Қарашаның ақшасына алынған «хан» сыйлығы: Алматы облысы әкімдігіне люкс джиптер қайдан келді?
Фото: әлеуметтік желіден
Кейде мемлекеттік сатып алу сайтын аралап жүріп, тендер емес, елеске тап боласың. Алматы облысындағы сондай «елестердің» бірі — «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына қатысты. Негізінен ол ресми түрде — квазимемлекеттік құрылым. Ал іс жүзінде — алтын астаудан ас жейтін бағландар, деп хабарлайды Orda.kz.
Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы мәліметке сәйкес, Алматы облысының «Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 2025 жылғы шығарылған (жаңа) люкс санатындағы Land Cruiser 300 және KIA K9 көліктерін сатып алуға 105 миллион теңге жұмсаған. Айта кетерлігі, әкімдік таратқан мәлімет бойынша, бұл көліктер сатып алынған сәтте аталған ұйымның балансында онсыз да алты қымбат көлік болған.
Фермерлерге, кәсіпкерлерге, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетуі тиіс квазимемлекеттік ұйым өзіне бағасы миға қонбайтын джип көліктерін сатып алып, оларды… шенеуніктерге «сыйлайды». Нақтырақ айтсақ ... өзіне.
2025 жылғы 29 қаңтардағы №25 облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, бұл сыйлық ресми түрде мақұлданған. Жауапты тұлға ретінде облыс әкімінің орынбасары Р.Рысатаев тағайындалған. Қабылдаушы тарап — әкім аппаратының шаруашылық басқармасы коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
Осы жерде заңды сұрақ туады: неге мемлекеттік джип басқа мемлекеттік органға сыйға беріледі? Онда неге оларды ауыл мектебіне, балалар ауруханасына немесе онкологиямен күрес қорына сыйламасқа?
«Мемлекеттік мүлік туралы» заңға және сыйға беру тәртібіне (ҚР Үкіметінің 2011 жылғы №1103 қаулысы) сәйкес, мүлік коммуналдық меншікке тек тиімді, негізделген және келісілген жағдайда ғана қабылдануы мүмкін. Негіздеме қайда? Қайда ол?
«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы — қайырымдылық қоры емес екені белгілі, қарапайым халықтың ақшасына қаржыландырылатын ұйым. Біздің, яғни, сіз бен біздің маңдай терімізді ағызып жүріп тапқан ақшамыз... Дегенмен бұл қаражат шағын және орта бизнесті қолдауға, ауылды дамытуға, фермерлік кооперативтерге жұмсалуы тиіс еді. Ал енді өздеріңіз күә болып отырғандай KIA K9-ға кетті.

«Қонаев» әлеуметтік-кәсіпкерлік ұйымы» АҚ бірінші басшысы Мұрат Әбдіғұлов
Жапон джиптерімен қытайлық инвесторларды алып жүру керек деген әңгімені айтпаңыздар. Қытайлықтар өздерінің «танктерімен» жүреді, еш қысылмайды. Ал біздің шенеуніктер олай жүруге ұялады. Қазақстанда құрастырылған Hyundai көліктерімен жүруге намыстанады.
Біз Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне, «Қонаев» ӘКК» АҚ-ға, Қаржы министрлігіне және ҚР Бас прокуратурасына ресми сауал жолдаймыз.
Бізге жауап берулеріңізді сұраймыз: бұл автомобильдер қазір қайда? Оларды кім мініп жүр? Неге 135 миллион теңге адам өміріне емес, темірге кетті?
Джиптерді қайтарыңыздар, мырзалар. Өздеріңізге құрметті қараша халықтың есебінен көрсетіп, халықтың қаражатына талтаңдап жүретін уақыт өтіп кетті. Бөлінген қаражатты игеру электронды нұсқаға байланған заманда судың ғана емес, құмның да сұрауы бар!
Авторы: Сандуғаш Дүйсенова
Жаңалықтар
- Иран Ормуз бұғазы арқылы танкерлерді ақылы өткізе бастады
- Жетісу облысында қытайлықтардың иелігіндегі цемент зауытына 264 млн теңге айыппұл салынды
- Астана – Алматы күре жолында бір адам қаза тауып, үш адам ауруханаға түсті
- Тоқаев қасиетті Түркістан жеріне барған сапарында не айтты?
- Атыраудағы қайын жұртын қырып тастаған күдіктіге ұрлық пен алаяқтық айыптары қосылды
- Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады
- Қазақстандықтар жылқы етін тұтыну бойынша жаңа рекорд орнатты
- Тоқаев Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етті
- Астанада Наурыз мейрамы қалай тойланады?
- Алматыда жол-көлік оқиғасынан үш адам қаза тапты
- Иранға жасалған шабуыл кезінде жаңа туған нәресте мен алты бала қыршын кетті
- Қамшыбек Тәшиев қырғыз халқынан кешірім сұрады
- Мұнай бағасының өсуіне байланысты елімізде жалақы көтерілуі мүмкін
- Қош келдің, әз-Наурыз! Алматыдағы мерекелік шаралар
- Ораза айттың қазақ дәстүріндегі орны мен мәні
- Аңыз-актер Чак Норрис 86 жасында өмірден өтті
- «Жауыз емеспін». Актер Асқар Жұмабек даулы оқиға туралы өз нұсқасын айтты
- Астанада журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс қозғалды
- Түлектер альбомы дауға айналды: Алматы облысында 49 мектептің ата-анасы 14 миллионға алданғанын айтты
- Ресей президенті мамыр айының соңында Қазақстанға келеді