Қате диагноз қойылған ба? Шымкентте қайтыс болған әйелдің туыстары жанайқайын айтты

cover Фото: Orda.kz

Шымкентте ауруханада көз жұмған 47 жастағы әйелдің жақындары «Диагнозын қоя алмай, ауруын асқындырып жіберген» деп әділдік іздейді, деп хабарлайды Orda.kz.

Оспановтар отбасы осыдан он күн бұрын 47 жастағы Айгүл атты аяулы қыздарын жер қойнына тапсырған болатын. Екі ұл, бір қыздың анасына төрт жыл бұрын ауру жабысқан екен. Алдымен мойнында түйін пайда болып, кейін онысы күн санап өсті дейді марқұмның сіңлісі Нұргүл Оспанова. Әйел өзі тұратын Самал-3 шағын ауданындағы 6-емханаға барған. Ондағылар бірден қатерлі ісікке балап, ота жасатуға жіберген. Бірақ, онысы онкология емес басқа ауру болып шығыпты.

 «Онкологияға барып, ота жасатқаннан кейін гестологиясын Алматыға жіберіп, қатерлі ісік еместігін білді. Шегрен деген ауруға күдік деген жауап келді. Ол ауруды 6-емхана емдеуі керек еді әрі қарай. Бірақ, ол емханаға барғанда аяғындағы тромбына да, денесіндегі қызуына да қарамаған. Ол аздай жатырынан да қан кететін. Оның бәріне дәрігерлер дұрыс диагноз қоймаған. МРТ-ға да түсірмеген. КТ-ға да сұраған кезде оған да түсірмеген. Анализ сұрап, аяғының ісіп тұрғанын айтқанда оны да ашып қарамаған», — дейді Нұргүл Оспанова.  


Апта сайын, тіпті күн сайын емханадағы дәрігерлер алдына барғанымен науқасқа бас ауыртқан бір маман табылмады дейді марқұмның сіңлісі. Жатырынан кеткен қанды тазалап, көтерілген қызуын тұмауға балап үйіне қайтара берген деп ашынады ол. Ақыры салғырттық салдарынан Айгүлдің ауруы асқынып кеткен. 

«2024 жылы жатырын түсірген. Сол жерде 13 мм қалыңдап кеткен деп жазған. Ол ауру өкпесіне өтіп, жүрегіне жеткен. Екі жыл бұрын дәрігерлер сол анықтамаларға зер салып қарап, немқұрайлық танытпаса, ішіне ірің жайылып кетпейтін еді. Окология емес, шегрен деген диагнозбен емдегенде, науқасқа мән бергенде біз одан айырылып қалмас едік», — дейді Нұргүл Оспанова. 

Айгүлдің жағдайы өткен айда тіпті ауырлап кеткен. Ақыры жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға жіткізіпті. Бірақ, ол кезде тым кеш еді дейді келіншек. 

«Соңында жедел-жәрдеммен ауруханаға алып бардық. Әпкем бір сәтте арықтап кетті. Жүруге шамасы келмей, арбаға отырғызып жеткіздік. Демалуы да нашарлап кеткен еді. Сол жердегі кезекші дәрігер әпкемнің күйін көріп шошыды. Терісінде қара дақ қаптап, алақаны инемен тескендей ағарып, тілінде сау жер жоқ қанап, аяғы ісіп жарылардай тұрғанын көріп осы күнге дейін қалай шыдағанына таң қалды. Бір көрген ауруханадағы кезекші дәрігер шегрен деген ауруға анализ тапсыруды сұрады. Бірақ, ол кезде кеш еді. Әпкем 21 күн жатып, сол ауруханада көз жұмды», — дейді марқұмның сіңлісі.  

Осы күнге дейін не анализ, не жолдама беріп қарық қылмаған дәрігерлер науқастың дәрменсіз күйге түскенін естіп, үйіне дереу келді дейді жақындары. Сөздерінше, кешірім сұрап, бәрі құдайдың ісі деп жұбатуға тырысқан. 

«Емхана қызметкерлері өз кінәларын жанайқайымды әлеуметтік желіде жариялаған соң бір-ақ түсінгендей. Жазба шыққан соң арада жарты сағат өтпей емхана басшылығынан оншақты адам үйімізге кешірім сұрап келді. Ешқандай да кешірім бере алмайтынымды айттым. Өйткені бұл кешірілмейтін қателік. Егер олар аяғындағы тромбқа, жатырындағы қанға мән беріп, ағзаны шірітіп жіберуге жеткізбегенде кешірер едім», — дейді Нұргүл Оспанова. 

Қара жамылған отбасы адам өлімімен аяқталған мамандардың салғырттығы жазасыз қалмауы керек дейді. Құжат толтырудан қолдары тимейтін ақ халаттылар науқасты қағаз бойынша емес, іс жүзінде емдеуін талап етіп отыр. 

«Менің ендігі талабым өз ісіне немқұрайлы қараған дәрігерлердің бәрі де жауапқа тартылып, жұмысынан босатылсын. Әйтпесе, тағы да келесі науқастардың дәл менің әпкемдей зардап шекпесіне кім кепіл?! Маған келіп кешірім сұрағандары да басқасы да керек емес. Мен әпкемнің жаны жай тапқанын қалаймын. Ол үшін әділдік орнау керек», — дейді Нұргүл Оспанова.  

Ал, қалалық денсаулық сақтау басқармасы болса, науқас тиісті ем-домның барлығын дер кезінде алған деп отыр.

«Кеуде қуысының КТ нәтижесінде өкпеде қабыну үдерісі анықталып, клиникалық хаттамаларға сәйкес кешенді ем жүргізілді.  Диагностикалық тексерулер барысында диагнозы қойылды. Жағдайының нашарлауына байланысты реанимациялық және қарқынды терапия толық көлемде көрсетілді», деп пікір білдірді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өкілдері.

Марқұм Айгүлдің артында үш перзенті мен жолдасы қалды. Балаларының ең кішісі әлі мектеп те бітірмеген. Өзі көзі тірісінде қаладағы беделді тігінші болған екен. Соңғы деміне дейін тігін машинасының маңынан кетпеген әйел ауруханаға кетерінен бұрын анасына сыйлық қалдырыпты. Тыныс алуы азапқа айналғанына қарамастан көрпеше тігіп, табыстаған. Перзентінен көзіндей болған бұйымда кейуана жоқтау айтып отырды.

Авторы: Назерке Еркінбекқызы. Шымкент қаласы

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар