Ердоған Тоқаевқа Түркияда жасалған электромобиль тарту етті

cover Сурет: Ақорда баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммитіне қатысқан түрік әріптесі Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті, деп хабарлайды Orda.kz.

Тоқаев Түркия басшысына саммит барысында көтерген бастамалары үшін алғыс айтты.

«Түркия – біздің бауырлас халқымыз, сондай-ақ Қазақстанның ең жақын және сенімді стратегиялық серіктесі. Президент мырза, сіз жеке қарым-қатынастарды дамытуға зор үлес қосып келесіз. Мен мұны өте жоғары бағалаймын. Тұрақты байланыстардың арқасында көптеген келісімдерімізге қол жеткіздік, оның көбі бүгінде табысты жүзеге асырылуда», - деді Мемлекет басшысы. 

Ол сондай-ақ Ердоғанды ​​Түркия Республикасының құрылғанына 100 жыл толуымен құттықтады. Мерейтойға орай Астанада Анадолы көшесін, Шымкентте Түркия даңғылы мен саябақ, Алматыда Мұстафа Кемал Ататүрік ескерткішін ашу жоспарлануда.

Режеп Тайып Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитінің ұйымдастырылуын жоғары бағалап, елдер арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Зілзаладан зардап шеккен Газиантеп облысының Нұрдағы ауданында мектеп салу туралы шешім қабылдағаныңыз үшін рахмет айтамын, бұл мектеп болашақ ұрпақ жалғасатын түрік-қазақ бауырластығы символдарының біріне айналады деген сенімдемін. Қазіргі жаһандық және аймақтық жағдайда түркі әлемі тығыз ынтымақтастықты сақтауы керек «Ата-бабаларымыздың туған жерінде маған және менің делегацияма көрсеткен қонақжайлылық үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Түркия Президенті.

Режеп Тайып Ердоған құрмет белгісі ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркияда жасалған TOGG электромобилін сыйға тартты. Қазақстан Президенті әріптесін электрокөліктердің сериялық өндірісінің сәтті іске қосылуымен ризашылығын білдіріп, құттықтады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар