Кәсіби боксшы Мадияр Әшкеевтің АҚШ-тағы үйі өртеніп кетті

cover Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі, боксшы Мадияр Әшкеев әлеуметтік желіде Лос-Анджелес қаласындағы үйі өртеніп кеткенін жазды, деп хабарлайды Orda.kz.      

Боксшы Instagram әлеуметтік желісінде үйдің жалынға оранып, өрт сөндірушілердің оны өшіруге тырысып жатқанын көрсететін бейнежазба жариялады.

Спортшының айтуынша, осы үйде ол талай мәрте қонақ күтіп, соның ішінде Қазақстаннан келген чемпиондар мен спортшыларды қарсы алған екен.

«Сағат шамамен төрт кезі еді. Бізді Ержан деген бауырымыз ауыз ашарға шақырған болатын. Соған шығайын деп жатқанда үйдің ішінен күйік иісін сездім. Балалар мен үйдегілерден «ештеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кеткен жоқ па?» деп сұрадым. Олар «жоқ, бәрі дұрыс» деді. 

Бір кезде гаражды ашсам, үйдің жартысы отқа оранып, айналаны қап-қара түтін басып кетіпті. Балаларды дереу сыртқа шығарып үлгердік. Ол жерде күтушіміз де болды. Барлығын далаға алып шықтық. Бір кезде бір баламның жоқ екенін байқадым, Алдияр көрінбейді. Ол екінші қабатта қалып қойыпты. Айқайлап жүріп, ақыры оны да сыртқа алып шықтық»  деп бөлісті Әшкеев.

Ол барлық отбасы мүшелері аман екенін, денсаулықтарына еш зиян келмегенін айтты.

«Бірақ үйдің жартысы жанып кетті. Өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметіне рахмет  олар өте жылдам келіп, отты сөндіріп, жағдайды ретке келтірді. Біз аманбыз. Біз үшін алаңдаған достарымызға да рақмет. Америкадағы достарымыз көмектерін ұсынып, үйлерін беруге дайын екенін айтты. Қазір уақытша сол достарымыздың үйінде тұрып жатырмыз», — деді боксшы.

Мадияр Әшкеев кәсіби боксшы. Оның кәсіби рингтегі көрсеткіші — 14 жеңіс (соның 7-еуі нокаутпен) және 1 жеңіліс.

Әр жылдары ол бірінші орта салмақта NABF Junior чемпиондық белбеуі мен NBA чемпиондық белбеуі иегері болған.

Әуесқой бокста ол 2014 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, сондай-ақ World Series of Boxing турнирінде Astana Arlans командасының құрамында қола медаль иеленген.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар