Дастан Сәтпаев Қазақстан ұлттық футбол құрамасынан кетті

cover Фото: ҚФФ

Футбол жанкүйерлері үшін Сәтпаев өз буынының ең болашағы зор қазақстандық футболшылардың бірі екеніне дау жоқ. Шабуылшы алматылық клуб академиясынан тәрбиеленіп шығып, біртіндеп негізгі құрамға өтті. Енді оның  Қазақстан ұлттық футбол құрамасынан кетіп жатқаны белгілі болды, деп хабарлайды Orda.kz.      

Ол кәсіби деңгейде небәрі 16 жасында дебют жасады. Форвардтың басты ерекшелігі — оның жылдамдығы, алаңдағы мықты қозғалысы және шабуылдарды нәтижелі аяқтауға ұмтылысы.

Өткен маусым Дастан үшін тарихи болды. Ол «Қайратпен» бірге 2025 жылғы Қазақстан Премьер-лигасының чемпионы атанды. Сонымен қатар, алматылық клуб өз тарихында алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.

2025 жылғы Қазақстан чемпионатында Сәтпаев 26 матч өткізіп, 14 гол соғып, 6 нәтижелі пас берді. Бұл көрсеткіштер оны «Қайраттың» шабуыл шебіндегі негізгі ойыншылардың біріне әрі турнирдегі ең нәтижелі жас футболшылардың қатарына қосты.

 Былтыр күзде Дастан Сәтпаев мансабын «Челсиде» жалғастыратыны мәлім болды. Бұл туралы былтыр «Қайрат» футбол командасы хабарлады.  Алматылық «Қайрат» пен лондондық «Челси» 16 жастағы шабуылшының трансфері бойынша келісімге келген болатын. Ол 2026 жылы жазда кәмелетке толған соң ағылшын клубына ресми түрде қосылады. Ол уақытқа дейін Сәтпаев «Қайрат» сапында өнер көрсететін болған.

«Бізге «Челси» клубының медициналық штабынан Сәтпаевтың наурыз айындағы халықаралық үзіліс кезінде қалпына келуі қажет екені туралы ұсыныс түсті… Оның орнына Қазақстан құрамасы сапына жақсы жағдайда тұрған әрі ұлттық құрама тапсырмаларын орындауға дайын Оралхан Өміртаев шақырылды», – деді жаттықтырушы Талғат Байсуфинов. 

Наурыз айында Қазақстан құрамасы FIFA Series 2026 турниріне қатысады. Алғашқы ойын 25 наурыз күні Намибия құрамасына қарсы «Astana Arena»-да өтеді. Матчтың басталуы – 17:00.

Дастан Алматыда дүниеге келген. Сегіз жасында «Қайрат» академиясына түскен. Ол QJ League-те екі маусымда 28 матчта 26 гол, 10 нәтижелі пас берген. QJ League 2024 жылғы маусымның ең құнды ойыншысы атанған. Бірінші лигада 5 матч ойнап, жеңіс голын соққан. 2024 жылы мамырда 15 жасында Сәтпаев негізгі командада дебют жасап, «Қайрат» тарихындағы ең жас ойыншы атанды.

Оқи отырыңыз:



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар