Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады

cover Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.      

«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз»,— деді президент.  

Президенттің айтуынша осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алған. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады. 

«Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды» ,— деді Тоқаев.  

Мемлекет басшысы Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлайтынын жеткізді. 

«Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!» ,— деп тілегін білдірді Тоқаев.   

Сонымен қатар бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, түркі дүниесінің рухани әрі тарихи-мәдени ескерткіштерінің бірі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етті.

19 наурызда Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен келіп, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми әлеуетімен және 23 млн долларлық суперкомпьютер кластерімен танысты танысты. 

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар