Иранда не болып жатыр: Соңғы жаңалықтарға шолу

cover Сурет ЖИ көмегімен жасалған

Таяу Шығыстағы ахуал күрт ушығып отыр. АҚШ пен Израиль Иран аумағына және оған жақын күштерге соққы жасап жатқанын мәлімдеді. Иран да жауап қайтарып, аймақ елдерінде зымырандар мен дрон шабуылдары тіркелді. Ормуз бұғазы, Парсы шығанағы және бірнеше елдегі америкалық нысандар қауіп аймағында тұр. Orda.kz соңғы жаңалықтардан шолу ұсынады.

Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (КСИР) Ормуз бұғазы арқылы өтетін кез келген кемеге соққы жасалатынын мәлімдеді. Қолбасшылық өкілдері Иран өңірден мұнай экспорттауға жол бермейтінін, «жаулардың мұнай инфрақұрылымын» нысанаға алатынын айтты.

Алайда АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Ормуз бұғазы жабылады деген ақпаратты жоққа шығарды. Америкалық тараптың мәліметінше, Иран әзірге бұғазды патрульдеп жатқан жоқ және оны миналау белгілері байқалмайды.

ИРСҚ өкілдері Парсы шығанағы елдеріндегі қонақүйлерде орналасқан америкалық әскери қызметкерлер де нысанаға алынуы мүмкін екенін ескертті.

Өз кезегінде CENTCOM АҚШ күштері Оман шығанағындағы Иранның әскери кемелерін жойғанын хабарлады. Бұл аймақта USS Abraham Lincoln әуе тасымалдаушысы бастаған америкалық теңіз тобы орналасқан.

Аймақта зымыран шабуылдары да тіркелді. Израиль, БАӘ, Сирия, Қатар, Кувейт және Сауд Арабиясы Иран тарапынан жасалған соққыларды тойтарғанын мәлімдеді. Эр-Риядтағы АҚШ елшілігіне дрондар шабуыл жасап, өрт шыққаны хабарланды. Иран Бахрейндегі АҚШ  әуе базасына зымыран соққысын жасаған.

Ирактағы қарулы топ Эрбильдегі қонақүйге дронмен шабуыл жасаған. БАҚ мәліметінше, ол жерде америкалық әскери қызметкерлер болуы мүмкін. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Сауд Арабиясы мен Бахрейнді жалғайтын Король Фахд көпіріне де дрон соққысы жасалғаны хабарланды.

Израиль Иран аумағына және Ливандағы «Хезболла» нысандарына жаңа соққылар жасағанын растады. Нысаналардың қатарында телеорталықтар мен әскери байланыс инфрақұрылымы бар. Ирандық ақпарат құралдары Тегеранда ескі парламент ғимаратына зымыран тигенін жазды. Бұған дейін Израиль армиясы Тегеранның Эвин ауданындағы тұрғындарды эвакуациялануға шақырған еді.

Осы арада АҚШ Мемлекеттік департаменті өз азаматтарын Таяу Шығыстағы бірқатар елдерден шұғыл кетуге шақырды. Тізімге Бахрейн, Мысыр, Иран, Ирак, Израиль, Иордания, Кувейт, Ливан, Оман, Катар, Сауд Арабиясы, Сирия, БАӘ және Йемен енгізілген.

Аймақтағы жағдай сағат сайын өзгеріп жатыр. Сарапшылар бұл қақтығыс тек екі елмен шектелмей, кең ауқымды өңірлік дағдарысқа ұласуы мүмкін екенін айтып отыр.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар