Мемлекет басшысы еліміздің православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады

cover Фото: Ақорда

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздегі православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Orda.kz.      

Мемлекет басшысы бұл күннің мейірімділік, жанашырлық және өзара көмек сияқты құндылықтарды нығайтатынын айтты. Оның сөзінше, православие қоғамның дамуына елеулі үлес қосып, бейбітшілік, әділдік және төзімділік қағидаттарын нығайтады.

Президент сондай-ақ ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің маңызын атап өтіп, дәл осы негіздер елдің сенімді дамуына және кез келген сын-қатерді еңсеруіне көмектесетінін жеткізді.

«Құрметті еліміздің православ қауымы!

Сіздерді Пасха мерекесімен құттықтаймын!

Христиан жылнамасында ерекше орын алатын бұл мереке үміт пен сүйіспеншіліктің, рухани жаңарудың символы саналады. Пасха мейрамында және оған дайындық кезеңінде жанашырлық, мейірімділік, тату көршілік, өзара көмек қасиеттері ел ішінде кеңінен дәріптеледі. 

Православ қауымы қоғамда әділдік, бейбітшілік, келісім, төзімділік және сенім қағидаттарын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Пасха дәстүрі отбасындағы ынтымақты сақтауға және адамгершілік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, үлкенге құрмет көрсетіп, жақыныңа жанашыр болуға баулиды.  

Ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің сақталуы, дәстүрлі құндылықтар мен жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылыстың үйлесім табуы еліміздің өсіп-өркендеуіне арқау болып отыр.

Халқымыз бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білім мен инновация, қоршаған ортаға қамқорлық пен тазалық қағидаттары берік орныққан озық елде өмір сүріп, еңбек етуге ұмтылады. Республикалық референдумда қабылданған Халық Конституциясы – соның айқын дәлелі.

Біз қастерлі Отанымыздың болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікті терең сезіне білсек, кез келген сын-қатерді еңсеріп, биік мақсаттарымызға жететінімізге кәміл сенемін.

Осы жарқын мереке әрбір шаңыраққа шаттық пен бақ-береке сыйласын!

Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және толағай табыс тілеймін!» деп жазылған құттықтауда.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар