Екі апта бойы біз Абай облысының әкімдігіндегі кадрлардың неге ауысып жатқанын қызметтегілерден сұрап көрмек болдық. Жауап бермес бұрын ұзақ ойланған олар ақыры «Берік Уәлидің басшы болуына 100 күн толуын» күту керек екенімізді айтып, бізге жауап беруден бас тартты. Амал жоқ, «Б» жоспарына кірісіп, эксперттермен кеңесіп, кадрлардың неге ауысып жатқанын талқыладық. Қазақстан ғимараттарының жел соққанда ұшып кететін шатырлары секілді, Абай облысында отырған шенеуніктердің де «ұшуы» жиілеп кетті.
Orda.kz тілшісі Абай облысындағы өзгерістердің нендей логикаға сүйеніп, жүріп жатқанын саралап көрді.
16 сәуір қарсаңында Дмитрий Гариков облыс әкімінің орынбасары қызметінен кетті. Ол мұндай қадамды өз еркімен жасады.
«Мен өте маңызды шешім қабылдадым. Бұл – облыс әкімі орынбасарындағы өкілеттігімнің тоқтатылуы туралы шешім. Бұндай лауазымда жұмыс істеу мен үшін үлкен жауапкершілік пен мәртебе болды», – деді Дмитрий Гариков.
Бұл кісінің жұмысына баға бере салу оңай емес. Дмитрий Гариков — біраз жыл бойы Семей қаласы мен Абай облысының әкімдіктеріндегі ең сауатты техникалық маман бола алған адам. Алайда оған түскен шағым көп.
Бір қызығы, Даниял Ахметовтың бұған дейін айтқан сөзі еді. Ол Гариковты құны 7 млрд теңгеден асатын ядролық медицина орталығын пайдалануға байланысты өтірік айтты деп айыптаған еді. Ал Ахметовтың өзі сол кезде ШҚО-ның (Шығыс Қазақстан) әкімі қызметін атқарған, Гариков оның орынбасары болған.
«Гариков айтқан кей ақпараттар өтірік. Бұл өтірікке Отарбаев мырзаның да қатысы бар. (Мәди Отарбаев – сол кезде облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болған). Биыл ғана наурыз айынан бастап мен алты хаттамасы бар тапсырма бердім, онда Гариков пен Отарбаевтың орнатылған жабдықтың жобаға сәйкестігін қатаң тексеру қажет екенін айттым. Оның 5-уі орындалмады. Отарбаев та, Гариков те бұл туралы мардымды жауап бермеді. Ешқандай жерде жабдықтың жобаға сәйкес келмейтіні туралы нақты жауап айтылмайды. Кеше ғана бұл екі адам мен бірнеше ай бойы талап етіп келе жатқан әрекетті жасады. Сондағысы: «сұйық және радиоактивті қалдықтарды жинау және сақтау жүйесі жобаға сәйкес келмейді!» деген сөз ғана еді», – деп ашуланды Ахметов.
Осы айтылған сыннан кейін Гариков өз еркімен ШҚО әкімінің орынбасары лауазымынан кетті. Оның орнынан кетуін кей БАҚ өкілдері Олжас Бектеновтың орман өрттеріне уақтылы әрекет етпегенде сынағаны үшін кетті деп топшылайды. Шын мәнінде Дмитрий Гариков сол кездегі Семейдегі орман өртіне дейін жұмыстан кеткен. Берік Уәли оның жұмысына наразылығын білдіріп те үлгерді.
12 наурызда Берік Уәли Семей әкімі Талғат Мұратовтың жұмысын сынға алды. Мұның себебі қыстан кейінгі қаланың санитарлық жағдайы және қала көшелерін тазалауға бюджет ақшасын тиімсіз пайдалануы болды.
Осыдан кейін Семей қаласының тұрғындары Талғат Мұратовқа да отставканың ауылы алыс емес екенін жарысып жаза бастады. Соңғы 3 айда Берік Уәли бірнеше шенеунікті жұмыстан шығарып, ал қалғандарына ескерту жасаған болатын.
Айта кетейік, кейбір қоғам қайраткерлері қала басшысының бұл ісін орынсыз деп санады. Талғат Мұратов Семей қаласының әкімі ретінде сол жақта болып жатқан әр іске жауапты. Бірақ ол 2024 жылдың соңғы аптасында әкім болып тағайындалды. Сондықтан ол өзінің әкімдік жұмысын «ыңғайсыз» жағдайда бастайды. 2025 жылға арналған қалалық бюджет оның қатысуынсыз жасалып қойған дүние. Енді Мұратов өзінен бұрын әкім болған Нұрбол Нұрсағатовтың конспектілері бойынша есеп береді.
«Семейде бәрі лас, бұл шындық. 25 жыл бойы қала табиғи жағынан бүлінді. Әрине мұны бір күнде түзету мүмкін емес. Жаңа әкім бұрынғы әкімнің қаржылық шешімдеріне жауап бере алмайды. Нұрбол Нұрсағатовтың кетуі туралы әңгіме 2024 жылдың қыркүйек айынан бері айтылып келе жатыр. Егер жоспарлар нашар жасалған болса, оған жаңа келген әкімнің ешқандай да кінәсі жоқ. Оған іске кірісуге, жалпы жұмыс барысын түсінуге және Нұрсағатовтың сәтсіз дайындаған тендерлері мен бюджеттік жоспарларды өзгертуге уақыт керек. Егер 2 ай шамасында жаңа әкім де қозғалмайтын болса, сол кезде оған сын артуға болады», – дейді облыстың қоғамдық кеңестің мүшесі Абай Роллан.
Абай облысында не болып жатыр?
Кадрларды орнынан босату – команданы тез және түбегейлі жаңартуға деген ұмтылыс секілді. Ал мұндай шешімнің логикасы қандай? Ол Абай облысының пайдасына шешіле ме? Әлде Берік Уәли бұрынғы облыс әкімінің дегенінен шықпаған «команданы» жұмыстар шығарумен шектеле ме? Бұған дейінгі Абай облысының әкімі Ұранхаев қызметінен неге босағаны белгісіз. Ресми түсініктеме жасалмады.
Дау болған орын
Билікке келгеніне 27 күн болғанда, 15 наурыз күні Абай облысының әкімі жалпы жиналыста 2 шенеуінікті орнынан босатқан болатын. Олар: білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев пен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы Абай Амангелдин.
Оларды жұмыстан шығару себебі – білім беру жүйесінің басшылары мұғалімдердің жалақысын кешіктірген және бала тәрбиесіне байланысты алдын алу шараларын дұрыс істемеген. Осыдан біраз уақыт бұрын 24 ақпанда Семейдегі мектеп оқушылары өз құрдасын ұрып-соққаны және қаңтар айындағы мұғалімдердің мектептегі қаржылық және этикалық бұзушылықтар туралы жан айқайы, Нұржан Ахметқалиевтің жұмыстан кетуіне «мұрындық» болды. Оның жұмыстан қуылуына қоғамдағы үлкен дау себеп болды деп айтуға негіз бар.
Айта кетейік, білім басқармасы басшысының gov.kz порталдағы орны әзірге бос тұр.
ӘКК басшысы Абай Амангелдин жұмыстан неге кетті десек, көңілде күдік көп. Алайда бұл жерде бір логиканы бары анық.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар өз қызметінің жабылуына байланысты қаржылық операциялардың алаңына айналуы мүмкін. Бұл өңірдің игілігі үшін жасалатын жобалардың инвестициясы немесе сыбайлас жемқорлықтың айқын фактілері де болуы мүмкін.
Абай облысының ӘКК басшысы жұмыстан қуылуға лайық па? Абылай Амангелдин 2024 жылдың сәуір айында ӘКК басшысы болып тағайындалды. Яғни, ол да салыстырмалы түрде жаңадан келген, бірақ толықтай барлық істі біледі. Оның жұмыстан шығарылуының себебі «жеңілдетілген несие беру бағдарламасының бұзылуы» деп аталды. БАҚ мәліметінше, облысты дамытуға 9,5 миллиард теңге бөлінген, алайда бұл қаражат игерілмеген.
ӘКК жұмысына бұған дейін де ескертулер болған. Өткен жылы «Семей» ӘКК АҚ Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз беттеріне түсіп үлгерді. 2024 жылдың мамырында оның тиімділігі төмен екендігі байқалды.
«Өңірлік тұрақтандыру қоры толық көлемде қалыптаспаған. Іс жүзінде бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрінен 1,2 млрд теңгеге 8 түрі ғана сатып алынды. Оның үстіне кейбіреулері жоғары бағамен (17,2 млн теңгеге) сатып алынған, сонымен қатар, тұрақтандыру қорын қалыптастыруға бөлінген екі млрд теңгенің 646 млн теңгесі мақсатқа сай пайдаланылмаған, ал тағы 55 млн теңгесі игерілмеген. Бұл өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді», – деді жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі.
Нақты айта кетсек, 2019-2022 жылдар аралығында Абай Амангелдин «Астана» ӘКК АҚ-да экономика және жоспарлау қызметінде жұмыс істеген. Бұл жылдары Нұрлан Ұранхаев Нұр-сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасын басқарды.
Берік Уәли бұрынғы танысын қызметке алды
Сәуір айында Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Айбек Самат қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымға 2024 жылдың қараша айында тағайындалған болатын.
Әкімшілік этикада жаңадан тағайындалған қызметкерлерді жұмыстан шығармайды. Оларға істерді қабылдауға және өздерін көрсетуге уақыт береді.
Соған қарамастан 15 наурызда оны жұмыстан шығару шешімі қабылданған болатын. Ал ол кезде БАҚ өкілдерінде «Айбек Самат деректерді уақытылы ұсынбағандықтан, ескерту алды» деген ақпарат тарады. Оған өз қателерін жуып-шаюға ешқандай да уақыт берілмеді. 10 сәуір күні оның орнына Жанжігіт Омархан тағайындалған болатын. Ол — бүкіл мансабын корреспондент, телевизиялық бағдарламалардың жүргізушісі, баспасөз хатшысы болып жұмыс істеген қазақстандық журналистикаға арнаған адам.
Жаңадан тағайындалған маманның биографиясын зерттей келе тағы да орынды сұрақ туады. Ол біраз жылдан бері баспасөз хатшысы қызметінде келе жатқан адам. Журналистің тәжірибесі мәдениетті басқару саласында қаншалықты табысты болады? Жаңа басшының еңбек өтілі жеткіліксіз. Айтарлықтай тәжірибесі тек Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі» КММ-дегі жұмыс деп айтуға болады. (Оның өзінде сол жылдары Берік Уәли сол басқарманы басқарған еді).
Облыс басшысы өзінің бұрынғы қарамағындағы қызметкерді осылай мәдениет басқармасының басшысы лауазымына тағайындады. Әрине, бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ. Қазақстанда маңызды лауазымдарға таныстарды қоюды жөн санайды. Берік Уәлидің бұл саясаты Астанадан бір отряд шенеунікті алып келген Нұрлан Ұранхаевтың саясатына ұқсас.
2 сәуірде облыс әкімінің бірінші орынбасары қылып Абай Ерболды тағайындады деген ақпарат тараған болатын. Бұл оқиғаға да баға бере салу оңай емес. Оның Омарханнан айырмашылығы — үлкен тәжірибесі бар маман. 1995 жылдан 2020 жылға дейін ОҚО (Оңтүстік Қазақстан облысы), Түркістан облысы және Шымкент қалаларында маңызды лауазымдарда жұмыс істеді. gov.kz порталында «бұған дейін бизнес саласында жұмыс істеген» деген сөз бар.
Ақыры не болды?
Әрине, Берік Уәли бұрыннан келе жатқан «ығай мен сығайды» түк қалдырмай, «тазартады».
Дегенмен Берік Уәлидің әрекетінде бізге түсініксіз бір нәрсе бар. Неліктен оның көңілі жұмыскерлерді таңдағанда бұрын жұмыс істегендерге ауады? Бұдан топшылайтынымыз, Берік Уәлидің сенетін адамдарының аз екені, сондықтан амалсыз бұрын қызмет атқарғандарды таңдауға тура келуі мүмкін. Мұндай жағдайды енді ғана сайлана салып, істің мән-жайын ұғып үлгермей, бір қалыпқа түсе алмай жатқан лауазымды тұлғалар жақсы түсінеді. Бірақ Берік Уәлидің бұл әрекеті өз-өзін ақтай ала ма?
Orda.kz Абай облысындағы кадрлардың ауысуын мұқият қадағалап, ақпарат таратып отырады.