Коронавирустан өлім көрсеткішінің өсуі тіркелді

cover

Жеті апта ішінде әлемде коронавирустық инфекцияның жаңа жағдайлары өсуде. Covid - 19-дан өлім көрсеткіші бір айдан бері артып келеді. Бұл туралы брифингте ДДСҰ бас директоры Тедрос Адханом Гебрейюс мәлімдеді.

— Қаңтар мен ақпан айларында әлемде алты апта қатарынан өлім жағдайының төмендеуі байқалды. Соңғы жеті апта бойы керісінше күрт көбейді. Соңғы төрт аптада өлім жағдайы өсе түсті. Әлем бойынша вакцинаның 780 миллионнан астам дозасы қабылданғанына қарамастан, Азия мен Таяу Шығыстың бірнеше елінде аурудың айтарлықтай өсуі байқалды.

Ол вакцинация маңызды, әрі күшті құрал екенін еске сала отырып, ол аурудан қорғанудың жалғыз жолы емес екенін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, бетперде тағу мен қолды жууды ұмытпау керек екенін атап өтті.

—  ДДСҰ шектеулерді құптамайды. Біз де қоғам мен экономиканың қайта жанданып, саяхат пен сауданың қайта ашылғанын қалаймыз. Бірақ дәл қазір көптеген елдерде жансақтау бөлімдері науқастарға толып, адамдар өлімі жиі тіркеліп жатыр. Кейбір елдерде вирустың таралуына қарамастан, мейрамханалар, түнгі клубтар мен базарлар ашық. Сақтық шараларын қатаң сақтайтын адамдар аз, – деді Тедрос Адханом Гебрейюс.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, пандемия басталғаннан бері әлемде Covid-19 расталған 135 646 617 жағдайы тіркеліп, 2 930 732 адам қайтыс болды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар