Майдандағы жұмбақ риторика: АҚШ пен Иран текетіресі қай бағытқа кетіп барады?
Сурет ЖИ көмегімен жасалған
АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс жаңа кезеңге өтті. Вашингтон бір мезетте екі бағытта әрекет етіп жатыр: бір жағынан — әскери қысымды күшейтіп, ықтимал операцияға дайындалып отыр, екінші жағынан — мұнай нарығы арқылы Иран экономикасына соққы жасауға тырысып жатыр. Бұл әрекеттердің бәрі келіссөзге емес, нәтижеге жұмыс істеп тұрғандай әсер қалдырады. Orda.kz жағдайға шолу жасады.
Кейінгі шешімдердің бірі — АҚШ Қаржы министрлігінің Иран мұнайына қатысты уақытша лицензия беруі. Құжатқа сәйкес, 20 наурызға дейін танкерлерге тиелген ирандық мұнай мен мұнай өнімдерін 19 сәуірге дейін экспорттауға рұқсат етілген. Бұл шешім сырт көзге санкцияны жеңілдеткендей көрінгенімен, оның астарында басқа есеп жатыр.
АҚШ нарыққа шамамен 140 миллион баррель Иран мұнайын шығаруды көздеп отыр. Бұл — әлемдік нарықтағы ұсынысты көбейтіп, бағаны түсіруге бағытталған қадам. Нәтижесінде Иран мұнайын сатса да, бұрынғыдай табыс таба алмайды. Вашингтон осылайша Иранның өз ресурсын өзіне қарсы құрал ретінде пайдаланбақ.
Осы экономикалық қысыммен қатар АҚШ басшылығының риторикасы да қатайып отыр. Дональд Трамп Иранмен бітім жасау жоспары жоқ екенін ашық айтты. Оның сөзінше, қарсы тарап толық әлсіреп жатқан кезде атысты тоқтату қисынсыз. Сонымен бірге ол АҚШ өз мақсаттарына жақындап қалғанын айтып, ірі әскери әрекеттерді қысқарту мүмкін екенін де жоққа шығармады. Алайда бұл мәлімдеме келіссөзге дайындықты емес, керісінше қысымды жалғастыру ниетін аңғартады.
Трамптың Ормуз бұғазы туралы айтқаны да назар аудартты. Ол АҚШ бұл стратегиялық маңызды аймақты күзетумен айналыспайтынын, қауіпсіздікті оны пайдаланатын елдер өздері қамтамасыз етуі тиіс екенін мәлімдеді. Бұл — Вашингтонның аймақтағы дәстүрлі рөлін қайта қарауға дайын екенін көрсететін белгі.
Сонымен қатар Пентагон ықтимал құрлықтағы операцияға дайындықты бастап кеткен. Америкалық БАҚ мәліметінше, әскери ведомство әскер енгізу сценарийлерін талқылап, ирандық әскери қызметкерлерді ұстау және оларды қайда орналастыру мәселесін де қарастырған. Бұл әзірге нақты шешім қабылданды дегенді білдірмейді, бірақ мұндай жоспарлардың жасалуының өзі жағдайдың қаншалықты ушығып тұрғанын көрсетеді.
АҚШ өңірге қосымша күш те жіберіп жатыр. 82-әуе-десант дивизиясының бөлімдері, әскери кемелер және шамамен 2200 теңіз жаяу әскері Таяу Шығысқа бағытталған. Бұдан бөлек, Вашингтон Иранның ядролық материалдарын бақылауға алу немесе оларды шығару мүмкіндігін де қарастырып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл техникалық тұрғыдан мүмкін болғанымен, аса күрделі операция болмақ.
Иран да бұл қысымға жауапсыз қалып отырған жоқ. Соңғы мәліметтерге қарағанда, Тегеран алғаш рет орта қашықтықтағы баллистикалық зымырандарды қолданып, АҚШ пен Ұлыбритания пайдаланатын Диего-Гарсия базасына соққы жасауға тырысқан. Зымырандар нысанаға жетпегенімен, бұл әрекет Иранның әскери мүмкіндіктерін көрсетуге бағытталған. Әсіресе, зымыран ұшу қашықтығының шамамен 4000 шақырымға жетуі — бұрынғы мәлімдемелерден әлдеқайда жоғары көрсеткіш.
Сонымен бірге Иран тарабынан Қызыл теңіз бен маңызды теңіз дәліздерінде жағдайды ушықтыруы мүмкін деген ескертулер де айтылып жатыр. Бұл жағдайда қақтығыс тек екі елдің шеңберінен шығып, халықаралық сауда жолдарына әсер етуі ықтимал.
Қазіргі жағдайдан байқалатыны — бұл тек әскери текетірес емес. АҚШ Иранға қарсы қысымды экономикалық және әскери құралдарды қатар қолдана отырып жүргізіп отыр. Мұнай нарығы да, әскери күш те бір мақсатқа — Тегеранды әлсіретуге бағытталған.
Бірақ басты сұрақ әлі ашық: бұл қысым толыққанды соғысқа ұласа ма, әлде Вашингтон осы тәсілдер арқылы өз мақсатына соғыссыз жетуге тырыса ма? Әзірге анық бір нәрсе бар — жағдай шиеленісудің шегіне жақындап тұр.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Майдандағы жұмбақ риторика: АҚШ пен Иран текетіресі қай бағытқа кетіп барады?
- Мұнай дағдарысы: жаһан мұнай қыспағына ұшырамаудың жолын қарастырып жатыр
- Қызға аяқ көтерген актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамалды
- Иран Ормуз бұғазы арқылы танкерлерді ақылы өткізе бастады
- Жетісу облысында қытайлықтардың иелігіндегі цемент зауытына 264 млн теңге айыппұл салынды
- Астана – Алматы күре жолында бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға түсті
- Тоқаев қасиетті Түркістан жеріне барған сапарында не айтты?
- Атыраудағы қайын жұртын қырып тастаған күдіктіге ұрлық пен алаяқтық айыптары қосылды
- Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша жаңа рекорд орнатты
- Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті
- Астанада Наурыз мейрамы қалай тойланады?
- Алматыда жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тапты
- Иранға жасалған шабуыл кезінде жаңа туған нәресте мен алты бала қыршын кетті
- Қамшыбек Тәшиев қырғыз халқынан кешірім сұрады
- Мұнай бағасының өсуіне байланысты елімізде жалақы көтерілуі мүмкін
- Қош келдің, әз-Наурыз! Алматыдағы мерекелік шаралар
- Ораза айттың қазақ дәстүріндегі орны мен мәні
- Аңыз-актер Чак Норрис 86 жасында өмірден өтті
- «Жауыз емеспін». Актер Асқар Жұмабек даулы оқиға туралы өз нұсқасын айтты