлер салық режимін таңдауы тиіс

2026 жылғы 1 наурызға дейін оңайлатылған декларация режимінде қалғысы келетін жеке кәсіпкерлер салық органына тиісті хабарлама тапсыруы қажет. Егер бұл талап орындалмаса, кәсіпкерлер автоматты түрде жалпыға бірдей салық режиміне ауыстырылады.

 

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін патентпен немесе арнайы мобильді қосымша арқылы жұмыс істеген кәсіпкерлер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар режиміне өте алады. Бұл формат жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей жұмыс істеуге мүмкіндік береді, ал режимді қолдану қосымшада алғашқы чекті қалыптастырған күннен басталады.

Жеке кәсіпкер ретінде есептен өз еркімен 1 қаңтардан бастап шығуға болады немесе 2026 жылғы 1 наурызда автоматты түрде есептен шығару рәсімін күтесіз.

Айыппұл көбейеді

Наурыз айынан бастап Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен барлық облыстардың әкімдіктері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2 және 505-баптары бойынша хаттама толтыра алады. Бұл — қоғамдық орындарды ластау және абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері.

Бұған дейін мұндай өкілеттік тек ішкі істер органдарына тиесілі болатын. Жаңа өкілеттік заңсыз қоқыс тастау, ағаштар мен бұталарды зақымдау, қалалық инфрақұрылымды бүлдіру сияқты құқық бұзушылықтарға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Екінші деңгейлі банктер тұрғын үй несиесін береді

2026 жылғы 19 наурыздан бастап екінші деңгейлі банктер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша депозит ашып, тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған несие береді. Тиісті түзетулерге президент 2026 жылғы 16 қаңтарда қол қойған.

Алайда 20% көлеміндегі мемлекеттік сыйақы жеке банктерде төленбейді. Бұл бонус тек Отбасы банктің салымшыларына беріледі.

Отбасы банк салымшыларына мемлекеттік сыйақы есептеледі

2026 жылғы 1 наурызда Отбасы банк салымшыларына мемлекеттік сыйақы есептеледі. Бұл туралы қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков хабарлады. Төлемдер республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Мемлекеттік сыйақы — бір жыл ішінде жинақталған қаржының 20%-ы. Бірақ шекті мөлшер бар — ең көбі 157 280 теңге.

Бұл қаражат 2025 жылы депозитін кемінде 200 АЕК-ке (786 400 теңге) толықтырған салымшыларға есептеледі. Егер жинақ аз болса — нақты салынған ақшаның 20%-ы төленеді, ал одан көп болса — артық бөлігі есепке алынбайды. Егер жыл бойы депозит толықтырылмаса, сыйақы берілмейді. Бірнеше депозиті бар азаматтарға сыйақы тек біреуіне ғана есептеледі. 

Оқушылар көктемгі демалысқа шығады

Наурыздың екінші жартысында оқушылар үшінші тоқсанды аяқтайды. Бұл тоқсан 10 аптаға созылады және оқу жылындағы ең ұзақ кезең саналады. Көктемгі демалыс 19–29 наурыз аралығында өтеді. Барлығы — 11 күн. Төртінші тоқсан 2026 жылғы 30 наурыздан 25 мамырға дейін, 8 аптаға созылады.

Самокаттар Алматы көшелеріне қайта оралады

1 наурыздан бастап жалға берілетін самокаттар қайтадан Алматы көшелерінде пайда болады. 2026 жылы әкімдік жалға беретін компанияларға жаңа талап қойды:

  • барлық самокат тіркелуі және сақтандырылуы тиіс;
  • әр құрылғыда бірегей нөмір болуы керек;
  • операторлар пайдаланушылардың 18 жасқа толғанын және жарамды жүргізуші куәлігі бар екенін тексеруге міндетті. 

Air Astana және FlyArystan компанияларында кадрлық өзгерістер

1 наурыздан бастап FlyArystan компаниясын Йохан Эйдхаген басқарады. Оның кандидатурасын Air Astana-ның қазіргі басшысы Питер Фостер мақұлдады.

Бұған дейін Эйдхаген Wizz Air компаниясында, соның ішінде Әбу-Дабиде басқарушы директор қызметін атқарған. Сондай-ақ 14 жылдан астам уақыт Nokia компаниясында басшылық қызметте жұмыс істеген. Ол Ричард Леджердің орнына келеді. Леджер Air Astana-да серіктестік және альянстар жөніндегі вице-президент қызметіне ауысады.

Сонымен қатар Питер Фостер 2026 жылғы наурыздың соңында Air Astana басшысы қызметінен кетіп, директорлар кеңесінің аға кеңесшісі болады. 29 наурыздан бастап Air Astana Алматы – Шанхай – Алматы бағыты бойынша тұрақты рейстерді орындай бастайды.

Наурыз айындағы басты оқиға: жаңа Конституция бойынша референдум

Барлық өзгерістер аясында азаматтардың назары 15 наурызда өтетін жаңа Конституция бойынша референдумға ауады. Қазақстандықтар өз пікірін білдіріп, ұсынылған түзетулерді қолдауға немесе қабылдамауға мүмкіндік алады.

Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға соңғы жылдардағы ел үшін ең маңызды шаралардың біріне айналады, өйткені ол мемлекеттік жүйе мен құқықтық реттеудің даму бағытын айқындайды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар