Қазақ эстрадасының тарихын жасаған тұлға – Бәйтереков: «Әлия» әніне 50 жыл

cover Коллаж: Orda.kz

 Қазақ музыка өнерінде тау тұлға көп. Дегенмен де, шоқтығы биік әрі ғасырға жуық қазақтың тек санасына ғана емес қанына сіңіп кеткен әндердің композиторы кім екені әдетте ұмыт қалады. Сейдолла Бәйтереков талай әншінің бағын ашқан тұлға. Қазақ сахынасында 50 жыл бойы шырқалып келе жатқан «Әлияны» орындаған Роза Рымбаева небары 19 жасында бүкілодақтық танымалдылыққа ие болса, Нағима Есқалиева, Бағдат Сәмединова, Мақпал Жүнісова, Нұрлан Өнербаев, Медеу Арынбаев сынды әншілердің өнердегі қадамдарының нық болуы композитордың шоқтығы биік әндерінде жатыр. Orda.kz тілшісі биыл тірі болса 80 жасқа толатын қазақ музыка өнеріндегі тау тұлғаның шығармашылығын зерделеді.

Сейдолла Бәйтереков қазақ музыка өнерінде ерекше құбылыс, феномен болған тұлға және оның есімі тарихта алтын әріптермен жазылғаны ақиқат. Бәйтереков туындылары қазақтың қанына сіңіп кеткен десек те болады. Өйкені, «Әлия» әнінің өзіне биыл 50 жыл толып отыр. Қысқа ғана ғұмырында жазған әндерінің барлығын дүйім жұрттың білуі сирек кездесетін бақ пен даңқ. 1945 жылы Түркістан облысы Кентау қаласында дүниеге келген композитордың өнердің биік шыңын бағындырар тұлғаға айналарын ешкім сезбеген де болар. Сейдолла Бәйтереков көп сөзге жоқ, биязы адам болған екен. Өзінің ішкі әлеміне қатты мән берген, көп сөзді көпіріп айтқанша, ішкі энергиясын сақтап, бар күшін әндеріне арнаған тұлға.

Видео: Qazaqstan/ Жарқын жүздесу бағдарламасы

Тіпті композитор көзі тірісінде-ақ қанша жасында дәм-тұзы таусыларын біліп, отбасына айтып жүрген екен. 53 жасында өмірден озған тұлғаның артында өшпес мұра болып әндері қалды. Иә, тау-тұлға туралы бұған дейін де талай деректі фильм, сұхбат, жыр-дастан жазылды, өйткені ол соған лайықты. Дегенмен де, біз мына қысқа-нұсқа ән мен музыканың сұранысқа орай ғұмырының да қысқарып, түрленіп бара жатқан тұсында Бәйтерековтей қазақ музыкасының бастауында тұрған тұлға жайлы жазу борышымыз. Композитор тек  әншілерге ғана емес көптеген театр қойылымдарына, кино фильмдерге де арнап музыка жазды. Оның әндері КСРО халық әртістерінің репертуарларының алтын қазығына айналды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың композитор Сейдолла Бәйтерековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын тапсырған сәті, 1994 жыл.

Жарты ғасыр шырқалып келе жатқан «Әлия» әні 

Қазақта ән құдіреті деген бар. «Әлия» сол құдіретке толы туынды. Әнді композитор небары 28 жасында жазған әрі алғашқы туындысы болған. Ең алғшқы әннің дәл осылай ғасырға жуық өмір сүрерін композитор өзі сезді ме екен?  Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған бұл әннің алғашқы орындаушысы ретінде халық Роза Рымбаеваны танығанмен, көбісі әнді, әу баста, Нағима Есқалиева орындағанын біле бермес. Ал 1977 жылы Болгариядағы халықаралық «Алтын Орфей» ән фестивалінде Роза Рымбаева көпшіліктің алдында шырқап, бас жүлдені ұтып алды. 19 жасар Рымбаеваға бүкілодақтық танымалдылықпен ән әлеміне қанат жайуына себепші болды. Бұл жайында халық әртісі Роза Рымбаеваның өзі былай деген болатын:

«Сейдолланың да, менің де өнердегі бағымды ашқан ән – «Әлия».


Фото: жеке мұрағатынан

Кейін әнші бұл қуатты, көтеріңкі әуенді бүкілодақтық «С песней по жизни» байқауында, одан кейін Сопоттағы байқауда табысты орындап шықты. «Әлияның» музыка әлеміне ғана емес жалпы қазаққа бергені мол. Өйткені, батыр қыз Әлия Молдағұлованың рухы туралы шырқалған ән сонау кеңес дәуіріндегі қазақ халқының рухын да көкке көтеріп тастады. Сонымен қатар, сол жылдары «Әлия» әні бүкілодақта танымалдылық алған соң, қазақ қыздарына осы атты қою үрдісі арта түскен екен. Ең бастысы «Әлия» кеңес дәуіріндегі ән байқауларында шырқалып, осыншама жетістікке жеткен алғашқы қазақ әні екенін бірі білсе бірі біле бермес.

Видео: AbayTV/ Жәдігер бағдарламасы

Бәйтерековтің есті әндерін еске салайық

Жалпы Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова, Бағдат Сәмединова сында қазақ музыка өнерінің шоқтығы биік қыздарының бағының жанып, кеңінен танылуға композитор Сейдолла Бәйтереков себепкер болғанын да көбісі біле бермес. Иә, әнді халыққа жеткізуші әнші болғанымен ол әу баста, қағазға өлең болып түспесе, кейіннен шебердің қолынан ноталанып, музыкаға айналмаса - ол әнді  әнші қайдан шырқасын. Сондықтан мұндай процесті командалық жұмыс деуге болады. Бір-бірін тапқанда ғана ғасырға жуық шырқалар туынды туары ақиқат. Нағима Есқалиева «Күнге табыну», Ермек Серкебаев,  достықтың әнұранына айналған «Дос туралы жыр», «Өмір-өмір» әндерін шырқаса, Әлібек Дінішев «Мөлдір сезім» атты туындыны шырқады. Ал Бағдат Сәмединова «Сарыарқа», Мақпал Жүнісова «Бір болайық» сынды композитордың туындыларын орындап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Бұдан бөлек көптеген композитордың есті әндері халықтың жадында жаңғырып қалды.

"Түркістан", "Кентауым", "Өмір-өмір", "Мөлдір сезім", "Жаңбырлы түн", "Кездер-ай", "Түсінбедім", "Бip болайык", "Сағындым дауысыңды", "Аралдан ұшқан аққулар", "Аман бол" секілді әндер - өміршең әндер! 

Сейдолла Бәйтереков әндерінің жаңа тынысы мен 80 жылдық

Сейдолла Байтереков 40 жасында үйленіп, бір ғана әйелді сүйіп өткен. Композитордың жары Ләззат Аханова композитормен отау құрғанда 21 жаста болыпты. Аханованың айтуынша, арада жас алшақтығы  жұбайлық өмірде мүлдем байқалмаған, терезесі тең әңгіме-дүкен құрып, бір-бірін қабағынан танитындай дәрежеге жетті. Бәйтерековтің шығармасына үңілгенімізде, оның қыр-сырын білген өмірлік серігінен композитор жайлы сұрастырдық. Ләззат Аханованың айтуынша, жұбайы оған бір көргеннен ғашық болған екен.

Ляззат Аханова / жеке мұрағатынан
«Ол маған сені кездестірген сәтте-ақ, менің өмірлік жарым болатыныңды бірден сездім деген. Ыдыс-аяқ сылдырламай жанұя болу қиын деп жатады ғой. Сол ыдысы сылдырламаған, бір қатты сөзге келіп, ұрсысып көрмеген отбасылардың бірі біз болған шығармыз. Менің өмірдегі жолымды ашқан осы Сейдолла болды. Биязы, сабырлы мінезі нағыз ер жігіттің байсалдылығы мені баурап алды», – деді композитордың жары.

Видео: Qazaqstan/ Жарқын жүздесу бағдарламасы

Алдағы уақытта Астана мен Алматы қалаларында Бәйтерековтің 80 жылдығына арналған концертін өткізу жоспары бар. Оның үстіне орайы келіп «Әлия» әніне 50 жыл, ал екінші дүниежүзілік соғысына 80  жыл толып отыр. Бұл атаулы мерейтойларды лайықты атап өтуіміз керек.

Сонымен қатар,  әлемге әйгілі композиторлардың өздері тірі болмаса да, артында қалған әндері заң бойынша бала-шағасының мұрасы болып қалады. Авторлық құқық бойынша, заңды өкілге ән қолданыста болған соң белгілі бір сомада қаражат түсіп тұрады. Осы тұрғыда арада қаншама жыл өтсе де Бәйтерековтің әндері әлі де сұраныста әрі қай заманда да қажетті болғандықтан авторлық құқықтан қаражат түсе ме деп те сұрастырдық.

Себебі, «Әлия» әнін айтпағанның өзінде басқа көптеген әндері қазіргі қазақ эстрадасында әлі күнге шырқалып жүрген әрі той-домалақ, караокеде де орындалады. Аханованың айтуынша,  соңғы жылдары еліміздің авторлық құқығынан шотқа 20 000 теңгенің айналасында ғана ақша түсіп тұрады.

«Шынымды айтсам, ол қандай ән үшін түсетінін де білмеймін. Маған ешкім нақты есебін беріп отырған жоқ. Сейдолланың әні шырқалмайтын жер жоқ қой елімізде. Оның көптеген әндері әлі де актуалды, соған қарамастан небары жиырма мың теңге деген қаражат, мен үшін түсініксіздеу. Оған қоса, бұл сома жүйелі түрде ай сайын емес екі-үш айда бір рет қана түседі»,– деді Аханова. 

Spotify мен Apple Music атты қосымшаларда композитордың көптеген туындылары эстрадамыздың көптеген әншілерінің орындауында тараған. Қосымшаларда барлық авторлар көрсетілген.  

Асылдың сынығы, әке жолы

Ләззат Аханова мен Сейдолла Бәйтерековтің шаңырағында Санжар мен Данияр атты қос ұл дүниеге келді. Оның бірі Санжар бүгін де әке жолын қуып,  Мәскеудегі Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияның композиторлық факультетін және ассистентурасын тәмамдаған. Алайда, Сейдолла Бәйтереков музыкада джаз, симфоникалық бағытта жылжыса, ұлы Санжар академиялық, классикалық жанрды таңдаған екен. Ол қазіргі таңда «Игеру» ансамблінің көркемдік жетекшісі.

Cанжар Бәйтереков / жеке мұрағатынан
 «Әкемнің өзгешілігі оның интуициясында, керекті әуенге керекті сөздердің дәл түсуі де біраз еңбек пен толыққанды сезіне білуді талап етеді. Ол үнемі сөзге қатты мән беретін. Сонымен қатар, оның стилінде джаз, симфония, қазақтың сарыны бір-бірімен қабаттасып жатыр. Сондықтан да болар оның әндері әлі де елдің есінде»,– деді ұлы.

13 жасында музыкаға кеш келген, Санжар Бәйтереков өнер әлеміне қадам басқанда әкесінің ізімен жүруді ойламаған өз жанрын табу үшін біраз уақыт ізденген екен.

«Менің кішкентай кезімде музыкаға деген аса қатты қызығушылығым бола қойған жоқ. Бірақ әкем өмірден өткен соң өзімнен-өзім осы саланы таңдаймын деген іштей бір сенім, ынта пайда болды. Мен де әкемнің жүрген жолымен жүруге тырысып көрдім, сол бағытта музыка жаздым. Бірақ, уақыт өте келе маған классикалық әрі академиялық бағыт жақын екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бұл жолды таңдағанда, бастапқыда анам, туыстарым, әсіресе әкем жағынан қатты мені түсіне қоймады. Дегенмен де, уақыт өте келе жетістіктерімді байқаған соң ойлары өзгерді», – деп бөлісті композитор.

Қазіргі таңда, Бәйтереков Австрия, Швейцария, Берлин, Германия, Франция сынды Еуропалық мемлекеттерде сұранысқа ие. Негізінен ол жаққа спектакльдер мен камералық музыкаға арнайы тапсырыспен туынды жазумен айналысады. Сонымен қатар, Бәйтерековтің ұлы қазіргі таңда әкесінің әндеріне ребрендинг жасау жоспары бар екенін жеткізді. 


«Мысалы отандық музыкалық ескі хиттерге жаңа тыныс сыйлайтын «Yeski taspa», «Oyu», Хабар арнасындағы «Кавер шоу» аты медиа платформаларға шығаруды қалап отырмыз. Алда әкемнің 80 жылдығына қатысты жоспар көп. Қазіргі жас Садраддин, Мирас Жүгінісов, Тұрар Ыдырыс, Еңлік сынды әншілер Сейдолла Бәйтерековтің әндерін мүлдем басқа стиль мен бағытта орындап көпшілікке жеткізсе,  жастар арасында тағы бір тыныс алар еді деп ойлаймын. Мысалы, елестетіңізші, кең диапазондағы Әлия әнін Еңлік сынды жас әнші өз бағытында орындап тұрса қазіргі әлеуметтік желіге телмірген жастарға әлдеқайда өтімдірек болар еді әрі 50 жылда ел жаңа демекші тағы бір өмірін бастар еді. Өйткені оның әндерін әлі де ешкім ұмытпады», – деді өзінің ой-пікірімен бөліскен Санжар Бәйтереков.

 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар