«Қолына темекі басып, аузына арақ құйды»: Алтауы азаптап өлтірсе, неге біреуі ғана қылмысты мойнына алады ?
          
          
            Коллаж: Orda.kz
          
          
        Түркістан облысы Мақтаарал ауданында 30 жастағы Азиз Құралбаевты алты жігіт «неге біздің ауылдың қызына келесің?» деген желеумен ауыл шетіне апарып, аяусыз азаптап өлтірді. Олар марқұмды өлімші етіп ұрып-соғып, денесіне темекі басып, аузына арақ құйған. Құралбаев үш ай бойы жансақтау бөлімінде есін жимай көз жұмды. Бірақ сотта істің бағыты күрт өзгеріп, әуелі күдікті болған алтаудың екеуі куәгерге айналып шыға келген. Марқұмның туысы мен қорғаушысы азапты өлімнің артында тұрған сұмдықтарды Orda.kz тілшісіне айтып берді.
Оқиға Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 2024 жылы 11 қарашасында болды. Мақтааралдың Қоңырат ауылының 30 жастағы тұрғыны Азиз Құралбаев көрші ауыл Атакент кентінде тұратын өзінің кездесіп жүрген қызына көлікпен барып, қайтып келе жатқанда басталыпты. Ең бірінші рет сол ауылдың бірнеше жігіті Құралбаевты тоқтатып көліктен шығуын сұрап, «бұл ауылдың қыздарына не үшін келесің», деген сыңайда әңгіме айтып тиісе бастайды. Ол кезде марқұм көліктен шықса жағдайдың ушығып кететінін түсініп, сол арадан көлігін айдап кетіп қалады. Арада біраз уақыт өткен соң, сол ауылға қызын шығарып салып қайтып келе жатқанда әлгі жігіттерге тағы да жолығады.
Бұл жолы да Азиз Құралбаев қашып кеткенімен, бәле іздеген жігіттер марқұмды артынан ауылына дейін қуып жетіп, көліктен қинап, сүйреп алып шығып өздерінің автокөлігіне отырғызып ауылдың шетіне, яғни, айдалаға алып кетеді.
Не себепті Құралбаев Азиз белгісіз жігіттердің құрбаны болды?
Осы істі қолға алған Шымкенттік адвокат Нұртуған Өмірзақ пен марқұмның жеңгесі Мөлдір Үсенбаеваның айтуынша, Азиз Құралбаевты азаптап өлтірген алты жігітпен марқұмның ешқандай таныстығы жоқ. Олардың барлығы шамамен 2000-2005 жылы туған жігіттер екен. Ал енді бұлардың Құралбаевқа өшігіп алуының себебін естіген адам: «нағыз абсурд» дер еді. Себебі 30 жастағы марқұм жігіт сол ауылда өзінің үйленем деп кездесіп жүрген қызына келіп жүрген. Ал әлгілер «біздің ауылдың қыздарына көрші ауылдың жігіттер келмеуі керек» деген миға қонымсыз сылтаумен бір үйдің үміт күтіп отырған кенжесінің өмірін қиған.
«Өздерінің көлігіне салып, алып ауылдың аяқ баспас жеріне алып кеткен. Әуелі төрт жігіт болып, артынан тағы екі жігітті шақырып алады. Содан қайнымды олар итше сабайды. Қайнымды аяусыз ұрғандары соншалық, ана аяуандықты ауызбен айтып жеткізу қиын. Басының жартысы мүжіліп кеткен, не таспен ұрған, не басына секірген. Үсті-басына темекі басып тастаған, көгала қойдай қылып ұрған, бір сау жері жоқ. Осының барлығын алты адам бір жігітке жабылып істеген. Одан қала берсін, ауруханадан сол күнгі киімдерін алғанымызда, киімдерінен спирттің иісі мүңкіп тұрды. Артынша анықталғандай соққылардан есінен таңып қалған соң әлгілер аузына арақ құйған екен. Қысқаша айтқанда, баланың бет-аузынан дым қалмаған. Сонымен қатар, олар оны әбден мазақ қылып, ұрып-соққан сәттерін телефонға түсіріп алған», – деді жеңгесі Мөлдір Үсенбаева.
Енді бұлардың сынықтан сылтау іздеп: «біздің ауылдың қыздарына көрші ауылдың жігіттер келмеуі керек» деп жас жігітті өлімші қылып сабағанын қайдан білді десеңіздер, жағдай ары қарай мүлде басқаша өрбіген екен.
Алты жігіт Құралбаевты өлімші қылып сабаған соң есінен танып жатқанын көріп, оны айдалаға тастап кетпекші болады.
Алайда, арасында біреуі: «ертең мынау өліп қалса, басымызға бәле болар» деп өзара ақылдасып, арасында екі жігіт: «жол-жөнекей тауып алдық» деп Құралбаевты ауруханға әкеліп кетіп қалады. Артынша ол екі жігітті полиция ұстап алады. Олар қорыққандарынан полицияға оқиғаны түгел жайып салады.
Марқұмның туыстарының айтуынша: «біздің ауылдың қыздарына неге келесің» деген жігіттерді Құралбаев Азизбен кездесіп жүрген қыз танымайтын болып шыққан. Ол сотта да айтылыпты.
Сонымен қатар, Азиз Құралбев өлерінің алдында түсірілген, яғни әлгі жігіттер бірінші рет тиіскен кездегі жазбасы бар. Құралбаев WhatsApp арқылы досымен сөйлескен ауызша жазбасында қай ауылда болғанын, өзі танымайтын жігіттердің себепсізден себепсіз тисіп, көліктен түсуін сұрап, әңгімеге тартпақшы болғанын, барлығын айтып кеткен екен.
«Атакентте сөйлесіп жүрген қызға барған едім. Қайтып келе жатқанда Priora көлігімен бір жігіттер тоқтатып: «не істеп жүрсің бұл ауылда? Көліктен шық» деп дікеңдеді. «Шықсам бір нәрсе бола ма» деп тоқтамай басып кетіп қалдым. Қара Priora-мен келген жігітің бірі маған қыздарға келетін бұл ауыл саябақ емес деп бір нәрселерді айтты, тыңдамадым. Жас балалар ғой, шамамен 2000 жылғы майда жігіттер. Олар үшеу болған соң жабылып кете ме деп кетіп қалдым» деген марқұмның жазбасы бар әрі бұл айғақ ретінде сотқа ұсынылған.
«Қайным сол күні ауруханаға бірден жансақтау бөліміне түсті. 3 ай ес-түссіз жатып, әбден азып-тозып, есін жимаған күйі өмірден өтіп кетті. Менің түсінбейтінім, біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? Неге менің ешқашан ішіп-шекпеген, жан баласына зияны тимеген, тұрақты жұмысы бар, үйленем деп кездесіп жүрген қызына көрші ауылға барған қайным осындай себепсізден себепсіз жауыздардың қолынан қаза тапты? Сонда көрші ауылдағы қызға бару қашаннан бері қылмыс еді? Көрші-қолаң, таныстардың барлығы Азизді тек жақсы жағынан біледі. Барлығына көмектесіп жүретін жігіт еді. Жан баласына зияны тимеген қайнымның осындай ит өліммен өліп кеткені барлығымыздың жанымызға батып отыр. Енді, міне, барлық дәлел мен дәйек қолымызда болып, оны судьяға ұсынып отырсақ та, әлгі жауыздардың жазасы жеңілдеп барады», – деді Мөлдір Үсенбаева.
Алты күдіктінің біреуі ғана қылмысты арқалап, қалғаны сытылып кете ме?
Ал енді бұл істің қалай өрбіп жатқанына тоқталайық, адвокат Нұртуған Өмірзақтың айтуынша, істі қолға алғанда бірнеше заң бұзушылықтар болған, әуелі қозғалған баптар қазір басқа бапқа ауысып кеткен. Жалпы сотта күдіктілердің әрекетін барынша жеңілдетіп көрсетуге тырысып жатыр екен. Оған қоса, әу баста ешкімге керек емес қылмысты бастаған, яғни басқа жігіттерді шақырып, Құралбаев Азиздің соңына түсіп, сынықтан сылтау іздеген жігіт үш ай бойы полициядан қашып жүрген.
«Ең қызығы жасырын тергеу әрекетінде Құралбаевты болмашы бір себепке бола ұрғандарын толық мойындаған. Алдын ала кім нені істеді, кім тепті, кім темекі басқанын мойнына алатынын келіскен сәттері, барлығы бейнежазбаға жазылған және ол сот процесі кезінде судьяға ұсынылды. Ал сотта осы істі тергеген тергеушіні шақырып жауап алғанда ол бейнежазбадағы айтылғандар ештеңе шешпейтінін екінші тергеуде олар айтылғандарды мойындамағанын айтты. Сонымен қатар, тағы бір заңбұзушылық бар, тергеу барысында күдіктілерден алынған жауап 24 сағаттың ішінде базаға бірден салынуы керек. Ал тергеуші оны бір емес, екі емес, алты айдан кейін салды. Сотта тергеуші бұл әрекетін базаның сол сәтте істемей қалғандығы деп қысқаша қайырған. Жарайды, база бір күн, екі күн, ары кетсе бес күн істемес, бірақ жарты жыл не үшін күтуі керек еді? Есі дұрыс, заңды білетін адамға бұл әрекет те күмән туғызады», – деді Өмірзақ.
Осы орайда заңды бір сұрақ туады. Жасырын тергеу әркетінде күдіктілердің әрекеттерін, яғни, қылмыстарын мойындаған жауабы неге сотта еленбей отыр. Неге тергеуші оған тоқталмай, одан кейінгі жауаптарын алға тартып отыр? Жасырын тергеу әркетінің заңды күші жоқ болса, ендеше оны жүргізудің қандай қажетті бар еді?
Әуелі алты күдіктінің барлығы құрықталғанымен тергеу барысында екі күдіктінің мәртебесі куәгер статусына ауысып кетті. Марқұмның жеңгесі Мөлдір Үсенбаеваның айтуынша, куәгер болып кеткен екі жігіттің туыстары ақшалы әрі құқық қорғау органдарында таныстары болғандықтан ұрғанын мойындап тұрса да, куәгерге айналып кетіп отыр.
«Әуелі іс алты күдіктіге де 293-баптың 2-тармағы, яғни, «топтасып жасалған бұзақылықпен» қозғалды. Себебі Құралбаев ол кезде жансақтау бөлімінде болса да тірі еді. Ал денсаулыққа зиян келтіру бойынша 108-баппен қозғалады, яғни «денсаулыққа жеңіл зиян келтіру». Ал Құралбаев Азиз қайтыс болған соң, іс 106-ға яғни, «денсаулыққа қасақана адам өліміне әкелген ауыр зиян келтіру» бабымен екі күдіктіге іс қозғалады да, ал қалған екі күдіктіге 293-бап жай «бұзақылық» бабы қалдырылады. Ал қалған екеуі куәгер болып шыға келді», – деді адвокат.
Сондай-ақ, Өмірзақтың айтуынша, күдіктілерге сотта жеңілдетілген себеп ретінде олардың әу баста өлтіру ниетінің болмағаны мен марқұмды ауруханаға жеткізгендігі деп айтылыпты. Ал негізінен бұл оқиғада іс «денсаулыққа ауыр зиян келтіруді топтасып жасау» бабы бірдей алтауына да берілуі керек еді.
Айта кетейік, оқиға Мақтааралда болғанымен іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр, судья Мұхтар Жолдасбеков. Қазіргі уақытта соттың негізгі бөлігі мен жарыссөз өтті. Енді үкім шығуы керек. Енді марқұмның қорғаушысы мен туыстары алтауы жабылып өлтірген істің ақыр соңында «кісі өлтірді» деп тек біреуі ғана сотталып, үшеуі бұзақылықпен кетеді де, ал екеуі тек куә болып, істеген қылмыстарына ешқайсысы толығымен заңды жазасын алмай кете ме деп күдіктенеді.
Осыған қатысты Orda.kz Түркістан облыстық сотына ресми сауал жолдады. Олар жарыссөз өтіп қойса да, әлі де жарыссөз болатынын жеткізді.
«Тараптар жарыссөзге дайындалу үшін уақыт сұрады. Күні әлі тағайындалған жоқ. Үкім шығару қаралу сатысында, процесс ашық болады. Соңғы жарыссөздер 11.09.2025-де өткен», деп қысқаша қайырды Түркістан облыстық соты.
Жалпы Orda.kz-те Түркістан облысына қатысты бірнеше қылмыстық оқиғалар жарияланды. Барлығынан бір байқалған әрекет, іс қозғалады, оқиға тіркеледі, жәбірленуші тарап адвокатпен бірге барлық дәлел мен дәйекті әкеледі. Алайда істі тергеп, сот алдына барғанымен күдіктілерге жазасын барынша жеңілдететін айып тағылады. Оған дәлел — Түркістан облысының Мақтаарал ауданында 17 жастағы қыз 8 ай бойы жыныстық құлдықта болып, істің қазіргі таңда жеңіл баппен қаралғандығы.
Сонымен қатар, ер адам мен әкесін өлімше қылып сабаған бір топ адамның үстінен емес оңбай зардап шеушілерге қарсы іс қозғалғаны тағы бар. Әрі бұл істе тергеушілердің өзі «егер келісімге келмесең, бірінші сені қамаймыз» деп қоқан-лоқы көрсеткені тағы бар.
Оrda.kz құзырлы органдардың әрекеттері мен соттың шешімдерін қадағалап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Қарағандыда «қайырымдылық» атын жамылған қаржы пирамидасы әшкереленді
 - Ақтөбеде 17 жасар қызды жылдар бойы зорлап, екі мәрте түсік жасатып, спираль салдыртқан
 - Маңғыстау облысында итбалықтар қырылды
 - Жетісуда әскери жүк көлігі апатқа ұшырап, бір сарбаз жарақат алды
 - Қостанайда ер адам полицейді пышақтады
 - Қазақ жазушысы Қытайдың мемлекеттік әдеби сыйлығын иеленді
 - Қостанайда әйелі мен енесін қатыгездікпен өлтірген ер адам 19 жылға сотталды
 - Қазақтар мен мұсылмандарды «мамбет» деген Мұхамадиева сот залынан босатылды
 - Шымкентте әйелді зорлап, соққыға жыққан ер адам ісін жылы жаппақ болды
 - Бишімбаеваның анасы туысын 1 млн долларға жуық қаражат ұрлады деп айыптады
 - Бос тұрған крематорий: Алматыда 1,5 миллиардқа салынған нысан кімнің қолына өтті?
 - Қостанай әуежайында қона алмаған ұшақ Астанаға қайта ұшып кетті
 - «Алақан майлау»: Ақтөбеде 300 мың теңге пара сұраған бөлім басшысы 9 млн теңге айыппұл арқалады
 - Тұрсынбек Қабатов бұрынғы жұбайына жауап берді
 - «Марқұмдарға тыныштық жоқ»: Атыраудағы зират маңы нәжіс төгетін орынға айналды
 - «Ресей жауынгерлеріне саулық тілеймін»: Қазақстанда концерттері өтпей қалған әнші мәлімдеме жасады
 - Қазақтар мен мұсылмандарды «мамбет» деген Мұхамадиева соңғы сөзінде не деді?
 - 1974 жылдан бері КСРО құжатымен өмір сүрген қарағандылық құжатын жаңартты
 - Шетелге шығуға тыйым салынған қазақстандық Ресей үшін соғысып қаза тапты
 - Қазақстан Екатерина Биволға іздеу жарияланғаны туралы ресми ақпарат шығарды