«Қазақстанда жазаланасыз»: Азаматтарымыз Украинадағы соғысқа кетіп жатыр

cover Фото: Orda.kz

1 сәуірде Украинаның «Өмір сүргім келеді» орталығы Ресей үшін соғысып жүрген немесе соғысқан Қазақстан азаматтарының тізімін жариялады. ҚР ІІМ бұл ақпарат әлі де тексерілуі керек деп жауап берді. Бірақ қауіпсіздік қызметкерлері бұл деректерді тексеріп жатқанда, қазақстандықтарды басқа біреудің армиясына қызметке шақыру жұмыстары жүріп жатыр. 

Orda.kz қазақстандықтарды Украинадағы соғысқа қалай шақыратындарын баяндайды.

Қыстың соңында ВКонтакте әлеуметтік желісінде Ресей армиясына келісімшарт бойынша әскери қызметке шақыру туралы жарнамалық хабарламалар пайда бола бастады. Кейде олар әскери киімдегі орыс сарбаздың суреттерімен бірге шықса, кейде жасанды интеллект арқылы жасалған суреттермен жарияланады. Оқырмандарымыздан біз осындай жарнамалардың бірнеше нұсқасын алдық.


Ол жарнамада әрдайым ТМД елдері азаматтарына арналған деп көрсетілген. Сондықтан, осы хабарландырулардың авторлары геотаргетингті қолданып, соның ішінде Қазақстанға да таратты деп болжауға болады. 

Ресей Федерациясының қарулы күштерімен келісімшарт жасасқанда олар көбінесе 3,5 миллион рубльден төлеуге уәде береді. Алайда, кейінірек төлем 1 миллион деген хабарландыру да жіберілді. 

Orda.kz осы хабарландырулардың біріне жазып көрді. Ол үшін біз ойдан шығарылған кейіпкердің атынан ВК-да аккаунт аштық. Бұл Әлішер есімді 37 жастағы ер адам ресейді жақтайтын Орал тұрғыны, бір кездері Самарада жұмыс істеген және Ресей Федерациясының Қарулы Күштерімен келісімшартқа отырғысы келеді. Осы дамның атынан хабарландыруға жазып көрдік. Толтыруды қажет ететін қысқа ғана форма ашылған сілтемені нұқып бастық.

Бізді таң қалдырған бірінші нәрсе ВК-да тіркелген телефон нөмір бірден көрсетілді. Ал парақшада оны біз жасырын қалдырған едік. Әрі қарай бірнеше сұраққа жауап беру керек болды — сотталған-сотталмағандығы туралы анықтама және АИТВ ауруы жайлы анықтама. Әрі қарай бізге байланыс опциясын таңдау керек болды. Онда WhatsApp, Telegram немесе қоңырау шалу тетіктері бар. Біз біріншісін таңдадық. Осымен өтініш аяқталды. 

Бірнеше күннен кейін формада көрсетілген нөмірге мынадай аккаунттан хабарлама келді.

 

Хабарлама:

Бірақ Надеждадан қайта жауап келмеді. Біз екі апта күттік және Оралдық Әлішер жалдаушылардың қызығушылығын тудырмады деп шештік. Осылайша жаңа кейіпкер ойлап тауып, соның атынан қайта жазып көруді жоспарладық. Бірақ кенеттен бізге хабарлама келді:

«Қайырлы күн. Менің атым Екатерина. Сіз Қорғаныс министрлігімен келісімшартқа өтініш қалдырдыңыз. Айтыңызшы, осы айтқан ақпаратым дұрыс па?»

Бұл жолғы парақшада еріктілерді жалдау орталығы деп емес, жай Екатерина деп жазылған. Кейінірек ол бұл орталықты корреспонденцияда атап өтті. Аватарында сарбаздың суреті тұр. Сонымен қатар, бұл жарнамаларда жүрген фотосуреттердің бірі болды.

Біз тағы да нақты жауап бердік. Надеждадан айырмашылығы, Екатерина ары қарай сөйлеспей, жоғалып кеткен жоқ. Қыз келісімшартқа қол қоюды таңдаған адамның жолы туралы егжей-тегжейлі хабарлама жіберді.

Хабарламада Нижний Новгород туралы айтылғанын ескере отырып, «Надеждалар» мен «Екатериналардың» ұсынысына келісетіндер Нижегородск облысының Мулино қаласындағы Ресей Федерациясы Қарулы күштерінің оқу орталығына жіберіледі деп болжауға болады. Наурыздың ортасында әскери бөлімге украиндықтар дрон шабуылын жасады деп хабарланды.

Айтпақшы, әңгімелесіп отырған адам жазған ақы «Әлішер» жазған жарнамада көрсетілген ақшадан екі есе төмен болды.

Бірақ Екатеринаның әңгімесіне келейік. Біз аңғал адамша бірнеше сұрақ қою арқылы егжей-тегжейін анықтамақ болдық. Біріншіден, өзіңмен бірге қандай құжаттар қажет екенін сұрадық. Бізге жеке куәлік пен әскери билет (әрине, егер бар болса) деп жауап берді. 

Біз осы шараның қаншалықты заңды екенін сұрадық. Шынында да, Қазақстанда басқа елдер арасындағы әскери қақтығысқа қатысу ғана емес, басқа бір елдің азаматтығын алсаң да жазаланасың. Атап айтқанда, олар хабарламада азаматтық алуды ұсынады. Бізге былай жауап берді:

Бұл ретте Екатерина ҚР азаматтығынан алдын ала бас тартудың қажеті жоқ екенін айтты. 

Біз дайын жауынгерді соғысқа қашан жібере беретінін, дәлірек айтқанда Украинадағы соғыстың Ресей Федерациясындағы атауы — Арнайы әскери операцияға баратынын сұрадық. Бұған қыз дауыстық хабарлама арқылы жауап берді. 

Екатеринаның жауабын толығымен жазамыз:

«Өкінішке қарай, сізге нақты күндерді айта алмаймын. Себебі сіз келесіз, медициналық комиссиядан өтесіз. Сізге барлық қажетті құжаттар дайындалады. Бізде шетелдік азаматтар барлық құжаттардың дайын болуын шамамен бір апта күтеді. Келісімшарт жасасып, оқу орталығына барасыз. Онда сіз екі аптадан үш айға дейін боласыз. Түсінесіз бе, барлық үміткерлер әртүрлі дайындықпен келеді. Біреу бәрін білгендіктен, оған аз уақыт жетеді. Жай, есіне түсірсе жеткілікті. Біреуге дайындалу үшін біршама уақыт қажет. Осыдан кейін алдымен әскери бөлімдерге бөлінеді. Бұл бірден соғыс аймағына жіберіледі дегенді білдірмейді. Яғни, сіз біраз уақыт әскери бөлімде болуыңыз мүмкін. Егер қандай да бір жағдай болып, оған қажеттілік туындаса, сол жағдайда сізді жібереді. Сондай-ақ бізде көптеген бағыттар бар. Айталық, егер сіз ұшқышсыз ұшу аппараттарына барсаңыз, онда олар соғыс аймағында жұмыс істемейді. Егер сіз ерекшеліктерін түсінсеңіз, олар әрқашан ұрыс аймағынан алыс болады».

Айтпақшы, осы хабарламаның арқасында біз Екатеринаның робот емес, тірі адам екенін білдік.

Қыздың өзі ұшқышсыз ұшу аппараттары тақырыбын қозғағандықтан, біз «ұшқышсыз ұшуды» үйрену үшін қандай дағдылар қажет екенін сұрадық. Екатерина тағы да дауыстық хабарламамен жауап берді:

«Мен сізге белгілі бір дағдыларды тізімдемеймін. Өйткені біз ҰҰА-да үміткерлерді тіпті нөлден бастап оқытамыз. Сондықтан, егер сізде қызығушылық болса, онда, әрине, біз сізге оқу орталығында білім бере аламыз».

Осыдан кейін біз ойлану қажет екенін жаздық. Екатерина әлі де «Әлішерден» жауап күтіп жүр. Бірақ біз одан жауап алмайтынын 100 пайыз сеніммен айта аламыз. Біз «Вконтакте» сайтының баспасөз қызметінен жауап күтеміз. Олардан жағдайды түсіндіруді сұрап сауал жібердік.

Осындай хабарландыруларға тап болған оқырмандарға және Қазақстанның барлық азаматтарына ҚР ҚК-де «шетелдік қарулы қақтығыстарға қатысу» деген 172-бап бар екенін еске салғымыз келеді. Онда былай делінген:

«Қазақстан Республикасы азаматының шет мемлекеттің аумағындағы қарулы қақтығысқа немесе әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, жалдану белгілері болмаған кезде бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады».

Егер тергеу мен сот ҚР азаматы жалданды деген қорытындыға келсе, мысалы, тараптардың бірінен жанжалдың басқа қатысушыларына қарағанда жоғары жалақы алса, онда ол ҚР ҚК 170-бабының 3-бөлігі «жалдану» бойынша жазаға тартылады. Онда былай делінген:

«Жалданудың қарулы қақтығысқа, әскери әрекеттерге немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе бұзуға не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттеріне қатысуына — мүлкі тәркіленіп немесе жеті жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалады».

Қазақстанда жалдау сол баптың 1-бөлігі бойынша жазаланады. Онда былай дейді:

«Жалдамалыны жалдау, оқыту, қаржыландыру немесе өзге де материалдық жағынан қамтамасыз ету, сол сияқты оны қарулы қақтығыстарда, әскери әрекеттерде немесе конституциялық құрылысты құлатуға немесе бұзуға не мемлекеттің аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған өзге де күш қолдану әрекеттерінде пайдалану мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады».

Қос азаматтықты алу ҚР ӘҚБтК-нің 496-бабы «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы заңнамасын бұзу» бойынша жазаланады. Баптың бір бөлігіне байланысты ол 100-ден 300 АЕК-ке дейін (2025 жылы-393 200-ден 1 179 600 теңгеге дейін) айыппұл қарастырады.

Автор: Игорь Утилин

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар