Гүлнәр Бажкенованы енді кім қорғамақ? Мұрат Адам лицензиясынан айырылды

cover Фото: Orda.kz

16 қаңтарда Алматы қаласы Бостандық аудандық соты адвокат Мұрат Адамға қатысты істі қарап, әділет министрлігінің талап-арызын қанағаттандырды. Сот шешіміне сәйкес, Мұрат Адам адвокаттық лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды Orda.kz.

Іс материалдарын зерделей келіп, сот адвокаттың кәсіби әдеп нормаларын бірнеше рет өрескел бұзғанын анықтады.

Талап қоюшы тараптың нұсқасы бойынша, Orda.kz басылымының негізін қалаушы және теңқұрылтайшы Гүлнәр Бажкеноваға қатысты қылмыстық іске қатысқаннан кейін, адвокат әлеуметтік желілерде сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттарды бірнеше мәрте жариялаған.

Сот шешіміне пікір білдірген Мұрат Адам бұл шешімнің өзі үшін түсініксіз екенін жеткізді.

«Қазіргі сәтте айтарым — біз маған қарсы берілген талап-арыздағы әрбір уәжді жоққа шығару үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Біздің тарап мұны толық дәлелдеді деп есептеймін. Әділет министрлігі негіз етіп алған барлық дәлелдерді теріске шығардық. Сондықтан бүгінгі сот шешімі мен үшін күтпеген жағдай болды. Әлі сот актісінің толық, уәжделген мәтінін алған жоқпыз. Онымен танысқаннан кейін, апелляциялық шағым беру құқығымызды міндетті түрде пайдаланамыз», – деді адвокат.

Ол сондай-ақ соттың жеке қаулысына қатысты да сұрақтардың бар екенін атап өтті.

«Сот жеке қаулысы нақты кімге қатысты екенін және заңдылықтың қандай фактілер бойынша бұзылғанын түсіндірмеді. Біз бұл жайтқа байланысты да түсінбей отырмыз. Әрине, қай мәселеге қатысты шығарылғанын шамалап білемін, бірақ бұл шешім тұтастай адвокаттар қауымдастығына әсер етуі мүмкін деп ойлаймын. Егер солай болса, біз бұл шешімді де міндетті түрде даулауға кірісеміз», – деп қосты Мұрат Адам.

Мұрат Адам Гүлнәр Бажкенованың мүддесін енді кім қорғайтыны туралы сұраққа да жауап берді.

«Қазіргі таңда нақты ештеңе айта алмаймын, себебі сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Егер апелляциялық шағым беріліп, шешім күшіне енсе, қорғаушы заңда белгіленген тәртіппен тағайындалады», – деді ол.

Мұрат Адамның пікірінше, бұл істің өзі адвокаттар қауымдастығы үшін маңызды белгіге айналды. Ол мұны Қазақстандағы адвокатураға жасалып отырған қысымның көрінісі деп бағалайтынын, алайда бұл оның жеке пікірі екенін атап өтті.

«Сот процесі барысында бірқатар процестік және рәсімдік заңбұзушылықтар анықталды. Біз мұны дәлелдедік. Мені қолдаған әріптестерім бұл процеске не үшін араласқанын жақсы түсінеді деп ойлаймын. Өйткені бұл жағдайдың кімге бағытталғанын бәрі де сезіп отыр…», – деп түйіндеді Мұрат Адам.

Еске сала кетейік, Алматы қаласындағы сот Әділет министрлігінің талабын қанағаттандырып, Мұрат Адамды адвокаттық қызметпен айналысу лицензиясынан айыру туралы шешім шығарды.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар