«Коммунистер» мен «Ақ жол» Назарбаев пен Тоқаевтың ұсынысын қолдамады

cover А.Мамин

Қазақстанның қазіргі премьер-министрі Асқар Мамин жаңадан жасақталатын үкіметті де басқарады. Бүгін, 15 қаңтарда өткен жаңа мәжілістің алғашқы отырысында депутаттардың басым бөлігі экс - президент Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Маминнің кандидатурасын қолдады.

Дауыс беруге қатысқан 99 депутаттың 78-і Маминді қолдап дауыс берді, ал 21-і қалыс қалды.

Мәжілістегі үш партияның бірі - «Қазақстан халық партиясының» (жақында ғана партия атынан коммунистік деген сөзді алып тастаған) төрағасы Айқын Қоңыров дауыс беру басталар алдында Маминнің жұмысын сынап, «ҚХП оның кандидатурасын қолдамайды» деп мәлімдеді. Қоңыров сыни мәлімдемесін оқып жатқанда, YouTube желісінде жүріп жатқан мәжіліс отырысының тікелей трансляциясы тоқтап қалды. Бірақ оның не себепті үзілгені белгісіз.

Бұдан бөлек, мәжілістегі 12 мандатқа ие «Ақ жол» партиясы да Маминнің кадидатурасына дауыс беруден қалыс қалды.

Қазақстанды 30 жылға жуық үздіксіз билеп, 2019 жылы президенттіктен кетсе де, түрлі лауазымдары арқылы елдегі билікке ықпалын жүргізіп отырған Нұрсұлтан Назарбаев кеше өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясының фракциясына премьер-министр қызметіне Маминді қайта тағайындауды ұсынған. Ал бүгін қазіргі президент Тоқаев та премьер-министр лауазымына Маминнің кандидатурасын ұсынды.

55 жастағы Асқар Мамин премьер-министр болып 2019 жылдың ақпанында Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен тағайындалған. Ол бір айдан кейін президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаев келгенде де үкімет басшысы болып қала берді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар