Қазақстанда АЭС қосылатын жаңа электр беру желісі 2029 жылға қарай аяқталады

cover Фото: KEGOC

Қазақстанның энергия жүйесін жаңарту жобалары «Самұрық-Қазына» АҚ қоғамдық кеңесі отырысында талқыланды. KEGOC жүйелік операторы 2024 жылды қорытындылап, таяу және ұзақ мерзімді жоспарлары туралы айтып берді, деп хабарлайды Orda.kz.

Желіні жаңарту

Ұлттық электр желісінің (ҰЭЖ) озық дамуы есептегі негізгілердің бірі болды. KEGOC басшысы Нәби Айтжанов атап өткендей, 2035 жылға дейін жүйелік оператор осы бағытта бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

«Осындай жобалардың бірі - «Солтүстік-Оңтүстік» тұрақты ток желісін салумен Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру. Жоба Солтүстiк-Оңтүстiк транзитiнiң өткiзу қабiлетiн 2 000 МВт-қа дейiн арттыруға, сондай-ақ АЭС мен жаңартылатын энергия көздерiн тиiмдi ықпалдастыруға мүмкiндiк бередi. Жобаның аяқталу мерзімі - 2029 жыл», - деп нақтылады Нәби Айтжанов. 

Тағы бір перспективалы жоба - Астананың сыртқы электрмен жабдықтау схемасын күшейту. Электр энергиясына қажеттiлiктерi өсiп келе жатқан қала үшiн екiншi сыртқы қоректендiру көзi ретiнде 500 кВ сандық қосалқы станция салу жоспарланған. Қазір жобаның ТЭН әзірленуде, ал құрылысты 2028 жылы аяқтау көзделіп отыр. Жаңа қосалқы станция да ЖЭК интеграциясына жағдай жасайды.

Нәби Айтжанов баса назар аударған үшінші жоба - «Батыс-Оңтүстік» тұрақты тоқ беретін жаңа желісі, ол елдің энергия жүйесінің барлық аймақтарын бір айналымға біріктіре отырып, батыс және оңтүстік өңірлерді байланыстырады.

Бұдан өзге, ол 2025 жылы ұлттық электр желісінің сенімділігі мен үздіксіз жұмысын қолдау үшін KEGOC еліміздің бірқатар өңірлерінде энергия тұтынудың өсуі жағдайында қуатты автотрансформаторларды ауыстыру бойынша іс-шараларға 22,8 млрд теңге бағыттайтынын хабарлады.

«Жетіқара, Нұра, Сарыөзек және Сазтөбе негізгі қосалқы станцияларында белгіленген қуаттылықтың өсімі 860 мегаватт ампер болады. 2029 жылдың соңына дейін 18 нысандағы күштік автотрансформаторларды жаңғырту және ауыстыру қуаттылығын 1 837 мегаватт-амперге арттыруға мүмкіндік береді», - деп қосты Нәби Айтжанов. 

Жүйелік оператор жұмыс істеп жатқан ағымдағы жобалар туралы айта келе, KEGOC басшысы ұзындығы 475 шқ болатын 500 кВ желісін салумен Оңтүстік аймақ желісін нығайтуды, 500 кВ (604 шқ) желісін салумен Батыс Қазақстанның энергия жүйесін Бірыңғай электр энергетикалық жүйемен біріктіруді және басқа да бірқатар жобаларды атап өтті.

Сенімділік пен өсім 

Қоғамдық кеңес алдында сөз сөйлеген KEGOC басшысы компания жылды барлық бағыттар бойынша айтарлықтай өсіммен аяқтағанын және елдің энергетикалық саясатының басымдықтарын іске асыра отырып, сенімді алға жылжуды жалғастыратынын атап өтті.

«Қазақстанда электр энергиясын тұтыну бір жыл ішінде 4,3% -ға өсті және бұл KEGOC қызметтері көлеміне әсер етті. Ұлттық электр желісін беру және пайдалану бойынша жалпы көлем 93,9 млрд кВт/сағ болды - 2023 жылмен салыстырғанда 30% -ға жоғары. Қаржылық қорытындылар - тұрақтылықтың тағы бір көрсеткіші: компанияның таза пайдасы 59,5 млрд теңгеге жетті немесе өткен жылға қарағанда + 37,1%.  Ал 2025 жылы тағы 11% өсім күтеміз», - деп нақтылады Нәби Айтжанов. 


Ол сондай-ақ қоғамдық кеңестің назарын KEGOC әлеуметтік тұрақтылық рейтингінде орнықты позициясын сақтап отырғанына және «Самұрық-Қазына» Қоры тобындағы компаниялар арасында 3-ке кіретініне аударды. S&P деректері бойынша компанияның ESG-рейтингі - 55 балға жетті және ол одан әрі өсе түседі. Компания жасанды интеллект пен автоматтандыруды белсенді енгізіп жатыр, қазірдің өзінде ішкі процестердің 49%-ы цифрландырылған. 2032 жылға дейінгі мақсат - 90% -ға жету.

«Энергия тұтынудың өсуі мен өндірістің қарқынды дамуы жағдайында желінің сенімділігі мен технологиясы бірінші орынға шығады. KEGOC осы трансформацияның орталығында  және елдің болашақ энергия жүйесінің негізін қалыптастырады», - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Елжас Отыншиев. 

Қоғамдық кеңес KEGOC жұмысын оң бағалады. Қатысушылар компания жобаларының ел энергетикасын дамытудағы маңыздылығын атап өтіп, өңірлермен өзара іс-қимылды күшейту, кадрлық әлеуетті дамыту және цифрлық шешімдерді кеңейту бойынша бірқатар ұсыныстар айтты.

KEGOC өкілдері алдағы жұмыста айтылған ұсыныстарды ескеруге дайын екендерін білдірді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар