Қуандық Бишімбаевты тағы бір сот күтіп тұр

cover Фото: бейнежазбадан скриншот

24 жылға бас бостандығынан айырылған бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевты тағы бір сот талқылауы күтіп тұр. Бұл туралы Orda.kz Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжановқа сілтей отырып хабарлайды.

Ғазымжановтың айтуынша, алдағы сот талқылауы алименттік келісімнің өзгеруіне қатысты.

«Бұл келісім Қуандық бостандықта, бизнеспен айналысып, табыс көзі болған кезде жасалған. Әрине, ол кезде балаларға арналған алименттің жоғары мөлшері көрсетілген. Қазір жағдай өзгерді - ол жұмыс істемейді және бұл алименттерді оның ата-анасына төлеуге тура келді. Сондай-ақ, Қуандықтан қандай да бір жинақтарынан қаржат алынады», - деді ол. 

Бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың  экс-әйелі Назым Қаһарман балаларының алимент алмайтынын мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, Бишімбаев колонияда жұмысқа орналаспаған, себебі «онда бос жұмыс орындары аз». Ғазымжанов алименттік келісімнің шарттарын құпия деп, таратып айтпады.

Сондай-ақ, адвокаттың айтуынша, қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдімен тағы бір сот талқылауы болуы мүмкін.

«Тағы бір сот талқылауы болады. Салтанат Нүкенованың ағасы моральдық шығын мөлшерін ұлғайтуды талап етіп, Жоғарғы сотқа конституциялық шағым берген. Шағым Жоғарғы сотта тіркелген, бірақ оның Конституциялық сотқа берілетіні әзірге белгісіз. Жалпы ол 1,5 миллиард теңге сұрады. Бірінші сатыдағы сот 10 миллион өндіріп алды. Бұл ақша төленді. Бірақ ол тағы 1,5 миллиард теңге талап етіп отыр. Апелляция шешімін өзгеріссіз қалдырды», - деп толықтырды Ерлан Ғазымжанов.

Бұған дейін біз сот Қуандық Бишімбаевтан материалдық және моральдық залал өндіріп алғаны туралы жазғанбыз. 24 жылға бас бостандығынан айыруға сотталған экс-ұлттық экономика министрі қылмыстық іс бойынша 6 877 672 теңге және моральдық шығын өтемақысын 10 миллион теңге көлемінде төледі.

Қуандық Бишімбаев түрмеде жұмыссыз отыр.  Алайда қаза тапқан Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді соттан Қуандық Бишімбаевтан моральдық зиян үшін 1,5 миллиард теңге және мүліктік зиян үшін 8,8 миллион теңге өндіріп алуды сұрады.

 Қазір Ұлттық экономиканың экс-министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өз туыстары Қайрат пен Бекзат Кемеловтарды сотқа берді. Экс-шенеуніктің анасы Бекзатты миллион долларға жуық  алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптайды.

 Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың 13 мамырында Астанада Салтанат Нүкенованың қазасы бойынша іс аяқталды.

 Ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевты сот әйелін азаптап, өлтіргені үшін кінәлі деп тапты. Ол 24 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Кейінірек сотталғанның Степногорск қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 5  мекемесінде жазасын өтеп жатқаны белгілі болды.

2024 жылдың қараша айында Астанада Ұлттық экономика министрлігінің бұрынғы басшысы Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша апелляциялық іс қаралды. Артынша Қазнетте азаматтық некедегі әйелін өлтіргені үшін 24 жылға сотталған Қуандық Бишімбаев жазасын белгіленген орында өтемей, тіпті қашып кетуі мүмкін деген ақпарат таралды.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар