Алматыда офицерлер үйінде халық қаһарманы, мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Ұлт тарихында өшпес із қалдырған тұлғамен қоштасуға мемлекет қайраткерлері, әріптестері мен қарапайым халық жиналды.
Orda.kz тілшісі жиынға қатысып, оқиғаның куәсі болып қайтты.
Қазақтың көк байрағын ғарышта үш рет желбіреткен батырдың есімі тек ел тарихында ғана емес, әлемдік ғарыш әлемінде де үлкен құрметке ие. Ол – Тәуелсіз Қазақстан атынан алғаш ғарышқа сапар шеккен әрі ұзақ мерзімді экспедицияларды табысты аяқтаған бірегей ғарышкер.
Қоштасу жиынында Талғат Мұсабаевтың ерен еңбегі мен ерлігі туралы жүрекжарды естеліктер айтылып, оның өмір жолы келер ұрпаққа үлгі ретінде аталды.
Марқұмның жақындары, таныстары, әріптестері кезек-кезек оның отбасына көңіл айтты. Қоштасу жиынына туыстарынан бөлек, қоғам қайраткерлері, экс-министрлер, Қорғаныс министрі және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.
Қазақ батырымен қоштасу жиынында сөз кезегін Ерлан Қарин бастады. Марқұмның отбасына қайғыра көңіл айтып, қаралы хабар жеткен бойда мемлекет басшысының Талғат Мұсабаевты ақтық сапарға шығарып салу рәсімін ұйымдастыруға тапсырма бергенін айтты. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту хатын оқып берді.
«Әйгілі ұшқыш, ғарышкер, халық қаһарманы мемлекет және қоғам қайраткері Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың дүниеден өтуіне байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Талғат Амангелдіұлы 3 мәрте ғарышты бағындарған ашық космосқа шығып,айтулы ерлігімен еліміздің атын әлемге танытқан батыл тұлға еді. Отандық аэроғарыш саласына барлық күш-жігерін жұмсап, еселі еңбек етті. Сенат депутаты және қоғамқайраткері ретінде көптеген игі іске бастамашы болды. Кәсіби біліктілігімен, айналасына сыйлы азамат қалпымен халықтың құрметіне бөленген Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың жарқын бейнесі ұмытылмайды. Иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп жазды Тоқаев өз хатында.
Қарин марқұм Мұсабаевтың 3 мәрте ғарышқа шыққанын еске салып, ондай дәрежеге жету – екінің бірінің қолынан келе бермейтінін тілге тиек етті.
«Талғат Амангелдіұлы – алған бетінен қайтпайтын, алға қойған мақсатына жетпей тынбайтын, мінезді азамат еді. Бойынан батылдықтың да, батырлықтың да көрнісі табылып тұратын. Тұғырлы тұлға ретінде қалыптастырған да сол мінезі. 1961 жылы 12 сәуірде адам баласы алғаш рет ғарышқа ұшқанда, жұрт қуанып: «Гагарин» есімін айтып жатқанда, ол: «ғарышта Талғат Мұсабаев» деп айқайлапты. Содан бастап ғарышкер боламын деп армандаған. Жай армандап қана қоймай сол мақсатына, сол жолда еңбек еткен. Соның арқасында 43 жасында ғарышты бағындырған. 43 жасында жас үміткерлермен бірге бәсекеге түсу оңай емес, бірақ қажырлы еңбегі мен қайсар мінезінің арқасында мақсатына жетті. Кейінгі жылдары өздеріңіз жақсы білесіздер Талғат Амангелдіұлы аэроғарыш саласына өз үлесін қосты».
Сондай-ақ, Қарин қаралы хабар жеткеннен кейінгі Тоқтар Әубәкіровтың қоштасу жиынындағы рөлін баяндады.
«Қаралы хабар жеткенде Тоқтар ағамыз хабарласып: «Талғат Амангелдіұлының ақтық сапарын қалай ұйымдастырамыз» деп сұрастырған соң, нағыз батырға лайықты азаматқа, құрмет-қошемет көрсетіп арнайы әскери ритуалмен ақтық сапарды ұйымдастырайық деп ұсыныс айтты. Бір батыр екінші батырдың рухына осылай құрмет көрсетті. «Болар елдің балалары бірін-бірі батыр дейді» деп қазақ бекер айтпаса керек. Сондықтан да осы бір сапта тұрған батыр ағаларымыз сияқты біз де қашан да бір болайық, бірге болайық, ынтымағы жарасқан елдің туы ешқашан жығылмайды, көкте болады. Ардақты ағайын, Талғат Амангелдіұлы Мұсабаевтың ерең еңбегі, қажымас қайраты еліміздің төл тарихында алтын әріппен жазылады. Оның есімі халықтың жадында мәңгі болады. Талғат Амангелдіұлының иманы саламат болсын, рухы шат болсын».
«Талғат Амангелдіұлы – шынымен халық қаһарманы болды. Бастаған ісін әрдайым соңына дейін істейтін. Ғарышқа ұшам деді, содан келгенде қандай қиын екенін айтты. Кейін: «Тағы да ұшамын» деді. Ақыры арманын орындады, халықтың арманын орындады. Отанын сүйгендіктен, Ресейде қалмай қайтып Қазақстанға оралды. Келген соң үлкен мекемені басқарды. Сол үлкен мекемені ол сіздерге жеткізе алды деп ойлаймын. Өйткені ол мекеме қазір спутиниктер шығарып жатыр. Біздің космодромда «Бәйтерек» деген спутник пен ракеталар жіберетін жерді де осы Талғат бастады. Осы кісінің ойы болды және соны іске асырды. Құдай қаласа марқұмының еңбегінің нәтижесін бүкіл қазақ халқы көреді деп отырмын. Иә, Талғатқа әрі қарай өмір сүруге болар еді, бірақ табиғаттың заңы осы, аяқ астынан бұл кісі кетіп қалды. Бұл бүкіл қазақ халқының қайғысы деп ойлаймын», – деді Әубәкіров.
Ғарышкер марқұмның отбасына көңіл айтты. Талғатты Қазақстан Республикасы ғана емес, сондай-ақ Ресей Федерациясының да батыры болатынын айтты.
«Виктория Вольдемаровна мен болған жайтқа әлі де сене алар емеспін. Кәмилә Талғатқызы, Тимур Талғатұлы болғанның барлығы табиғаттың қателігі деп білемін. Ол әлі де өмір сүруі керек еді. Ол Қазақстан Республикасының батыры болды, Қазақстан Республикасының емес, сондай-ақ Ресей Федерациясының да батыры болды, оны Ресейде де еске алады және бізді ғарыш табыстырды.
Талғат Амангелдіұлы– сен біз үшін біраз еңбек еттің, Қазақстан Республикасының патриоты болдың. Мұны мен растай аламын, өйткені бұның барлығын менің көз алдымда істедің және бұны шынайы пейіліңмен жасадың. Сондай-ақ сенде ылғи да ешкімде болмаған идеялар болатын. Сенімен қоштасарда отбасың мен халқыңа Қазақстан сені ешқашан ұмытпайды және атың Қазақстан тарихында мәңгі жазылады. Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болсын!».
Батырмен қоштасуға келгендердің арасында қарапайым халықтан бастап, жастар да көп болды. Олар үшін Талғат Мұсабаев – тек ғарышкер ғана емес, арманға адал болудың символы.Талғат Амангелдіұлының өмірі мен еңбегі – өскелең ұрпаққа үлгі. Ол өз ісімен Қазақстанның ғылымын, тәуелсіздігін, және әлем алдындағы беделін жаңа биікке көтерді.
Бүгін ел тағы бір ерін соңғы сапарға шығарып салды. Бірақ оның есімі — ел жадында, тарих бетінде, халық жүрегінде мәңгі сақталады.
Orda.kz редакциясы марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтады.