Хоспис - үмітсіздер мекені емес
Woman holding hand of woman in nursing home
Халық арасында паллиативті орталықты «хоспис» деп атайды. Ел аузында осы медициналық мекеме жайлы кең тараған әңгімелерді естіп, өзім де үш күн бойы уайым, үреймен арпалыстым. Әдетте бұл орталықты онкологиялық аурулардың соңғы сатысы діңкелеткен, көрер жарығы таусылып, жарық әлемнен күдер үзген науқастардың мекені деп жиі естимін.
Карантин тұсында орталық санитарлық талаптарды қатаң сақтайды. Санамды жайлаған бір ғана ой. Өмірден әбден түңілген, үміті үзіліп, өкініштен өкіріп жылайтын кейіпкерлерден сұхбат аламын деп өзім де түңіліп кетпейін деп сайланып келдім.
Алғашқы кейіпкерім 38 жастағы Алматы тұрғыны. Екі баланың анасы. Сүт безінің қатерлі ісігіне шалдыққан. Үш жыл бұрын пайда болған теңгедей ісік асқынып, келіншектің қос омырауын жайлаған, меңдеген. Ол ауру шаншып, ұйқымды ұрлады дейді. Науқастың ағзасына химиялық терапия жақпаған соң, денесін іріңді жара қаптағанын айтады.
«Арманым өмір сүру. Ата-анам, күйеуім, бауырларым мені қолдайды. Олардың демеуі дертіме дауа. Құдайға жалбарынып, тынысымды тоқтатпашы, өмірімді ұзартшы деп тілеймін. Кейде қатерлі ісікпен сөйлесемін. Мен балаларым үшін күресті тоқтатпаймын. Кейде ауру шыдатпай кеткенде өмірден түңіліп кетемін. Дегенмен сенімді жоғалтпау керек. Сенімнен айрылып, қолымды бір сілтеп, емделгім келмейді деген күні жағдайым тым нашарлап кетеді. Егер балаларым, күйеуім, отбасым үшін күресуге бел буғанда көңілім тасып, жағдайым жақсарады».
Қандай тілегіңіз бар?
«Қыздар, келіншектер маммологқа міндетті түрде барыңыздар. Мен маммологқа бармадым, мүмкіндікті өткізіп алдым. Қатерлі ісік өте қауіпті және ол барлық адамның ағзасында тіршілік етеді. Өкінішке қарай әйелдің ағзасын жайлаған обырдың қарқынды дамуы мамандарды алаңдатып отыр».
Еркек болсам да, өшімді көз жасымнан аламын
59 жастағы Ермек аға сәуірден бері 19 келі салмақтан айырылғанын айтады. Өкпесіндегі түймедей жараның әлегі науқасты әбден қалжыратқан. Ол «жанымды қоярға жер таппай кеткенде өшімді көз жасымнан аламын дейді. Орталыққа үшінші мәрте ем іздеп келіпті. Арманы немерелерін үйлендіріп, тойын көру. Өмірден жиі түңіледі. Он бір жыл бойы Алматыда қоқыс таситын көлік жүргізген науқас өкпесінде жараның пайда болуын өзінің кәсібінен іздейді.
«Ауырған кезде, шіркін -ай, бір сағат денім сау болса екен дейсің. Өкпем ауырғанда біреу біз тығып алғандай болады. Қатты қиналғанда өмірден түңіліп кетесің. Амал жоқ. Кеудемде жан болған соң отырамын. Көбінесе түнде болады. Аурудың бәрі түнде қозады ғой. Жаным қиналғанда тексеріп, дәрісін берген медицина қызметкерлеріне рақмет. Жазылып кету үшін халық емшілеріне барсам ба деп ойлаймын. Ол шипа бола ма, ешкім білмейді. Өткен өміріме өкінбеймін. Осыдан шыққаннан кейін мешітке барсам ба деп отырмын. Ауырғанға дейін намаз оқымадым. Қазір таныс жігіттер жіберген дұғаларды оқимын күнде».
Жалғыз қалғанда қандай ой жиі мазалайды?
«Мұнда жаның қиналып отырғанда не ойлар келіп кетпейді. Сонда бір ренжіткен адамдарың болады ғой. Соларды ойлайсың, есіңізге түседі. Қазіргі кез болса, ренжітпес едім деп. Мен өзім «Алматы тазалық» мекемесінде қоқыс тасып, көп жыл машина айдадым.Он бір жыл жұмыс істедім. Үйден шыққан қоқыстарды полигонға тасимыз. Жазда ол жақтың иісіне шыдау мүмкін емес. Сол жерден осы ауру таптым деп ойлаймын. Егер өмірде уақыт кері айналып келсе, бір жерде күзетші болып жұмыс істер едім. Есесіне таза жерде отырамын. Уақытты кері бұру мүмкін емес екенін, денсаулықтың алтынға да сатылмайтынын науқастар біледі".
Жыл сайын Алматы қаласының паллиативті көмек орталығына созылмалы аурулардың соңғы сатысымен ауыратын және ем қонбайтын кеселге шалдыққан 2500 тұрғын емделеді. Олардың 50% қатерлі ісіктен, 30-35% жүрек ақауынан туындаған инсульттің салдарынан қимыл-қозғалу мүмкіндігінен айырылып, төсекке таңылған науқастар. Орталық мамандары олардың туыстарына күту туралы кеңес береді және психологиялық қолдау көрсетеді.
«Аты жаман аурудың» жабысқанын естігенде көбіне әзірейіл келгендей үрейленіп, түңілген дімкес жандарға үміт отын сыйлайтын медицина қызметкерлерінің психологиясы болаттай берік болуы керек дейді Бақыт Әлімжанова. Ол орталықтың аға мейірбикесі. Айтуынша жастар мұнда тұрақтамайды. Жанын қоярға жер таппай қиналған адамның алдында қабақ шытпау, керісінше оны жігерлендіру, жылы сөзді аямау, өмір сүруге құлшыныс, үмітін ояту мұндағы медицина қызметкерлерінің жазылмаған ұраны сияқты.
«Қатерлі ісік адам таңдамайды. Көбінесе жиырма жастағы науқастармен жұмыс істеген өте қиын. Олардың армандары көп. Ауруға неге мен шалдықтым деп ренжиді. Ешкіммен сөйлескісі келмейді. Олар көбінесе өмірге өкпелеп кетеді. Егер науқас төсектен басын көтерсе, ешкімнің көмегінсіз жамбастап отырса, орталықтан өз аяғымен үйіне кетсе, біз қуанамыз», - дейді аға мейірбике.
Ажалмен алысып, өмір үшін күрескен жандардың хикаясын төменде бейнежазбадан көруге болады. Алып қаланың ортасында орналасқан паллиативті көмек орталығының ішінде біз сұқбаттасқан жандар жылаған жоқ. Жарық дүниенің әр секундынан қуаныш іздеу, ауырмау, өмір үшін күрес бұл шексіз бақыт екенін ұққандаймын.
Жазира Бегалы журналист
Жаңалықтар
- Дубайда 22 жастағы қазақстандық не үшін өмірбақи сотталып, 300 млн айыппұл арқалады?
- Жапонияда жойқын жер сілкінісі: Цунами қаупі жарияланды
- Қырғызстан президенті Шахановтың қазасына көңіл айтты
- Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
- Алматыда көкке шығып, серуендеуге лайық әрі таптырмас 5 орын
- Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Шахановтың қайтыс болуына байланысты көңіл айтты
- Үй, көлік, қомақты ақша ұсынды: Қонаевта бойжеткен зорлық көргенін айтты
- «Мектепке шабуыл жасалады»: Түркияда күдікті хабарлама жазғандардың бәрі ұсталып жатыр
- Мұхтар Шахановтың соңғы аманаты жарияланды
- Қазақстанда жаңа мереке – Қазақтың тазысы мен төбеті күні пайда болды
- Space X бәсекелесі ұшырған зымыранының бірінші сатысын жерге қондырды
- Павлодарда қайтыс болған адамдарға «медициналық қызмет көрсетілген»
- ҚР ІІМ: Терроризм туралы жалған хабарламалар үшін жауапкершілік қатаң
- Яна Легкодимованы өлтіргендер тергеу изоляторынан түрмеге жөнелді
- Пайызы 12 есе жоғары: Ақтөбеде күдікті заңсыз ломбард қызметін ұйымдастырған
- Мысығын бір сағат бойы кір машинасында «жуған» әйел жазаланды
- Болгариядағы парламенттік сайлауда экс-президенттің партиясы жеңіске жетті
- Сегіз бала көз жұмды: АҚШ-та ер адам туыстарының балаларын қырып салды
- Иран келіссөздерге делегация жіберу мәселесін әлі қарастырмағанын мәлімдеді
- Жетісу облысында болған жол апатынан 11 адам ауруханаға түсті