Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізіп, сынға қалды

cover Фото: АҚШ баспасөз агенттігі

АҚШ президенті Дональд Трамптың жұбайы Мелания Трамп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысын өткізіп, сынға қалды, деп хабарлайды Orda.kz.

АҚШ-тың бірінші ханымы Қауіпсіздік кеңесінің әскери қақтығыстар кезіндегі балалардың жағдайына арналған отырысына төрағалық етті. Іс-шара 2 наурыз күні Нью-Йоркте, АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы аясында өтті.

Еске салсақ, 3-наурызда Минаб қаласындағы қырғынның құрбаны болған 165 оқушы мен мұғалімнің денесі жер қойнына тапсырылып, қоштасу рәсімі болды. 

1-наурызда Иранның білім министрлігіне сілтеме жасаған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Ирандағы қыздар мектебінде қаза тапқандар саны 148 адамға жетті,  тағы 107 адам жарақат алғаны жарыса жазылды. 

Күйеуі соғыс ашып, Иранның бейбіт тұрғындары мен жазықсыз балалар қырылып жатқанда, АҚШ-тың бірінші ханымы үлкен мінберден балаларды қорғау туралы «ұлағатты сөз» сөйлегенін біз түгілі Американың өзі түсінбей қалды. 

Deutsche Welle хабарлауынша, Мелания қазіргі кезеңді әлемдегі жалпы ахуалды «қиын уақыт» деп атады. Ол Таяу Шығыстағы қақтығысқа тікелей тоқталған жоқ.

«АҚШ бүкіл әлемдегі барлық балаларды қолдайды. Жақын арада сендерге бейбіт өмір сыйланады деп үміттенемін», – деді бірінші ханым. 

БҰҰ жанындағы Иран өкілі Amir Saeid Iravani АҚШ пен Израиль Иран аумағына зымыран соққыларын жасап жатқан уақытта, балалар қауіпсіздігі тақырыбындағы отырыстың АҚШ төрағалығымен өтуін «өте ұят әрі ең жоғары деңгейде сынға лайық» деп бағалады.

Мелания Трамптың төрағалығымен өткен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы ұйым тарихындағы алғашқы осындай жағдай болды. Бұған дейін бұл рөлде мемлекет басшылары, премьер-министрлер, сыртқы істер министрлері немесе елдердің тұрақты өкілдері ғана болған.

Талқылаудың басты тақырыбы қарулы қақтығыстар жағдайында балалардың қауіпсіздігін және білім алудың қолжетімділігін қамтамасыз ету проблемасы болды.

Қауіпсіздік Кеңесі құрамына Ресей, Ұлыбритания, Қытай, АҚШ және Францияны қоса алғанда, бес тұрақты қатысушы кіреді. Сондай-ақ құрылымда ротация тәртібімен жыл сайын ауысатын он тұрақты емес мүше бар.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар