Қазақстанда сот отырыстарын журналистерден кім жасырады? Мемлекеттік құпия шынымен де мемлекеттік пе?

cover Коллаж: Orda.kz

Соңғы уақытта елімізде түрлі сылтаулармен сот процестерін жабық өткізу көбейіп кетті. Журналистердің ақпаратқа қол жеткізуі шектеліп, президент Тоқаев 2024 жылдың 19 маусымында қол қойған «Массмедиа туралы» заң нормалары өрескел бұзылып отыр, деп хабарлайды Orda.kz.

Бүгінде түрлі себептермен сот отырыстары түгелдей немесе жартылай бұқаралық ақпарат құралдарынан «тасада» өтіп жатыр. Мысалы, қайырымдылықпен айналысқан Перизат Қайрат пен «VIP жеңгетай» Айкаға қатысты атышулы істерді еске түсірейік. Екі айыпталушы да өз кінәсін мойындаған жоқ, істеген ісіне өкінбеді және прокурормен процессуалдық келісімге келмеді. Сондықтан бұл істерді жеделдетілген тәртіппен қарауға заң жол бермейді. Соған қарамастан, сот процестері небәрі екі апта ішінде жылдам өтіп, қарапайым халықтың, заңгерлер мен журналистердің ойын сан-саққа жүгіртті.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл сот істерінің негізгі бөлігін әдейі қоғамнан жасырды деп күдіктенді.

Себебі қылмыстық іс материалдарында ауқатты, ықпалды әрі танымал тұлғалардың аты-жөні кездесуі мүмкін. Олар елдің өз аттарын сот істерінде естігенін қаламаған сыңайлы. Перизат Қайратқа қатысты іс «банк құпиясын сақтау» деген желеумен ішінара жабық өтті. Ал Айка ісі «жыныстық сипаттағы мәліметтер бар» деген уәжбен толық жабылды. Осының салдарынан жұрт Перизат Қайратқа сән-салтанатты өмір сыйлаған шынайы қамқоршылардың кім екенін де, Алматы мен Дубайда Айка ұйымдастырған жекеменшік кештерге қандай танымал адамдар қатысқанын да біле алмай қалды.

Перизат Қайраттың соты. Фото: Ольга Ибраева

Ал жемқорлық пен экс-құқық қорғау органдары қызметкерлерінің азаптау деректеріне қатысты істердің не себепті құпияға айналғаны ешкімге түсініксіз. Бір жыл бұрын журналистер мұндай отырыстардан тікелей репортажды емін-еркін жүргізіп отырған болса, бүгінде олардың қатысуына мүлде тыйым салынған. Бұл жағдайға не себеп болуы мүмкін. Мәселенің мән-жайына үңілейік.

Екіұшты стандарттар

2025 жылдың көктемінен бастап көпті қызықтырған мәліметтерге шек қойылым, БАҚ-тың «аяғына тұсау салынды». Бұл мәселе қандай да бір даулы мақала жарияланғаннан немесе сот не прокуратура ғимаратындағы әлдебір оқиғадан кейін туындаған жоқ. Біздіңше, бұл шектеулер қолдан жасалып, бірте-бірте «үйреншікті» бола бастады.

Аймақтық соттардың баспасөз қызметтері бір сәтте алда өтетін сот отырыстары жайлы хабарлауды тоқтатты. Салдарынан көптеген үкімдер жайлы журналистер тек кейіннен, іс біткен соң ғана естіп жатады.

Айтпаса сөздің атасы өледі. Астанадағы меншікті тілшіміз Анастасия Прилепская Перизат Қайрат ісі бойынша алдын ала тыңдау қашан және қай жерде өтетіні жайлы сұрағанда, елордалық соттардың баспасөз хатшысы оған ешқандай ақпарат бермеді. Ал кейін бұл тыңдауларға кейбір медиа өкілдері қатысқанын естігенде, әрине, әріптесіміз жағасын ұстады.

Бүгінде сотқа қатысатын тілшілер қажет деректерді көбіне құқық қорғау органдарындағы, адвокатура мен қамаудағылар арасындағы жеке дереккөздерінен алып жататыны бесенеден белгілі шығар. Мәселен, олар белгілі бір сотта аса ірі көлемде бюджет қаржысы ұрланған іс не азаптау фактілері қаралып жатқанын біледі. Сонда үмітпен барып, материал дайындамақ болады. Алайда судья дереу процестің жабық өтетінін жариялайды. «Қылмыстық істің материалдарында мемлекеттік құпия бар» дегенді айтады да, тілшілердің аузына құм құяды. Амал жоқ, кері қайтуға тура келеді. Солайша қысқа жаңалық қана жазуға мәжбүр болады. Мұндай шешімге қарсы шыққан журналистер бірен-саран ғана.

Media Qoldau құқықтық медиаорталығының заң қызметі жетекшісі Гүлмира Біржанова бұл мәселе жөнінде былай дейді:

«Журналист ақпаратқа қол жеткізу шектелген жағдайда жоғары тұрған сотқа немесе Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне шағым түсіре алады. Сонымен қатар өңірлік және қалалық соттардағы қоғаммен байланысқа жауапты үйлестіруші судьяларға немесе медиа заңгерлерге жүгінуге болады. Бұл да тиімді жол. Өз шағымында журналист болған оқиғаны сипаттап, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң мен ҚПК нормаларына сүйенуі керек. Көп жағдайда осындай даулы мәселелер шешімін табады, тек соттар құпия режимде өтіп жатқан кезде ғана шешілмеуі мүмкін». 
Гүлмира Біржанова. Фото: Жеке архивтен

 Бұрынғы жылдары журналистер «Сот кеңсесі» деректер қорынан қажет мәліметтерді еш кедергісіз алып отыратын. Алайда 2025 жылдың сәуірінен бастап бұл жүйеге қол жеткізу қиындай түсті. Енді алдымен ЭЦҚ арқылы тіркелу қажет, содан кейін күніне бес сауалдан артық жолдау мүмкін емес. Бірақ бұл әрекеттер де қажетті ақпаратты табуға кепіл бола алмайды. Біз байқағанымыз — көбіне сот істері жайлы мәліметтер «Сот кеңсесіне» өте кеш жүктеледі не мүлде жарияланбайды. Кейде үкім орнына «бұл істі жариялауға болмайды» деген белгі ғана тұрады.

Медиа заңгердің айтуынша:

«Сот актілерін жариялау — бұл жеке деректерді тарату мәселесімен тығыз байланысты. Біздің сот жүйесіне көптен бері сот актілеріндегі азаматтарға қатысты мәліметтерді ашық қолжетімділіктен алып тастау керек деген ескерту жасалып келеді. Алайда бұл іс оңай емес, іс санының көптігін ескерсек, тіпті мүмкін емес деуге болады. Сол себепті іс тараптары «жариялауға болмайды» деген таңдауды «Сот кеңсесінде» өздері белгілей алады». 

Әрине, қандай да бір істің не себепті құпияланғанын нақтылау үшін Жоғарғы Сотқа, Бас прокуратураға немесе ҰҚК-ге ресми сұрау жолдауға болады. Бірақ біз өз тәжірибемізден білетініміз — комитет өкілдері ашықтық танытқан емес. Қанша мәрте олардың ішкі қауіпсіздік пен жемқорлықпен күрес жайлы не резонанс тудырған істер бойынша сауал жолдасақ та, қысқа әрі ресми жауаптар ғана бере салатын. Кейде мүлде жауап бермей, «тергеу деректері құпия» деген 201-бапқа, не «Мемлекеттік құпиялар туралы» заңға, болмаса «Ұлттық қауіпсіздік туралы» заңға сілтеме жасайтын. Бұл жерде амал жоқ. Мемлекеттің мүддесі бәрінен жоғары!

Бірақ соңғы кездері арнайы прокурорлар тергеп жатқан азаптау істерінің басым бөлігі неге жабық өтетін болып кетті? Бір жыл бұрын журналистер бұрынғы құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қатысты азаптау айыптары бойынша сот процестерін еркін жариялап отыратын. Мысалы, Қаңтар оқиғасы кезінде Қошмамбеттегі арнайы қабылдау орнында қамауға алынған Қырғызстан азаматы, джаз музыканты Викрам Рузахунов пен Орталық Азия елдерінен келген тағы 44 азаматқа жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты атышулы істі еске түсірейік.

2024 жылдың қыркүйегінен 2025 жылдың қаңтарына дейін бұл іс Алматы облысының арнайы сотында судья Дінмұхаммед Айдайбаевтың төрағалығымен ашық түрде қаралды. Процесті ондаған БАҚ өкілдері мен құқық қорғау ұйымдары жариялап отырды. Ол кезде ешкім бұл даулы істі қоғамнан жасырмақ болған жоқ, тіпті ІІМ-нің беделіне көлеңке түсірмеу үшін «мемлекеттік құпияны» сылтауратып, процесті жабуға тырысқандардың қарасы да көрінбеді.

Істе Жетісу облысы Қарасай аудандық полиция бөлімінің бес бұрынғы қызметкері мен Алматы қалалық ПД-нің экс-басшысының орынбасары айыпталушы ретінде танылды. Оларға «азаптау», «қатыгездікпен қарау» және «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» баптары бойынша үкім шығарылып, әрқайсысы үш жылдан түрме жазасына кесілді. Бұл үкім 2025 жылдың маусымында облыстық соттың апелляциялық алқасында күшінде қалдырылды.

Қошмамбеттегі азаптау болған жер. Фото: Ринат Рафхат

Ал айыпталушыларға қатысты «Хоргос ісі №1» бойынша күдіктілерге жасалған азаптаулар туралы сот отырыстары не себепті жабық өтіп жатыр? Бұл оқиғалар 2011 жылы болған еді. Резонанс тудырған істі сол кезде Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері тергеген. Олар кеден брокерлері, кәсіпкерлер, Кеден мен ҰҚК бөлімшелерінің басшыларын қоса алғанда, ауыр қылмыс жасады деген күдікпен жалпы саны 47 адамды ұстаған болатын. Ал қазір сол тергеушілердің өздері азаптады мен дәлелдерді қолдан жасады, бұрмалады деп айыпталып отыр.

Алматы мен Астанадағы соттар неге бұл істі құпия қалпында қарауды жөн санағаны бізге беймәлім. Оның үстіне, 2014 жылдың маусым айында «Хабар» телеарнасында «Хоргос ісі №1» туралы екі бөлімнен тұратын арнайы бағдарлама көрсетілді. Онда қаржы полициясының жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары, күдіктілердің тыңдалымдары, жасырын бейнебақылау арқылы жазып алынған кездесулер, агент Санычтың қатысуымен өткен эпизодтар жалпы сипатта көрсетілген еді. Сол кезде бұл әрекеттер «мемлекеттік құпия» саналмаған. Ал енді ше? Бәлкім, бұл істің басты фигуранттары кезінде ықпалды әрі «тау қозғалса да, қозғалмайтын» Қайрат Қожамжаровтың тобында болғандықтан, біреулер олардың аттары жұртшылықтың құлағына қайта жеткенін қаламай ма?

Заңгер Біржанованың пікірі мынадай:

«Сыбайлас жемқорлық пен жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты резонанс тудырған істердің жабық түрде қаралуына көбіне айыпталушылар мен олардың адвокаттары бастамашы болады. Бұрын, шамамен үш-төрт жыл бұрын, мұндай істер бойынша соттар үкімді қысқаша хабарлап, істің өзіне көп тоқталмайтын. Ал қазіргі таңда бұл бағыт өзгерді. Көп жағдайда үкімдер ашық қолжетімді. Жоғары лауазымды тұлғаларға қатысты істерде де соттар адвокаттардың «жабық өтуі керек» деген өтініштерін әрдайым қолдай бермейді. Өйткені халықтың сот жүйесіне деген сенімі — ашықтық пен жариялылыққа негізделеді». 

Қалай десек те, бұл екіұшты стандарт. Сонда 2022 жылдың қаңтарындағы полициядағы азаптау фактілері жайлы айтуға болады. Ал 2011 жылғы қаржы полициясындағы азаптаулар туралы айтуға болмай ма? Мұндай көзқарас түсініксіз әрі қисынсыз.

Біз қаржы полициясы қызметкерлеріне қатысты азаптау ісін жария етуге тырыстық. Алматы қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың баспасөз қызметіне хабарласып, сот отырысына қатысуға келісім алдық. Алайда сот отырысына келгенде, біздің залдан шығуымызды сұрады. Судья Әсия Қалқаева бұрынғы екі қызметкерге қатысты істі жабық түрде қарау туралы шешім шығарды. Оның айтуынша, істің материалдарында «мемлекеттік құпиялар бар» екен. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 29-бабы «Жариялылық» бұл жағдайда сот процесінің ашықтығын шектеуге жол береді. Егер ол мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге де құпиялардың сақталуына қайшы келсе солай болады. Енді тек үкімнің жария етілуін күтеміз. Судья оған қатысуға рұқсат берді.

Дегенмен, Астанадағы мамандандырылған сотта өткен осыған ұқсас істің нәтижесі белгілі. 2025 жылғы 17 маусымда бұрынғы қаржы саласындағы үш полицей мен бір экс-түзеу мекемесінің бастығы Хоргос ісі бойынша ұсталған азаматтарды азаптағаны үшін кінәлі деп танылып, үш және төрт жылға шартты немесе нақты мерзімге сотталды.

Үшінші сот процесіне қатысты нақты ақпарат жоқ.

«Время» сайты 2025 жылдың ақпанында Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Залина Махарадзе азаптау ісі бойынша айыпталған бұрынғы қаржы полициясының қызметкерін ақтап шыққанын жазды. Алайда бұл үкімге кейінірек қалалық прокуратура қарсылық білдірген. Іс қайтадан аудандық сотқа басқа судьяның қарауына жіберілді ме, әлде арнайы прокуратураға қосымша тергеуге жолданды ма... Ол жағы беймәлім. Біздің жаңалықтар бөлімінің продюсері бұл мәселені анықтау үшін Алматы соттарының баспасөз хатшысымна бірнеше мәрте хабарласуға тырысқан. Бірақ еш нәтиже болмады. Оның хабарламалары мен қоңырауларына жауап бермеді, кейін бір рет қана телефон тұтқасын көтеріп, мән-жайды анықтап қайта хабарласатынын айтқанымен, қайта хабарласпады. 

Соттардың баспасөз қызметі үнсіз отырған соң, бізге тек құқық қорғау органдарындағы, адвокаттар қауымдастығындағы немесе қамауда отырғандар арасындағы ақпарат көздеріне сүйенуден басқа амал қалмайды.

Осылай ғана істің нақты жай-жапсарын білуге болады. Егер ондай дереккөздер болмаса, өз бетіңмен шындыққа қол жеткізу өте қиын.

Өкінішке қарай, соңғы уақытта мемлекеттік айыптаушылардың да БАҚ-пен арадағы байланыстан алшақтай бастады.

Сот үкімі шыққаннан кейін де пікір білдіруден бас тартып, журналистерден бой тасалап кетуге тырысады. Тіпті, алдын ала тыңдалымдар кезінде сот отырысына тілшілердің қатысуын шектеуді де жиі сұрайды. Бұрын мұндай өтініштерді негізінен айыпталушылардың қорғаушылары жасайтын, ал 2025 жылдан бастап мұндай бастамаларды жиі прокурорлар көтере бастады.

Мысалы, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың ақпанына дейін әскери сотта қаралған, қаңтар оқиғалары кезінде Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановтың атып өлтірілуіне қатысты атышулы іс кезінде де дәл осындай жағдай болды. Процесс Алматы гарнизонының әскери сотында өткен еді.

Куәгер мемлекеттік айыптаушыға «Қантара» операциясы кезінде Ұлттық гвардия жауынгерлерінің орналасқан жерін көрсетіп тұр. Фото: Orda.kz

Мемлекеттік айыптаушы Елжан Көбей соттың алғашқы отырысында процесті жабық өткізу туралы өтініш білдірді. Ол өзінің талабын қылмыстық іс материалдарында «Қызметке пайдалану үшін» (ҚПҮ) деген белгісі бар құжаттардың болуымен негіздеді. Біздің түсінуімізше, бұл құжаттар Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміндегі әскери қызметшілердің коменданттық сағат кезінде атқарған қызмет тәртібі мен терроризмге қарсы операциялар кезіндегі әрекеттер ережелеріне қатысты мәліметтерден тұрған.

Алайда қылмыстық істегі материалдарда мемлекеттік құпиялар болмағандықтан, судья Айдар Секенов БАҚ өкілдерінің процеске қатысуына рұқсат берді, тек «ҚПҮ» белгісі бар құжаттар қаралатын отырыстардан ғана шектетілді.

Айыпталушы — 5571 әскери бөлімінің бұрынғы командирінің орынбасары Айтжан Әубәкіров ҚР ҚК 451-бабының 2-бөлігі бойынша «ауыр зардаптарға әкелген билікті асыра пайдалану» айыбымен кінәлі деп танылып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол подполковник шенінен айырылып, жәбірленуші тарапқа моральдық шығын ретінде 20 миллион теңге өндіріп беруге міндеттелді.

«ҚПҮ құжаттары – ақпаратқа қолжетімділікті шектеудің негізі бола алады, бірақ процесті толығымен жабуға себеп бола алмайды. Егер қылмыстық іс материалдарында ҚПҮ құжаттары болса, онда сол құжаттар зерттелетін бір-екі отырыс ғана жабық форматта өтуі тиіс», – дейді медиа заңгер. 

Қолдан жасалған кедергілер

Таңғаларлығы сол, бірнеше жыл бұрын соттарда мемлекеттік қаржыны миллиондап жымқыру істері ашық қаралатын. Ол кезде ешкім процесті «банк құпиясы» немесе «жеке деректерді қорғау» деген желеумен жапқан жоқ. Мәселен, 2023 жылы Алматы гарнизонының әскери сотында ІІМ-нің Оңтүстік өңірі бойынша әскери-тергеу басқармасының қаржы қызметінің бұрынғы басшысы, азаматтық маман Мақсат Мұқатқа қатысты іс қаралды. Ол 126 млн теңгені жымқырды деп айыпталды. Ең қызығы – ол бұл қаржыны әскери тергеушілердің дәл жанында отырып, жеті жыл бойы ұрлап келген.

Сотта Мұқаттың қызметтік өкілеттігін пайдаланып, ІІМ әскери-тергеу басқармасының қаржысын әртүрлі жеке тұлғалардың есеп шоттарына заңсыз аударып келгені дәлелденді. Судья Зарина Рахметова жеке тұлғалар шотындағы қаржы аударымдарын талқылаған сәттерге қатысуымызға рұқсат берді. Біз сондай-ақ 2022 жылдың мамырында басқармада аудит жүргізіп, айтарлықтай жетіспеушілікті анықтаған маманның онлайн-куәлігін де тыңдадық. Гарнизондық сот бұл материалдардан ешқандай құпия бар демеді. Мүмкін, бұл жолы істің ішінде белгілі лауазым иелері емес, қарапайым азаматтардың есімдері мен шоттары ғана айтылған соң біз емін-еркін тыңдаған болармыз?

Айыпталушы Мұқат кінәсін ішінара мойындады. Ол жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, ұрланған ақшаның бір бөлігін өз еркімен қайтарды. Нәтижесінде гарнизон соты оны ҚК 189-бабының 4-бөлігі бойынша «өзгенің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі көлемде ысырап ету немесе жымқыру» айыбымен кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл істі неге еске алып отырмыз? Себебі 2025 жылдың наурызында БАҚ-та Алматыдағы №13 қоныс-колониясының бұрынғы бастығы, әділет полковнигі Бекзат Әкімбайдың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Оны сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша күдікті ретінде ұстағаны жазылды. Бірақ бастапқы ЕgovPress Telegram-арнасының дереккөзі нақты қандай құқықбұзушылық жасалғанын көрсетпеді. ІІМ ҚАЖК-нің баспасөз қызметі де бұл туралы егжей-тегжейлі мәлімет бермеді, тек күзетке алынған сәтте Әкімбайдың ішкі істер органдарының қызметкері болмағанын хабарлаумен шектелді. Алайда, БАҚ мәліметінше, ол жұмыс орнында, кеңсесінде ұсталған.

Кейін біз сенімді дереккөздерден соттың өткенін білдік. 2025 жылдың 13 маусымында Түрксіб аудандық сотында үкім жарияланған. Бірақ «сот кеңсесі» базасынан үкім мәтінін табуға тырысқанда, істі жариялауға болмайды деген белгіге тап болдық. Бұл — біз үшін түсініксіз жайт. Өйткені қылмыстық-атқару жүйесіндегі қарапайым жемқорлық ісі туралы үкім неге жарияланбауы керек? Бұл – тыңшылық, мемлекеттік төңкеріс немесе әскери құпияларды сату ісі емес қой!

Егер біз бұл істің мән-жайын өз арналары арқылы біліп, деректерді мұқият тексеріп, мақала жазсақ, ҚК-нің 147-бабы «жеке өмірге қол сұғушылық және дербес деректер туралы заңнаманы бұзу», не болмаса 423-бабы «сотқа дейінгі тергеу немесе жабық сот процесі деректерін жария ету» бойынша қудалауға ұшыраймыз ба?

«Сот кеңсесінде» жариялауға болмайды деген белгі үкімнің БАҚ-та жариялануына тыйым салынғанын білдірмейді. Журналистердің дерек алу көздері әртүрлі болуы мүмкін. Егер бұл – резонанс тудырған іс немесе жалпы ашық сот процесі болса, онда «үкім заңды күшіне (енбеді/енді)» деген белгімен материал жазуға толық болады. Әрине, ескеретін жайттар бар. Мысалы, кәмелетке толмағандарға немесе жыныстық қолсұғылмаушылыққа қатысты істерде жәбірленушілердің деректерін жарияламау өте маңызды талап. Әсіресе, процесс жабық өтсе. Журналист мұндай істерде этикалық шекараны әрдайым есте ұстауы керек», – дейді медиаюрист Біржанова.

Енді резонанс тудырған істердің тікелей эфирлеріне тоқталайық. Қазір журналистерді сот залынан бөлек, арнайы брифинг-залға отырғызады. Онда үлкен экран арқылы процесті қадағалаймыз. Егер бейне мен дыбыс сапасы жоғары болса – жақсы. Бірақ сапа нашар болса қайтпек керек? Сот әкімшілігі үнемі сот отырысының бейнежазбасы бар екенін айтып, «жұбатады». Қажет болса, сот хатшысы жазбаның көшірмесін бере алады дейді. Бірақ біз ол көшірмені қайта-қайта сұрап алу қандай қиын екенін жақсы білеміз. Сол себепті шу шығатыны да жасырын емес. Тек кейде ғана бізге қажетті бейнематериал ұсынылады.

«Резонанс тудырған істер бойынша бейнетрансляцияны сот тәжірибесіне енгізу – өте дұрыс қадам. Бұл бастаманы жалғастыру қажет. Алайда журналистердің сот залына кіруіне байланысты қиындықтар бар. Мұндай жайттар бірнеше рет қайталанды. Судьялар онлайн-трансляцияны қамтамасыз ете отырып, қоғам алдында толық ашықпыз деп есептейді. Бірақ БАҚ-тың өз жұмысы бар. Телеарналарға – сапалы бейнематериал, интернет-басылымдарға – эксклюзив керек. Сондықтан журналистер резонанс тудырған істерге ерекше қызығушылық танытады, ал редакциялар үшін өз контенті маңызды. YouTube трансляциясы бұл сұранысты толық өтей алмайды. Сондықтан журналистерді тікелей сот залына кіргізу мәселесін шешу керек. Егер бұл жүзеге асса, БАҚ сот процестерінен сапалы әрі жедел материал әзірлей алады. Бұл – қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыратын маңызды фактор», – дейді медиаюрист Біржанова.

Қазіргі таңда бұрынғы комитет қызметкерлеріне қатысты әртүрлі сыбайлас жемқорлық пен қылмыстық істердің қай органға қарасты екені әлі күнге дейін анық емес. Бұрын мұндай істерді арнайы прокурорлар мен ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік департаменті жүргізетін. Қазір тергеуді кім жүргізіп жатқаны белгісіз. Besmedia порталының тілшілері бұл жөнінде ҰҚК-ге ресми сауал жолдаған еді. Алайда комитеттен мардымды жауап келген жоқ. Біз уәклетті органдардың бұрынғы комитет қызметкерлеріне қатысты істерді әділ, жан-жақты және бейтарап тергеп-тексеруді жалғастырады деп үміттенеміз.

Бұл істердің бір бөлігі қоғам назарына ұсынылатынына сенгіміз келеді. Мысалы, 2024 жылы біз Алматы қаласының Алмалы аудандық сотындағы ашық сот процесінен эксклюзив репортаждар жарияладық. Онда қалалық ҰҚК департаментінің бұрынғы бөлім бастығы, подполковник Жанен Айтқұлов ҚР ҚК 362-бабының 4-бөлігі «билікті немесе қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану» бойынша айыпталды. Айыптаушы тараптың мәліметінше, ол 2019 жылдың күзі мен 2022 жылдың көктемі аралығында ұлттық қауіпсіздік бағыты бойынша ІІМ-ге қарасты тергеу изоляторын бақылауында ұстаған.

Қызметтік өкілеттігін пайдалана отырып, Айтқұлов сол изоляторда алты VIP-камера ұйымдастырған.

Оның ықпалындағы үш сотталған азамат өзге тұтқындардан сол камераларға ауысу үшін ақша жинаған. Жинаған қаражат құны 500 мыңнан бастап 5 миллион теңгеге дейін жеткен. VIP-камераға түскендерге шектеусіз ұялы байланыс, сапалы тағам және тексерулерден босатылу сияқты артықшылықтар уәде етілген.

Айтқұловтың өзі ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінде қызмет еткеніне қарамастан, ол сол қылмыстық топтардың өзінен пайда көруге тырысқан.

Қылмыстық топ өкілдерін әшкерелеудің орнына, тергеу изоляторында «ақылы камералар» арқылы өзіне пайда түсіретін «кәсіп» бастап кеткен. Сонымен қатар, ол тұтқындардың туыстарынан қымбат сыйлықтар алып отырған.

Orda.kz порталына осындай тосын процесті жариялауға рұқсат берген судья Құралай Дархановаға алғысымызды білдіреміз.

Алайда бұл рұқсат белгілі бір шартпен берілді. Бізге фото-видеоға түсіруге және қатысушылардың сөзін диктофонға жазуға тыйым салынды. Судьяның айтуынша, ол басты сот отырысы кезінде зейінінің бұзылғанын қаламаған. Біз бұл талапты қабыл алдық және өкінбедік.

Айтқұлов кінәсін мойындаған жоқ. Ол өзін жала жабудың және «ҰҚК ішіндегі кланаралық тартыстың құрбаны» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, іс ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік қызметкерлері тарапынан қолдан жасалған. Себебі ол өзінің бұрынғы басшысы – Алматы қалалық ҰҚК департаментінің бесінші басқарма бастығына қарсы куәлік беруден бас тартқан. Айтқұлов сотта жаңа басшылықтың ескі кадрлардан құтылуға тырысып жатқанын, ал ведомствода астыртын ойын жүріп жатқанын айтты. Ақыр соңында қарапайым қызметкерлер зардап шегеді. 

Бүгінде осындай сот процестерін ашық жариялауға рұқсат етіледі дегенге сену қиындап барады.

Былтыр Айтқұловтың ісін қызыға зерттеген едік. Аудандық сотта онлайн және офлайн режимде оның бұрынғы әріптестері – қазіргі және бұрынғы ҰҚК офицерлері куәлік берді. Олар айыпталушы жайлы пікір айтып, қызмет барысы туралы ашық баяндады. Құпия деп ештеңені жасырмады, тіпті Айтқұловтың бөлім бастығы ретіндегі 2022 жылғы еңбекақысы да айтылды. Барлық үстемақы мен сыйақыны қоса алғанда, 650 мың теңге.

Біз үшін сотталушылардың соттағы куәліктері өте әсерлі болды.

Айыптаушы тарап оларды Айтқұловтың сенімді адамдары деп таныды. Олар куәлікті колониядан немесе тергеу изоляторынан қашықтан берді. Өздерінің сөзінше, тергеу кезінде қысымға, бопсалауға, тіпті азаптауға ұшырап, бастапқы куәліктен сотта бас тартты. Кейбірі соттан өздерін қылмыстық процестің қатысушыларын қорғау бағдарламасына қосуды сұрады. Себебі олар ҰҚК-нің ішкі қауіпсіздік қызметі кек алуы мүмкін деп қауіптенген.

Сотта сондай-ақ тергеу изоляторының жедел және режимдік бөлімдерінің қазіргі және бұрынғы қызметкерлері, сондай-ақ Алматы қаласы бойынша ҚАЖК ішкі қауіпсіздік басқармасының өкілі де жауап берді. Олар түрмедегі ішкі тәртіп пен Айтқұловтың тапсырмаларын қалай мүлтіксіз орындағандарын түсіндірді. Бұл мәліметтер сот залына жиналғандарды таңғалдырды. Бірақ судья Дарханова ешқандай отырысты «қызметтік пайдалануға арналған құжаттар» деген сылтаумен жабық өткізген жоқ. 2024 жылдың 3 сәуірінде ол Жанен Айтқұловты кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Қорытынды

2025 жылдың жазына дейін журналистер сот отырыстарын жариялау үшін қалалық соттың баспасөз қызметінен аккредитация алып немесе сот кеңсесіне телефон шалып, рұқсат сұрап келген. Енді кейбір сот хатшылары тілшілерге сотқа бармас бұрын е-Otinish платформасы арқылы ресми сұраныс жіберу керек екенін айтып отыр.

Біз еліміздің заңнамасын қатаң сақтаймыз және кез келген мемлекеттік органмен ашық әрі сындарлы диалогқа келуге дайынбыз. Бірақ шенеуніктердің есіне салғымыз келетін жайт бар. 2024 жылдың 19 маусымынан бастап елімізде «Масс-медиа туралы» жаңа заң күшіне енді. Бұрынғы «БАҚ туралы» заңның күші жойылды. Егер жаңа заңның мәтінін толық оқуға уақыт таппасаңыз, онда ең болмағанда 26-бабындағы «журналистің құқықтары мен міндеттері» деген бөлімге назар аударуыңызды сұраймыз. Онда кімнің қандай міндеті бар екені нақты жазылған.

Автор: Жанар Құсанова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар