Бүгін – Құрбан айт мерекесі басталды

cover

Құрбан айт – мұсылман халықтарының ең басты ұлық мейрамы. Халқымыздың салт-дәстүріне байланысты үш күнге созылатын мейрам жыл сайын мұсылман күнтізбесі бойынша ораза айт мейрамынан жетпіс күн өткеннен кейін басталады.

Қазақ халқының алғаш рет құрбан айтты тойлауы туралы деректер ХІХ ғасырдағы орыс жазбаларында кездеседі. Тарихи құжаттарда қазақ жерінде 1926 жылға дейін «Рамазан айт» үш күн, «Құрбан айт» үш күн, «Наурыз» бір күн ресми мереке ретінде тойланғаны жазылған. Құрбан айтты тойлау және құрбан шалу салты Орталық Азияға ислам дінінің келуімен байланысты.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл Құрбан айт мерекесінің бірінші күні 16 маусымға сәйкес келетінін хабарлады. Арапа күні – 15 маусым.

 Бұл күндері құрбандыққа мал шалып, азығы жоқ, мұқтаж жандарға таратып береді. Ислам түсінігі бойынша жоқ-жітік жандарға көмектесу сауапты іс. Сондай-ақ, мұсылмандар құлшылық етіп, көбірек жақсы амалдар жасауға тырысқаны жөн.

Ханафи мәзһабында Құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп яғни міндет. Шариғат бойынша «бай» деп мал-дүниесі нысап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Мал-дүниесі нысап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес. Айт күндері аз да болса садақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, шариғатта құрбандыққа төрт түлік (қой, ешкі, сиыр, түйе) малды шалады. Ешкінің және қойдың жасы бір жылдан асқаны, сондай-ақ алты айдан асқан тоқты (қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.

Сиырдың екі жастан асқаны, ал түйенің жасы бес жылдан асқаны құрбандыққа шалынады. Сонымен қатар сойылатын малдың кемшілік, кінәраты болмауы керек.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар