ҚазҰУ профессоры жазған жаңа Конституция Ақорданы неге алаңдатты?
Коллаж: Orda.kz
Бұл құжат жайлы Orda.kz-ке «ұзын құлақ» хабарлады. Президент әкімшілігіндегі адамдар «ұзын құлағымыздан»: «жаңа Конституция жобасы туралы естіп пе едіңіз?» деп сұраған. Оған түсінікті болу үшін сілтемесін жіберіпті. «Оған неге назар аудардыңыздар?» деп сұрағанда: «алаңдап қалдық» деп қысқа жауап беріпті.
Сілтемені ашқанда бірден көзге түсетіні – құжаттың «Параграф» атты ақпараттық платформасында орналастырылғаны. Алайда оны жүктеп алу мүмкін емес. Ашылған жаңа бетте «34697530 нөмірлі құжат табылмады» деген хабарлама шығады. Құжатты тек «үш тілдегі деректерге сілтеме» көрсетілген жерден ғана жүктеп алуға болады. Онда ел атауын өзгертуден бастап, билік құрылымын қайта қарау мен тілдердің мәртебесіне дейінгі ауқымды өзгерістер жазылған.
Құжат авторы – Жұмагелді Сәкенұлы Елубаев, Қазақстандағы тәжірибелі заңгерлердің бірі. Заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, Kazakhstan Bar Association заң консультанттары палатасының төрағасы, Қазақстанның мұнай-газ саласы заңгерлері қауымдастығының президенті, Ұлыбританиядағы Халықаралық төрағалардың институтының мүшесі.
Өзінің Facebook парақшасында Елубаев «Қазақ Республикасының жаңа үшінші Конституциясын» әзірлеу жеке өзінің бастамасы екенін жазады. 1 тамызда ол осыдан бір ай бұрын еңбегі «Параграфта» жарияланып, бірнеше күннен кейін ақпараттық жүйеден алынып тасталғанын атап өтеді.
«Меніңше, жоғарыдағы шенеуніктердің ықпалы бар екені анық», – деп жазады Елубаев.
20 тамызда ол Facebook-те петиция бастағанын хабарлады. Оның ойынша, «Жаңа Қазақстанға жаңа Конституция қажет».
Ақорданы шын мәнінде не алаңдатты? Біздің көкейімізде де осы сұрақ жатыр.
Ал өзімізше топшылап көрсек, бірінші болжам: Елубаев «артық қыламын деп, тыртық қылып» жолдарына кесе көлденең келіп қалды ма? Мүмкін Ақордада жаңа Конституцияның немесе қолданыстағы заңға енгізілетін түзетулердің өз жобасы дайын тұрған болар. Ал ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күндері жария етемін деп отыруы мүмкін. Есте болатын жайт — қыркүйек айында жаңа саяси маусым ашылады. Ол маусым мәжіліс пен сенаттың бірлескен отырысынан және президенттің халыққа жолдауынан басталады.
Екінші болжам: президент әкімшілігі үшін Елубаевтың бастамасы тиімді болуы да мүмкін. Қазақстанда осылай идеяларды алдын ала сынақтан өткізу тәжірибесі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан. Шешімді қабылдамас бұрын қоғамның талқысына салады. Бұл жолы ештеңені қолдан «жасаудың» қажеті жоқ. Тек кәсіби қауымдастық назарын аудартса жеткілікті, әрі қарай қоғамның көңіл-күйін бағамдау оңай.
Парламент реформасы мен алда болуы мүмкін сайлау жайлы әңгімелердің аясында екі болжам да қисынды көрінеді. Сол себепті біз Жұмагелді Елубаевтың жаңа Конституция жобасын жария етуді жөн санадық.
Құжаттағы негізгі ұсыныстар
«Қазақстан» деу жоқ.
Жобада елдің ресми атауы – «Қазақ Республикасы», қысқаша атауы – «Қазақия» деп көрсетілген. Бұл ой қоғамда бұрыннан талқыланып жүр. Кеңестік дәуірмен түбегейлі қоштасу әрі Орталық Азиядағы елдерге тән «-стан» жұрнағынан бас тарту.
Президент болудың жаңаша мерзімі
Қазіргі Конституцияда президент өз өкілеттігін жеті жыл атқарады. Жаңа нұсқада классикалық модель ұсынылған: бес жыл, қатарынан екі мерзімнен артық емес.
Премьер-министр орнына вице-президент
Ең тосын өзгерістердің бірі – премьер-министр лауазымының жойылуы. Атқарушы билікті президент өзі басқарады. Ал оның орынбасары – халық сайлайтын вице-президент.
Президент отставкаға кеткен немесе өмірден өткен жағдайда ел тізгінін автоматты түрде вице-президент ұстайды. Егер ол да қызметке кірісе алмаса, өкілет мәжіліс төрағасына өтеді.
Вице-президентке үміткер Қазақия азаматы болуы шарт: жасы 35-тен асқан, соңғы бес жылда елде тұрақты тұрған. Өкілет мерзімінде оған тиіспеушілік кепілдендіріледі.
Бір ғана палатасы бар парламентке көшу
Елубаевтың жобасында заң шығарушы билік түбегейлі өзгереді: сенат таратылып, тек мәжіліс қалады.
Депутаттардың барлығы тікелей дауыс беру арқылы сайланады. Әр облыстан, астанадан және республикалық маңызы бар қалалардан жетіден.
Мәжіліс заң шығару міндетінен бөлек, кеңейтілген бақылау құзырына ие болады. Оның ішінде президентке импичмент жариялау құқығы да бар.
Орыс тілі мәртебесін жоғалтады
Қолданыстағы Конституцияда орыс тілі ресми мәртебеге ие және қазақ тілімен тең дәрежеде мемлекеттік органдарда қолданылады. Жаңа жобада бұл бап алынып тасталған: «Қазақ Республикасында өзге тілдердің еркін дамуына, қолданылуына және қорғалуына кепілдік беріледі».
Сарапшы пікірі
Біз Елубаевтың Конституция жобасын саясаттанушы Толғанай Үмбетәлиевамен бірге талдадық. Оның айтуынша, бұл құжат саяси жаңғыруға үлкен қадам болар еді. Себебі бұл жоба Назарбаевтың кезеңіндегі суперпрезиденттік жүйеден біртіндеп арылып, билік тармақтарының тепе-теңдігін көздейді.
«Бұл жобада мықты президент пен мықты парламент қатар қарастырылған. Мәжіліске айтарлықтай өкілеттік берілген. Тіпті қазіргі және бұрынғы президентке қатысты тергеу жүргізу құқығына дейін. Бұл парламенттің саяси салмағын арттырады, мұндай модель АҚШ жүйесіне ұқсайды», – дейді саясаттанушы.
Қалай десек те, Елубаев жасаған Конституция жобасының жалт етіп, жоқ болғаны түсініксіз нәрсе. Әдеттегі жоба болса да, «сүрінбей» әуелі «Параграфқа» жетіп, артынша аяқ астынан Ақорданың «алаңдауына» себеп болғаны расымен қызық жағдай.
Orda.kz оқиғаны ары қарай қадағалап, ақпарат таратады.
Автор: Аянрафи Нарикбаев
Жаңалықтар
- «Бала қайтыс болған күні анасы араққа сылқия тойып келді»: 12 жастағы бала неліктен суицид жасады ?
- «Капитан орыс тілді»: Қазақ тілін елемеген FlyArystan сынға қалды
- LRT Қосшыға дейін салынады
- ҰҚК Арқалық полициясының қызметкерлерін ұстады
- Шалқарда 9-сынып оқушысын пышақтап тастады
- «Мен баламды мақтан тұтамын»: Хасанның анасы прокурордың жауап беруін сұрады
- ҚТЖ Қайрат Қожамжаровтың інісін сотта жеңді
- Тоқаев пен Лукашенко телефон арқылы сөйлесті
- Тоқаев Трамптың арнайы өкілі мен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасарымен кездесті
- Тимур Құлыбаев мұнай компаниясын әлі сатпады
- Атақты кондитердің 600 мыңға бағалаған тортына қатысты сот үкімі шықты
- Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілге шықты
- Таразда қыз ұрлаған үш күдікті ұсталды
- Атырау облысында түйе көшеде жүрген жасөспірімді таптап өтті
- Тоқаев Ердоғанды Республика күнімен құттықтады
- «Бас сүйегін тапқан»: Атырауда Яна Легкодимованың ісі бойынша сот өтіп жатыр
- Шымкентте «Назира Голд» ісіне сот үкімі шықты: халықты алдап, 16 млрд теңге жымқырғандар сотталды
- «Шетелдіктер үшін аралас бола ма?»: Алматыдағы 224-мектепті ана тілінде ашуды талап еткендер әкімдікпен мәмілеге келе алмады
- АҚШ-тан Алматыға есірткі тасыған ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері анықталды
- Прокурор Хасан Қасымбаевқа 15 жыл сұрады