Наурыз мейрамы парсылардан келген бе?

cover Фото: ЖИ

Алдағы уақытта Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі келе жатыр. Барлық қазақ халқы бұл күнді ерекше құрметтейді. Алайда кей кезде Наурыз мейрамы қазақтарға Таяу шығыстағы парсылардан келген деп жатады. Осы тақырыптың анық-қанығын білу үшін Orda.kz тілшісі тарихшы, этнограф Ахмет Тоқтабайдан пікір алды.

Этнографтың сөзінше, мерекеге ешқандай да парсылардың қатысы жоқ. Ежелден бері бұл мейрамның негізі атау жай ғана «Ұлыстың ұлы күні» деп аталған.

«Парсылардың бұған түк қатысы жоқ. Негізі бұл мереке ежелден «Ұлыстың ұлы мейрамы» деп аталған. Ал «Наурыз» сөзі парсылардың атауы. Аудармасы – жаңа күн. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы бұл мерекенің барлық жиыннан артық және ол қазақтың төл мерекесі деген. Ал Міржақып Дулатұлы бұл мереке туралы қазақтың қанына біткен жалғыз мейрам деп кеткен», – деді этнограф Ахмет Тоқтабай.

Сондай-ақ, этнограф «Алаш» партиясының мүшелері көптеген 9 наурызда (ескі жыл санауымен) басылымдарға әр жыл сайын Наурыз мейрамында халыққа құттықтау мақалаларын жазып отырғанын айтты. Өз мақаласында халқын Наурызбен құттықтай отырып, тура айтпаса да, азаттық идеясын жасырған. Этнограф басқа елдерде «Наурыз» деп аталса, бізде жай ғана «Ұлыстың ұлы күні» деп нақтылай кетті.

«Тарихта қазақтар жоңғарлардан шегініп, Самарқанд, Бұхара жақтарға барды. Ол жақта «Наурыз» мейрамы, ал бізде «Ұлыстың ұлы күні» мейрам. Содан бірігіп «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» деп бірге аталып кеткен», – деді этнограф.

Этнограф Совет үкіметі кезіндегі мейрамға шектеу қойылғанын да тілге тиек етті. Оның сөзінше, 1920 жылдары төл мерекемізді тойлауға тыйым салынған.

«Совет үкіметі бұл мерекені діни мейрам деді. Бұнысы тым өтірік енді. Төл мерекеміздің дінге еш қатысы жоқ. Бұл табиғаттың мейрамы. Барлығымызға түсінікті әрине, бұл жерде ұлттық сананы өшіру саясаты болған. Негізі барлық мейрам ұлттық сананы қалыптастыратын мейрамдар «Тәуелсіздік күні», «Конституция күні» дейміз. Біздің негізгі діни мейрамдарымыз сол «Құрбан айт», «Ораза айт» мерекелері. Ал кейін 1988 жылы Алматы облысы Ұзынағаш ауданында алғаш дүркіретіп тұрып тойланды», – деді Ахмет Тоқтабай. 

Сондай-ақ этнограф зороастризм мен «Наурыз» мерекесінің де ара жігін түсіндіріп өтті. Ол төл мерекеміздің зороастризммен байланыстыру Наурызды діни мейрам деп түсініп жүрген совет үкіметінің идеологиясы екенін түсіндірді.

Оқи отырыңыз:







Жаңалықтар

барлық жаңалықтар