Көклайсайдағы жер дауы: Тұрғындар неліктен кәсіпкерді «жалғыз су көзінен айырмақ» деп дабыл қақты?

cover Фото: Orda.kz/ Ислам Әден

Алматы облысы Қырғауылды ауданында орналасқан Көклайсай саяжайының тұрғындары жиналып, наразылық танытты. Олардың сөзінше, кәсіпкер Равиль Тоқтыбакиев ландшафты өз бетінше өзгертіп, массивтің және оған іргелес аумақтардың барлық тұрғындары үшін табиғи су көзі болған орынды жауып тастаған. Бізге хабарласқан тұрғындардың сөзіне қарасақ, кәсіпкер Көклайсай саяжайының тұрғындары үшін жалғыз бұлаққа іргелес аймақты иемденіп алған. 

Orda.kz тілшісі Көклайсай саяжайына барып, халықтың неге наразы екенін біліп, кәсіпкердің өзіне хабарласып көрді.

Ботагөз есімді тұрғынның сөзінше, жерге иелік ететін кәсіпкер Равиль Тоқтыбакиев тұрғындарға ешқандай құжаттарды көрсетпеген. Кейін заңды өкілдерді шақырып, жердің құжаттарын ашып қараса, ол жер барлығына ортақ жер болып шыққан. 

«2 күн бұрын бұл жер басқаша еді. Ол өз ісін әлі де жалғастырып жатыр. Кеше ғана бульдозер тұрған. Бүгін алып тастапты. Бұл жерде тоған болған, оны топырақпен жауып тастаған. Тоған толып кетпес үшін ағып отыратын құбыр болған, ол құбырды алып тастады», – деді Ботагөз есімді тұрғын.
«2 немесе 3 апта бұрын бір адам келіп, осы жұмыстың бәрін бастап кетті. Бастапқыда өзінің сатып алған шекарасында жасасын деп, ештеңе демеген едік, біздің саяжайда бір ғана бұлақ бар. Сол бұлақты ол жауып тастамақшы. Сондай-ақ ол: «жер, тоған, бұлақ менікі, не істесем де өзім білемін» дейді. Бізде бұл жерден басқа су жоқ».

Ботагөздің айтуынша, жақында саяжайда өрт болып, өрт сөндірушілер қайдан су аларын білмей, су іздеп жүрген. Суды тоғаннан алуға болатын еді. Алайда ол тоғанды құм басып жабылып қалған. 

«Менде мемлекеттік акт бар. Жер, тоған, бұлақ, барлығы соның иелігінде екенін айтады. Алайда дәлел ретінде қағазын сұрасам, көрсетпейді. Телефонмен жасырып әкімдікке көрсетеді, болды. Президент әкімшілігіне, прокуратураға, әкімдікке ТЖМ-ге өтініш жіберген болатынмын, бірақ жауап әлі жоқ. Егер осылай жүре беретін болсақ, бір күні сусыз қаламыз».

Ол 15 шілдеден бастап барлық жерге осы мәселе бойынша жазып жатыр. Алайда еш жерден әлі мардымды жауап келмеген көрінеді. Сондай-ақ сатып алған жердің иесі Ботагөзге «жала жабу» фактісімен арызданатынын айтқан.

«Ол өзінің айналасындағыларға прокурордың адамы екенін айтады. Маған хабарласып, «жала жабу» фактісі бойынша отырғызатынын айтты».

Равиль Тоқтыбакиев не дейді?

Orda.kz тілшісі оқиғаға бейтарап қарау үшін, саяжайдан Тоқтыбакиевтің қол астында істейтін жұмыскерге кезігіп, сол жерде оның иесіне хабарласты. Равиль Тоқтыбакиевтің сөзінше, ол жағдайды жақсартқысы келген. Шығынның барлығын өз қалтасындағы қаражатпен көтеретінін халыққа айтқан. 

«Ол жақта егде жастағы адамдар бар болғандықтан, бұлақтың суын төмен қарай шығарғым келген және оған кететін қаржыны өз қалтамнан шығарамын. Ал олардың шығынды өзіміз көтереміз дегені әбестік», – деді Равиль Тоқтыбакиев.

Равиль өз сөзінде ол жерден адамдардың су алуына кедергі болмас үшін әдейі қоршау қоймағанын және ол жерге жол салатынын айтып,  Ботагөздің «прокурордың адамымын» деп сес көрсетті дегенін жоққа шығарды.

«Мен ол жерге ешқандай да қоршау қоймадым. Қазір бульдозеріміз сынып қалып, жөндеуде жатыр. Қалай техникамыз шығады, солай істі қайта бастап, аяқтаймыз. Ал жұмыстың мерзімі қашан аяқталатынын білмеймін. Шамамен тамыз айында бітіреміз деп отырмыз. Мен ол бұлақтың көзін құртпаймын, адамдар су ала береді. Маған ол судың керегі не?», — деді Равиль.

Равиль тұрғындардың кереғар ойлап жаңылысып жүргенін, сол пікірмен олар оған жала жауып тұрғанын айтты. 

Әкімдіктің жауабы

Мәселенің анық-қанығын білу үшін редакция Алматы облысы Қарасай аудандық әкімдігіне сауал жолдаған болатын. Алайда Қарасай ауданының әкімдігінен бұл оқиға бойынша редакциямызға ешқандай жауап келмеді. Сол себепті әкімдіктің бұған дейін Alatau TV-дағы әріптестерімізге берген жауабын назарларыңызға ұсынамыз. Өз сөзінде олар шағым түскенін растады.

«Көтерілген мәселені жан-жақты қарастыру үшін, арнайы топ құрылып, жұмыс атқарылды. Салдарынан жер телімі елді-мекеннен тыс жерде мақсатты бағытта бау-бақша және саяжай құрылысын жүргізу үшін берілгендігі және жер иесіне сатып алу шарты негізінде тиесілі екендігі анықталды», – деді Қарасай аудандық жер қатынастары бөлімі. 

Әкімдіктің сөзінше, алдағы уақытта жер учаскесінің шекаралары анықталады.

Тұрғындар жалғыз табиғи су алатын көзіміз деп отырған бұлақтан айырылып қалмау үшін шыр-пыр болып отыр. Кәсіпкер расымен өз сөзінде тұрып, тұрғындарға қайырымдылық жасап, бұлақтың суын төмен қарай шығарып, су көзін жасап бере ме? Уақыт еншісінде.

Orda.kz осы дауды ары қарай бақылап, ақпарат таратады.




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар