Қалжалау дәстүрі: Қырық күн күтімнің жаңа форматы қандай?
Фото: ЖИ арқылы жасалды
Соңғы жылдары елімізде ұлттық дәстүрлер жаңа сипат алып, заманауи форматта қайта жанданып келеді. Соның бірі – жас босанған ананы күтуге арналған «қалжа» дәстүрі. Бүгінде осы ұғым негізінде арнайы орталықтар ашылып, аналар мен сәбилерге кешенді күтім көрсетілуде. Orda kz қалжалаудың қыр-сырын жинастырып шықты.
Қазақ халқы үшін «қалжа» – тек тағам емес, терең мәнге ие салт. Бұл – дүниеге сәби әкелген ананың саулығын қалпына келтіруге бағытталған ерекше күтімнің бір бөлігі. Дәстүр бойынша, жас босанған әйелге арнайы қой сойылып, оның сорпасы мен еті қырық күн бойы берілген. Мұның астарында ананың күш-қуатын қалпына келтіру, денсаулығын нығайту және сәбидің дұрыс жетілуіне жағдай жасау жатыр.
Дүниеге сәби әкелу – әйел ағзасына үлкен салмақ түсіретін күрделі үдеріс. Осыны терең түсінген қазақ халқы жас ананы ерекше күтімге алған. Босанғаннан кейін әйел әлсіреп, бойындағы күш-қуаты азаятындықтан, оған суық ас бермей, тек жылы, нәрлі тағам ұсынған. Қырық күн бойы арнайы сойылған қойдың еті мен сорпасын ішкізіп, ананың тез қалпына келуіне жағдай жасаған. Мұндай күтім көрген келіннің сүйегі сырқырап, тісі түспей, бойын жылдам жинап, аз уақыт ішінде үй тіршілігіне қайта араласа алған. Дәстүр бойынша қалжа дайындау – күйеу жағының міндеті саналғанымен, келіннің төркіні де бұл іске атсалысқан.
Қалжаның күнделікті тағамнан айырмашылығы – оның жас ана мен нәрестеге арнайы арналуында. Бұл – құрметті ас әрі сауығудың бір жолы. Қалжа жеген ананың сүті құнарланып, сәбидің дамуына оң әсер етеді. Сонымен қатар, ана мен баланың ұйқысы қалыпқа түсіп, жалпы жағдайы жақсарады.
Дәстүрлік жоралғылардың ішінде ерекше мәнге ие ырымдар да бар. Мәселен, босанғаннан кейінгі алғашқы күні келін қалжаға сойылған қойдың мойын омыртқасын тіс тигізбей, қолымен мүжиді. Одан кейін жұлынды тік таяқшаға өткізіп, сәбидің мойны тез қатайсын деген ниетпен керегеге іліп қоятын болған.
Заманауи қалжа
Бүгінде осы дәстүр жаңаша сипат алып, арнайы қалжа орталықтары арқылы жүзеге асырылып отыр. Мұндай орталықтардың басты қызметі – босанғаннан кейінгі кезеңде ананың ағзасын қалпына келтіру және нәрестеге кәсіби күтім көрсету.
Орталықтардағы ең негізгісі қалжалаудың түрі шілде шипасы. Бұл арнайы тер шығару процедуралары арқылы жүзеге асады. Мұндай әдіс ағзадағы артық сұйықтықты, суықты шығарып, қан айналымын жақсартады. Сонымен қатар, бұлшықеттердің босаңсуына, буындардың қалпына келуіне ықпал етеді.
Одан бөлек, аналарға түрлі массаж түрлері ұсынылады. Бұлшықет ауырсынуын азайту, омыртқа мен бел аймағын қалыпқа келтіру мақсатында жасалатын емдік массаждар кеңінен қолданылады. Кейбір орталықтарда бамбук банкалары, стоун-терапия, от терапиясы сияқты қосымша процедуралар да бар. Мұның барлығы ананың ағзасын жан-жақты қалпына келтіруге бағытталған.
Сондай-ақ, денені орау әдісі – бенкунг кеңінен қолданылады. Бұл тәсіл іш бұлшық еттерін қалпына келтіріп, дене пішінін реттеуге көмектеседі. Сонымен қатар, аналарға дұрыс тамақтану, күтім жасау, баланы күту бойынша кеңестер беріледі. Көп жағдайда орталықтарда гинеколог, педиатр, психолог сияқты мамандардың қызметі де қарастырылған.
Нәрестелерге көрсетілетін күтім де кешенді түрде ұйымдастырылады. Сәбилерді күнделікті шомылдыру, дене массажын жасау, жеңіл жаттығулар арқылы олардың бұлшықет жүйесін дамыту көзделеді. Сонымен бірге, гигиеналық күтім, тырнақ пен шаш алу, арнайы құралдар арқылы күтім жасау қызметтері көрсетіледі. Кейбір жағдайларда нәрестенің физиологиялық көрсеткіштерін жақсартуға арналған процедуралар да жүргізіледі.
Қалжа орталықтарының тағы бір маңызды ерекшелігі – қызметтің икемділігі. Яғни аналар өз жағдайына қарай бірнеше күндік немесе толық қырық күндік күтім бағдарламасын таңдай алады. Бұдан бөлек, орталыққа келе алмайтын аналар үшін үйге барып қызмет көрсету мүмкіндігі де қарастырылған. Бұл әсіресе жаңа босанған, тәжірибесі аз аналар үшін үлкен қолдау болып отыр.
Тағы бір назар аударарлық жайт – мұндай орталықтар тек жаңа босанған аналармен шектелмейді. Уақытында күтім ала алмаған немесе денсаулығында мәселелер пайда болған әйелдерге арналған арнайы қалпына келтіру бағдарламалары да бар. Бұл қызметтер арқылы әйелдердің жалпы жағдайын жақсартуға мүмкіндік жасалады.
Жалпы алғанда, қалжа орталықтары ұлттық дәстүрді сақтай отырып, оны қазіргі заман талабына сай дамытқан қызмет түрі. Мұнда ананың да, баланың да денсаулығы басты назарға алынады. Дәстүрлі «қалжа» ұғымы осылайша тек отбасылық деңгейде ғана емес, кәсіби қызмет саласына айналып, қоғамдағы өзекті қажеттіліктің біріне жауап беріп отыр.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Шымкентте өткен автофестивальда әзілкешті көлік қағып кетті
- Қалжалау дәстүрі: Қырық күн күтімнің жаңа форматы қандай?
- Яна Легкодимованы өлтіргендер әлі ұстау изоляторында: Этаптау үшін ұлттық ұланның арнайы қарауылы сұралған
- Қостанайда қайғылы жол апатынан 4 адам ажал құшты
- Астанада жыл басынан бері жол ережесін 61 рет бұзған BMW жүргізушісі ұсталды
- ҚМА: 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңге салған
- Державалардың таласы басталып кетті. Айға ұшудың мәні неде?
- Қаражат жинауға, мейрамханаға баруға тыйым салынады: Оқу-ағарту министрлігінің бітіру кешіне қатысты мәлімдемесі
- Шымкентте шетелдіктердің елге заңсыз кіруіне жағдай жасағандар ұсталды
- Орбан парламенттік сайлауда жеңілгенін ашық мойындады
- Димаш Құдайберген Қытайда продюсер ретінде алғашқы марапатын алды
- Полициядан қашқан: Астаналық мектеп оқушысы жүк пойызының төбесінен құлап кетті
- Жол үстінде есінен танып қалған жүк көлігі жүргізушісі құтқарылды
- Бавария 105 гол соғып, өз рекордын жаңартты
- Авиотын қымбаттады: Әлем және Қазақстан нарығы қандай жағдайда?
- Үш келі сынапты 100 млн теңгеге сатпақ болған түркістандық ұсталды
- Қазақстан үшін ғарыш — тек ғылыми сала емес, ұлттық мақтаныш, стратегиялық даму бағыты
- ХҚКО-лардың қызметі азайып, бәрі онлайн форматқа өтіп жатыр
- АҚШ пен Иран келіссөздерді уақытша тоқтатты: Бітімгерлік келісім аяқсыз қалды
- Қырғызстандық спортшы 190 тонна болатын сегіз вагонды 6,5 метрге сүйреді