Әміржан Қосанов: менің «Нұр Отанға» кіруім – нонсенс!

cover

Әміржан Қосанов WhatsApp желісінде тараған жел сөзге қатысты пікір білдірді. Ол өзінің фейсбуктегі парақшасында онда тараған ақпараттың жалған екендігін айтты.

Менің «Нұротанға» кіріуім – нонсенс! Немесе есер сөзге елең еткен, елім-ай! Саясатта жүргеннен кейін бәріне дайын болу керек. Әсіресе, президенттік сайлауға түсіп, оппозициядағы «достарың» сатып кетіп, жалғыз өзің күресіп, бұл жүйеге сойқан соққы берсең, ресми түрде оппозиция өкілі бұрын ие бола алмаған 16,2 процент алып, екінші орын иеленсең, билік пен басқа да «бықсықтар» өзіңе қарсы ақпараттық соғыс жариялайтынын білуің керек.

«Мен ішпеген у бар ма?». Бәрін көріп келемін. Бірақ мен оны шыбын шаққандай көрмеймін. Өйткені арым таза! Оппозицияда жүріп, мен өз саяси жолымды, имиджім мен рейтингімді емес, халқымның амандығын, мемлекетіміздің тұтастығын ойлап жүрген қазақпын. Ол туралы талай жаздым да.

Бүгін азаннан біраз адамдар, оның ішінде қоғам қайраткерлерлері бар, хабарласып жатыр. Біреулер әлеуметтік желі, соның ішінде WhatsApp, арқылы «Әміржан Қосанов «Нұротан» партиясына өтіп, Қаскелең әкімі сайлауына қатысқалы жатыр» деген ақпарат таратып жатыр екен. Не айтайын енді? «Нұротанға» деген менің көзқарасымды елім ширек ғасырдан бері естіп келеді, біледі.

Қазақстандағы барлық кемшіліктерге осыншама жыл билік басында отырған осы партия жауапты. Сондықтан ол партияға менің кіруім - нонсенс! Өзіміз кезінде «Жаңа Қазақстан» атты ұлттық-демократиялық бағыттағы партия құрайық деп едік, оны билік тіркемеді. Ал жергілікті жерде әкімдер сайлауына келетін болсақ, сайлау комиссияларын тәуелсіз етпей, ешбір сайлау заңды болмайды. Ал мен туралы алып-қашпа әңгіме таратушыларға айтарым. «Жақсы жігіттің соңынан сөз ереді». Саяси оппозицияға 34 жасымда келген мен осы мақалды ешқашан да есімнен шығарған емеспін! Айта беріңдер! Жаза беріңдер!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар