«Ядролық қару»: Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасарымен жолықты

cover Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, қарусыздану мәселелері жөніндегі жоғарғы өкіл Изуми Накамицуды қабылдады.

Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Кездесу барысында аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қарусыздану мен ядролық қару таратпау ісінде БҰҰ институттарымен жан-жақты ықпалдастығының болашағы талқыланды.

Президент БҰҰ Бас хатшысының орынбасарына ілтипат білдіре отырып, Ұйым қазіргі заманның өзекті проблемаларын шешуде айрықша рөл атқаратынын және оның орнын ешқандай құрылым алмастыра алмайтынын атап өтті.

«Қазақстанның қарусыздану және жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау мәселесіне қатысты ұстанымы берік. Қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар тұрғысынан алғанда, бұл мәселелердің өзектілігі мен маңыздылығы арта түсті. Мұның алаңдаушылық туғызатыны сөзсіз. Ертең біз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күнін атап өтеміз. Бұл – бүкіл адамзат баласына ядролық сынақ жүргізудің әрі ядролық қаруды қолданудың қауіпті екенін еске салатын өте маңызды уақыт. Еліміз БҰҰ институттарымен тығыз байланыс орнатуға бейіл әрі ұйымды баламасы жоқ, әмбебап халықаралық құрылым ретінде қарастырады», – деді Президент. 

Изуми Накамицу Қазақстанның ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық үдерісте көшбасшылығын жоғары бағалады. Сондай-ақ, еліміздің орта держава ретіндегі рөлі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Изуми Накамицу халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар