«Қазақстандағы педофилия сұмдықтары»: Өз қызын аймалаған әке

cover Коллаж Orda.kz

Зорлыққа бой үйренген жерде – оған төзіммен қарайды. 
  Эмиль Дюркгейм 

Балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсету жалпы қоғам үшін өте ауыр мәселелердің бірі болып тұр. Orda.kz тілшісі осы мәселе бойынша белгілі құқық қорғаушы Айман Омароваға хабарласып, өз қызына 8 жасынан бастап жыныстық емеурін көрсетіп келген Алматы қаласы Іле ауданының тұрғынына қатысты мән-жайды сұрастырды.  

«Қызын аймалаған әке» 

Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны 2022 жылы 8 жастағы туған қызын аймалап, жыныстық емеурін көрсеткен. 11 жасына дейін бейкүнә бала әкесінің арам әрекеттерін түсінбеген. Сержант қызына жыныстық емеурін білдіріп, аймалаған кезде басқа балаларды үйден шығарып жіберіп, есікті құлыптап алыпты. Бұл оқиға 2 жылдай жалғасады. Тек қыз анасына әкесінің анайы әрекеттерін айтып қойғанда бір-ақ белгілі болады. Бұл істі ҚР оңтүстік өңірлік ішкі істер министрлігінің әскери тергеу басқармасына жіберді. Адвокаттар айыпты көршінің кішкентай қызына да сондай жыныстық емеурін көрсеткенін қызы айтты деп отыр. Бірақ ол қыздың ата-анасы бұл істі ашық айтып, көтеруге құлықты емес көрінеді.

Ақыры қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған әскери сот Б. Е. есімді азаматты өз қызына жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін айыптап, 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған.

«Бұл кісінің балалары көп. Қызына жыныстық емеурін көрсетіп, аймалаған кезде басқа балаларын үйден шығарып жібереді екен. Балалар «бізді далаға шығарған» деп тергеу барысында айтты. Бала есін біле бастағанда осы оқиғаны анасына айтқан. Анасы қорқып, балаларын алып төркініне кеткен. Ол біздің  «One Stop service — «Бір қадам» жобамызға хабарласып, осы мәселені шешіп беруді сұрап жүгінді», — деді адвокат Айман Омарова.

Сондай-ақ, заңгер Ләззат Рақышева өзінің instagram парақшасында қыздың анасының сөзін жариялаған болатын.

«Арамызда 6 баламыз бар. Күйеуім әскери полигонда жұмыс істеп жүр. 2023 жылғы 3 желтоқсанда күйеуім екеуіміздің арамызда түсініспеушілік болды. Сол күні 12 жасар қызым оған әкесінің бірнеше рет тиіскенін айтты. Мен нақтылап сұраған кезде бұрын мен жоқ кезде әкесі қызымның бетін көрпемен жауып қойып, оның жыныс мүшесін қолымен уқалағаны, неше түрлі жыныстық азғындық жасағаны туралы айтты. Оның бетін жауып қойып қолын түкіріктеп қызымның жыныс мүшесін уқалап, артынан туалетке барып жуынады екен. Бұны ешкімге айтпау керегін және тек қызына ғана осындай «массаж» жасап жүргенін айтқан. Күндердің бір күнінде күйеуім қызымызды туалетке кіргізіп, көзіңді жұмып, аузынды аш деген. Оның айтқандарын істеп аузын ашқан кезде күйеуім мүшесін тыққанын айтты. Осыны естіген соң балаларымды алып ауылыма қайтып кеттім», — деген жәбірленушінің анасы.

«Шайтан түртті»

Бұл ҚР қылмыстық кодексінің 121-бабының 4-бөлігі бойынша 20 жылға сотталып отырған азамат  — Алматы облысы Іле ауданының тұрғыны, алты баланың әкесі, оның үстіне әскери қызметтегі адам. Оның өз кінәсін мойындап, әйеліне «шайтан түртті» дегендей сөздері жазылған аудиожазба бар. Дегенмен, адвокаттар айыптының өз сөзінен қазір тайқып, сотта өз кінәсін мойындамай шыққанын да айтты.

Құқық қорғаушы Рәтжан Берсінбаев болса, баланы аймаламақ түгілі анайы әңгіме айтып, фильм көрсетудің өзі қылмыс деп отыр. 

«Полицей қызметкерлерінің бірі «әкесі ұстаса не болыпты?» дегендей әңгіме айтты. Ол қызының қойнына жатып, аймалап, істемегенді істеген. Олардың ойынша бұл азғындық емес. Алайда қылмыстық кодексте мұның ауыр қылмыс екені айтылады. Балаларға бұлай жыныстық емеурін көрсетпек түгілі, ол жайлы айтып, фильм көрсету — толықтай қылмыс саналады», — деді Рәтжан Берсінбаев. 

Сержантты қандай жаза күтіп тұр? 

«Ауруын жасырған өледі»

Құқық қорғаушы Айман Омарова биыл 16 маусымда қабылданған педофильдерді өмір бойына абақтыға қамау жайлы заң бұл айыптыға қолданылмайтынын айтты. Себебі, бұл қылмыс ол заң қабылданбай тұрып жасалды. Сондықтан айыпты 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Биыл ҚР ішкі істер министрлігі статистика және арнайы есептер комитетінің мәліметтерінде кәмелетке толмағандарды зорлау бойынша 97 оқиға тіркелген. Ал оларға осы жыныстық сипаттағы күштеу әрі зорлық-зомбылық бойынша 87 оқиға тіркелді. Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе басқа жыныстық сипаттағы 138 оқиға тіркелді.

Orda.kz назарларыңызға 2024 жыл мен 2023 жылғы балаларға қатысты статистикалық деректерді ұсынады.

Сондай-ақ, осы қылмыс бойынша сотталғандардың саны бар статистиканы назарларыңызға ұсынамыз.

Елімізде осы қылмыс бойынша жазасын өтеп шыққандар да бар.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар