Қылмыс әлемінің серкесі Серік Голова қайтыс болды

cover Коллаж Orda.kz

Петропавл қаласындағы ҚАЖД басқармасының №66 мекемесінде жазасын өтеп жатқан қылмыс әлемінің серкесі, Серік Голова деген лақап атымен танымал Серік Жаманаев ауруханада жан тапсырды, деп хабарлайды Orda.kz.

2024 жылдың наурыз айында Жаманаевтың туыстары оның ауыр жағдайына дәрігерлердің немқұрайлы қарағанын айтып, шағымданған болатын. Оның 16 жастағы қызы Жанель Ахмулаева бас прокурор Берік Асыловтан бауыр обырына шалдыққан әкесін емдеуге көмектесуді сұрап жүгінген еді.

60 жастағы сотталған азамат денсаулығының күрт нашарлағанына қарамастан, колония әкімшілігі өзін жұмысқа мәжбүрлегенін айтып шағымданған.

«Үшінші сатыдағы онкологиялық дертім бар, жүре алмаймын, бірақ мені еден жууға мәжбүрлеп жатыр. Бұл әрекеттерін Қылмыстық-атқару кодексінің 21-бабына сүйеніп ақтайды. Камерама ешкімді кіргізбейді. Аптасына бір рет медбике келіп, асқазанға арналған дәрі беріп кетеді. Мені ұмытты, жалғыз қалдырды. Тіпті: «Сені өлген соң тойлаймыз» деген сөздер айтылды. Дәрігерлер есеп үшін ғана келеді. Ем тағайындайды, бірақ оны ешкім орындамайды. Керісінше, маған зиян келтіретін дәрілер береді – кетонал, спазмалгон, но-шпа. Кетонал қан кетуін туғызады», – деген еді Жаманаев.

Оның айтуынша, бір күнде оған үш рет жедел жәрдем шақырылған. Келген дәрігерлер ауруханаға жатқызу қажет деп шешкенімен, түрме әкімшілігі бұған рұқсат бермеген.

«Менен ақша бопсалап жатыр. Сонымен қатар арнайы бөлім мен мекеме әкімшілігіне жазған арыздарымнан бас тартуға қысым көрсетуде», – деген болатын сотталған ер адам.

СҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Жаманаевтың өлімін растады.

«Сотталған С. Жаманаев өткен жылдың желтоқсан айында түзеу мекемесіне этаппен жеткізілді. Келгеннен кейін бірден толық медициналық тексеруден өтті. Диагноз — бауыр обыры, үшінші саты.  8 сәуірде ол көпсалалы онкологиялық ауруханаға жатқызылды. Қабылданған шараларға қарамастан, 25 сәуірде ол қайтыс болды», деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

Серік Жаманаев — 1965 жылы 21 қаңтарда Алматы облысы Жамбыл ауданы Фабричный ауылында (қазіргі Карғалы) дүниеге келген. Алғашқы жазасын 1982 жылы ұрлық жасағаны үшін алған. Үш жыл түрмеде отырған соң бостандыққа шығып, қарулы шабуыл жасап, ауыр дене жарақатын салған. Осы қылмысы үшін 1986 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

Ол кез келген жағдайдан шығу жолын тез таба білетін қабілетінің арқасында «Голова» деген лақап атқа ие болған.

1996 жылы 26 мамырда Сочиде ТМД елдеріндегі 40 қылмыскердің ішінен оған қылмыс әлемінің серкесі деп айдар тағылған еді. 

Бұған дейін Жаманаевтың жұбайы Кәмила редакциямызға хабарласып түрме дәрігерлері мен әкімшілігіне шағымданған еді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар