Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бағыттары нақтыланды

cover Фото: gov.kz

Қазақстан азаматтарын Ираннан эвакуациялау бағыттары ресми түрде бекітілді. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, отандастарымыз елге көршілес мемлекеттер арқылы кезең-кезеңімен жеткізіледі, деп хабарлайды Orda.kz. 

Атап айтқанда, Армения тарабымен Иран–Армения шекарасы арқылы кедергісіз өту жөнінде келісім жасалған. Сонымен қатар Әзірбайжан мен Түрікменстан билігі де гуманитарлық тұрғыда қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қажет болған жағдайда эвакуация осы елдердің аумағы арқылы ұйымдастырылады.

Министрлік деректеріне сәйкес, қазіргі таңда ахуалы күрделі өңірлерде шамамен 8,5 мың қазақстандық бар.

Оның ішінде:

  • Біріккен Араб Әмірліктерінде – 3 500 адам,
  • Сауд Арабиясында – 3 000-ға жуық,
  • Қатарда – 1 500,
  • Иранда – 82,
  • Бахрейнде – 168,
  • Кувейт пен Иорданияда – 268,
  • Израильде шамамен 100 отандасымыз жүр.

СІМ өкілдері қазіргі уақытта зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылданатынын атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін сыртқы істер министрлігі 3 және 4 наурыз күндері Таяу Шығыс елдерінен қазақстандықтарды елге қайтара бастайтынын  хабарлады. 

Негізгі рейстер легі Сауд Арабиясы арқылы жүзеге асырылады. Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Мадияр Меңілбеков әуе компаниялары ұшуға қажетті барлық құжаттарды рәсімдеп қойғанын айтты. Оның сөзінше, корольдіктен Мәдина мен Жидда әуежайлары арқылы барлық қажылар елге жеткізіледі.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар