Қазақстандағы мерзімінен бұрын парламент сайлауы — жай ғана қауесет пе, әлде шындық па?
Видеодан скриншот Orda.kz
Бұл туралы бұрынғы дипломат, қазіргі танымал алматылық қоғам қайраткері Қазбек Бейсебаев өз ойымен бөлісті. Оның пікірінше, елімізде Парламент сайлауларының бәрі дерлік Конституцияда көрсетілген мерзімде өткен емес, сондықтан қазақстандықтар үшін мерзімінен бұрын сайлау — таңсық емес. Orda.kz қоғам қайраткерінің Facebook-тегі жазбасындағы пікірін келтіреді.
Бізде 2007, 2012, 2016 және 2023 жылдары мерзімінен бұрын сайлаулар өтті. Тәжірибе көрсеткендей, Парламенттің кезектен тыс сайлауы — әрдайым басқа бір саяси оқиғаның алғышарты.
Заң бойынша Парламент сайлауы 2028 жылы, ал Президент сайлауы 2029 жылы өтуі тиіс. Қазір бірпалаталы Парламент құрылады деген әңгіме бар, яғни Сенат болмайды. Егер бұл рас болса, онда алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу қажет.
Бұл дегеніміз — алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізу немесе осы өзгерістерді қазіргі Парламент құрамының өзі қабылдау керек деген сөз. Қалай болғанда да, бұл — тез бітетін жұмыс емес. Демек, сайлау биыл өтеді деу қиын.
Қазақстанның шындығын ескерсек, Конституцияға өзгерістер енгізуді билеуші AMANAT партиясы немесе басқа да парламенттік фракциялар, не олардың бәрі бірігіп бастамашы болуы тиіс. Бірақ олар мұны тек демалыстан кейін жасай алады. Сондықтан, кезектен тыс сайлау өтеді деу әзірге ерте әрі беймәлім.
Дегенмен, қоғамда бірпалаталы Парламент мәселесі алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Қазақстан сияқты унитарлы мемлекетке Сенаттың қажеті жоқ деген пікірлер де бар.
Өз ойымды айтайын. Иә, мемлекетіміз унитарлы, бірақ әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Әр аймақтың өзіндік сипаттары бар. Бұл этникалық және ру құрамына да қатысты, ал бұл біздің жағдайда аса маңызды.
Қазір Мәжілістің бір бөлігі бірмандатты округтер бойынша сайланады, бірақ ондай депутаттар саны — 29 ғана. Ал 69 депутат партиялық тізім бойынша сайланады. Сенатта 50 депутат бар: оның 40-ы облыстық мәслихаттар арқылы сайланады. Президент 10 сенаторды тағайындайды, оның бесеуі — Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша, этностардың өкілдігін қамтамасыз ету үшін.
Егер Сенат таратылса, бұл Парламенттегі өңірлердің өкілдігіне әсер етеді. Ал бұл Қазақстан үшін, аймақтық және басқа ерекшеліктерді ескерсек, дұрыс болмас еді. Әрине, бірмандатты округтер санын көбейтуге болады, бірақ бұл жағдайда да аймақтық өкілдік мәселесін сақтау керек.
Менің бір хабардар «досым» биылғы бюджетте сайлау науқанына арналған шығындар қарастырылған деп жазды. Егер бұл рас болса, Парламент сайлауы, ең болмағанда, келесі жылдың басында өтуі мүмкін.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, Парламент реформаланады. Сенат таратылып, Мәжіліс кеңейтіледі, нәтижесінде Парламент бірпалаталы болады. Ондай жағдайда Конституция мен сайлау туралы заңға өзгерістер енгізу қажет. Мұны қазіргі Парламент қабылдап, содан кейін өзін таратуы мүмкін. Тек содан кейін жаңа ережелер бойынша сайлау өткізіледі.
Екінші нұсқа — сайлау қазіргі заңнамаға сәйкес өтеді, жаңа Парламент құрамы сайланады. Содан кейін олар Конституцияға өзгерістер енгізіп, қайтадан сайлау жариялайды.
Басқа жол жоқ. Парламентті реформалау үшін алдымен Конституцияға өзгерістер енгізу керек, ал мұны тек Парламент немесе жалпыхалықтық референдум арқылы жасауға болады. Сондықтан да, бұл үшін арнайы кезектен тыс сайлау өткізу қажет пе, әлде қазіргі құрам өзгерістерді қабылдап, өз өкілеттігінің соңына дейін жұмыс істей бере ме — бұл үлкен сұрақ.
Үшінші нұсқа. Белгілі бір себептермен біреулерге Парламент құрамын өзгерту керек болды. Бірақ бұл билікке керек деп ойламаймын… Қазіргі Парламент құрамы билікке толық адал, мұны уақыт белдеуі мәселесіндегі жағдай көрсетті. Депутаттар әуелде бұл мәселеге мүлдем үн қатпады, тіпті басқа елде тұратын сияқты көрінді. Кейін кейбіреулері бірдеңе дей берді де, бірден ауыздарын жаба қойды. ШҚО-дан шыққан тағы бір депутат та уақыт үшін күресемін деп уәде берді, бірақ нәтижесіз қалды.
Кейбір деректер бойынша, біздің Парламентте депутаттар жоғарыдан рұқсатсыз сөз сөйлеуге де батпайды екен. Осындай депутаттар… Басқасы жоқ.
Ендеше, биліктің өзіне ыңғайлы Парламентті таратуының мәні қандай?
Шамасы, Парламентті өз мүддесіне сай жаңартқысы келетін басқа күштер бар сияқты. Мұндай жағдай билік үшін күрес кезеңі таяғанда болуы мүмкін.
Жаңалықтар
- Израиль Хаменеидің жерасты бункерін жарып жіберді
- «Үйінді астында тұтас отбасылар болуы мүмкін». Алеппо қаласында бес қабатты үй опырылды
- Іс алты рет тоқтатылған. Атыраулық әйел екі жасар егіз баласын күйеуі зорлады деп айыптады
- «Қыздың қырық жаны бар»: Тоқаев әйелдерді мерекемен құттықтады
- Әзербайжан Ираннан барлық дипломатын қайтаратын болды
- Қазақстанның кей өңірлерінде 25 градусқа дейін күн суытады
- Ескі үлгідегі 10 мың теңгелік банкноттар айналымда тағы бір жыл болады
- Израильде зымыран шабуылы кезінде видео түсірген Өзбекстан азаматы полиция назарына ілікті
- Астана қаласы сотының төрағасы болып Айдар Смағұлов тағайындалды
- Инсульт алғанын пайдаланған: Ақтөбеде анасының шотынан ақша шешкен ұлы істі болды
- «Қазтеміртранс» филиалы директорының 540 млн теңге парамен ұсталғаны расталды
- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырды
- Қазақстанда 10 миллионға жуық әйел бар
- Таяу Шығыстан 3300-ден астам қазақстандық эвакуацияланды
- Ирандағы соғыс жаңа кезеңге өтті: Қазір не белгілі?
- Иран «ұзаққа созылатын соғысқа» толық дайын екенін мәлімдеді
- «Мекенжайын әскерге беремін»: Зеленскийдің сөзі Еуропада жаңа дау туғызды
- Қонаевта 150 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды
- Оразалы Ержанов тағы қамауға алынды
- Қазақстанда қанша әйел мұғалім бар?