Блогер зорлаған қыз әділдік талап етіп, Тоқаевқа жүгінді

cover Коллаж Orda.kz

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң 16 маусымда күшіне енді. Адвокат Жанна Оразбақова жаңа істі қолға алғалы жатыр. Бұл қыз зорлады деп айыпталған Думан Ерқанаттың жақында ақталуына қатысты іс. Жәбірленуші бұл шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа жүгініп отыр.

Оrda.kz редакциясы сот жабық процесте өткен соң, бұған дейін толық ақпарат жарияламай, тараптардың атын атамай, ақпарат беріп отырды. Алайда Ерқанат Думан әлеуметтік желілерге ашық шығып, youtube арнасында ақталып, жазба түсірген соң, екі тараптың бейнежазбаларын тыңдап ашық саралауды жөн көрдік. Зорлық көрген қыз бұл шығарылымдағы ақпараттарды жоққа шығарып, нақты дәлелдер келтірілмегенін және кейбір ақпараттарды жасырып қалғанын айтты.

Бауыржан Бөгенбайдың youtube арнасында жарияланған шығарылымда Ерқанат Думан өзінің кінәлі емес екенін айтады. Ол криптовалюта жайлы үйрету мақсатында оқырмандарының жекесіне жазып тұратынын және жәбірленуші 2022 жылдың 4 желтоқсанында түнгі 10 шамасында жазғанын айтты. Кино көріп жатқан оған қыздың бірге көруге келіскенін, өз аяғымен келгенін айтады. Өз қалауымен төсек қатынасына түскенін де жасырмады.  Артынша жала жабылып, нақақтан-нақақ түрмеде отырдым дейді. Алайда бірінші сот кезінде Ерқанат Думанның өз кінәсін мойындап, жәбірленушіден шын ниетпен кешірім сұраған бейнежазбасы бар. Кешірім сұрап, кінәсін мойындаған адам неге райынан қайта қалды екен? 

Жанна Оразбақова: «Мен әділдік орнағанын қалаймын»

«Мен Арайлымға сенемін және соңына дейін күресемін. Сотталушы Ерқанаттың кінәсі толығымен анықталды. Қылмыстық іске қатысы экспертизаның барлық түрі жасалды. Қыздың денесінде зорлағаннан түскен жарақаттар бар. Өзінің не істегенін анық ұғып тұрған қылмыскердің оқиғадан кейін жазған  хаттары бар. Оның үстіне қылмыскер бірінші сатылы сотта қылмысын түгел мойындап, жәбірленушіден кешірім сұраған бейнежазба да бар. Үйқамаққа шыққанда жауапкершіліктен жалтарып, шетелге қашып кетпек болды. Мен әділдік орнағанын қалаймын. Сондықтан осы іске кірісіп отырмын», – деді Жанна Оразбақова.

Айыптыны депутат неге ашық қолдап отыр?

Сұхбатқа мәжіліс депутаты Абзал Құспан қатысты. 

«Сіз айтып отырған Думан есімді азаматтың ісінен көргенім не? Бірінші сатыдағы сот 5 жылға соттап жібереді. Ешқандай дәлел-дәйек болмаса да. Бірақ менің таң қалғаным — Алматы қаласының аппеляциялық алқасындағы соттың кәдімгі жан-жақты отырып жазғаны», – деп Абзал Құспан сот ісімен танысқанын және ақпараттың тексерілгенін қайта-қайта көрерменнің есіне салады. 

 Сөзін жалғаған депутат, қыздың өз аяғымен келгенін баса айтады. 

«Түнгі 22:40-та ол әйел адам азаматқа хат жазады. Үйіне  өзі сұранып келеді. Тараптармен жоққа шығарылмайтын, сот актісінде көрсетілген Whatsapp хабарламалардың ішінде мынадай сөздерге назар аудардым. «Не істеп отырсың?» дейді, «Кино қарап отырмын» дейді. «Менде барып бірге қарайыншы» дейді. Осылай өзі ұсынып, өзі келеді. Сосын төсектес болады», – дей келе Абзал Құспан айыптының үйде жалғыз болғанын тағы бір ескертіп өтеді.
«Кеткеннен кейін таңғы сағат 3-терде арыз түседі», – деп Абзал Құспан тағы да іс бойынша бұның тіркелгенін еске сала кетеді.

«Мен бұл мәселенің «моральдық жағын қозғамай-ақ қояйын» дей келе, Абзал Құспан келісім бойынша болған жыныстық қатынас зорлық-зомбылыққа жатпайтынын, ал әйел адамның өз еркінен тыс, күштеп, мәжбүрлі түрде қатынасқа түскен болса, сөзсіз ол зорлау қылмысы болатынын айтады.  Депутаттың әр сөзін екшеп, осы іске ерекше мән беруінің сыры неде?

«Осы жердегі аппеляция алқасының жазған, келтірген уәждерін, сот актілерінің бәрін қарап шықтым. Онда өзара келісіммен болғаны айдай анық көрініп тұр. Тағы да қайталап айтайын. Өз еркімен келеді. Өзі бастама білдіріп. Түннің бір уағына дейін болады. Үйден шыққанға дейін, ол екі ортада, төсек қатынасы орын алған соң пәтеріне курьер тамақ әкеліп береді. Ол кезде де айқай шығармайды, қарсылық білдірмейді. Сондықтан бұл жерде қылмыс орын алған жоқ деп үкім шығарған Алматы қаласының аппеляциялық алқасының қаулысын көргенде, қанша жылдан бері қалыптасқан сот тәжірибесі шынымен дұрыс жолға түсейін деген екен деген ойға қалдым», – деді мәжіліс депутаты.

Депутат сенімді түрде Ерқанат Думанды кінәсіз дейді. 

Еске сала кетейік, Абзал Құспан осы уақытқа дейін бірқатар атышулы істердің басы-қасында жүрген адам. Оның үнемі осындай істерге ұмтылуы, бір кездері Сайрагүл Сауытбайқызына қатысты істі қолға алғанда да байқалып еді. Абзал Құспанның сөзінше, С.Сауытбайқызы оның қызметінен бас тартқан. Нақ себебін білмейтінін айтып, «өзі шешім қабылдамағанын сеземін» деді Абзал Құспан.

Ал Сайрагүл бұл жайлы ашып айтпайды. Әйел адвокатпен жұмыс істеу қолайлы екенін айтып, Айман Омарова ендігі жерде қорғаушысы болатынын мәлімдейді. Қытай шекарасын бұзып өтіп, өз елінен пана сұраған Сайрагүл Сауытбай Қытайға қайта қайтарыла жаздап барып, аман қалды. Ол Қазақстанда саяси босқын мәртебесін ала алмаған соң, отбасымен бірге Швеция кетуге мәжбүр болды. Өз елінен пана таппай, басқа елге кетуге мәжбүр болған Сайрагүл неге Абзал Құспаннан бас тартты?

Ол жағын болжай беруді оқырманға қалдырдық. 

Абзал Құспанның үстінен арыз түседі

Ерқанат Думанның сөзіне сенсек, қыз оны бопсалап 100 млн сұрады. Ол әділдікке жету үшін, ақша бермей, күресетінін айтты.

Жәбірленуші тараптың сөзінше, Бауыржан Бөгенбайдың Youtube арнасында жарияланған Абзал Құспанмен өткізілген сұхбатта айтылған ақпараттардың кейбірі жалған ақпарат болса, кейбірін өз  пайдасына асыру үшін жасырып қалған деректер деді.

Сондай-ақ, жәбірленуші қызды шақырған жер, яғни қылмыс орны болған жерді «бұл құжаттардың бәрін сақтайтын әрі кеңсе, әрі тұратын үй» деп түсіндірген Ерқанат Думан. Сондықтан оның жұмыс орнына жеке кеңес алу үшін барғанын айтады. Зорлық көрген соң қыз полицияға хабарласып, медициналық тексеруден өтті. Зорлық-зомбылық көрсету фактісі расталды. Медэкспертиза бар. Жәбір көрген қыздың киімдерінен айыпталушының биоматериалдары табылды. Тергеу кезінде айыпталушының достары, туыстары қызға қоқан-лоқы көрсетті. Қысым көрген қыз айыпталушының түрмеден үйқамаққа ауысуы туралы келісімге қол қойды. Бір қызығы үйқамаққа шыққан айыптының бірінші кезекте елден қашуға тырысқаны болып отыр. Бірақ Қордайдағы Қырғызстанмен шектескен шекарада ұсталып, қайта изоляторға жіберілді. 

Блогер бірінші сот отырысында кінәсін мойындап, кешірім сұрайды. Бірақ жәбірленуші оны кешірмеді. Адвокаттардың сөзінше, жәбірленуші кешірсе де, кешірмесе де кінәлі адам сот шешімі бойынша лайықты жазасын алу керек. Сот айыпталушыны 5 жылға бас бостандығынан айырып, моральдық зиян келтіргені және шығындар үшін 3 млн өтемақы төлеуді міндеттеді. Алайда сотталушы Алматы қалалық соты арқылы жазадан құтылып, ақталуға мүмкіндік алған. Қыздың Жоғары сотқа жүгінуден басқа амалы қалмады.

Жәбірленушіге ақталуға тура келді

Маусымның 15-і Думан Ерқанат Instagram-дағы профилінде ашық түрде сот жайлы ақпараттарды жариялай бастады. Адвокаты Әсел Сұлтанмұратқызының сөзінше, айыпталушы Ерқанат Думан сот ісі жайлы өзіне пайдалы ақпараттарды ғана жариялап, шындықты бүгіп қалған. Сот жабық түрде өтіп жатқанда мұндай ақпараттарды таратуға болмайды. Сонымен қатар журналист Бауыржан Бөгенбайдың youtube арнасында қыздың атына күйе жағу мақсатында бүтін бір шығарылым жарияланды. Онда мәжіліс депутаты Абзал Құспан бұрынғы прокурор және адвокат қыздың не үшін «кінәлі» екенін айтып берді. 

Айыпты қоғамның ойына ықпал еткен соң, жәбірленуші ақталуға мәжбүр болады. Youtube арнасында бейнежазбадан соң, мыңдаған оқырман мәселенің жай-жапсарына бармай, қызды жабыла кінәлады. Жәбірленуші әлеуметтік желілер арқылы Қазақстан президентіне бейнеүндеу жолдады. Онда сот ісін қоғам алдында ашық өткізуге, әділдік орнауы үшін тіпті полиграфты қолдануға дейін баратынын хабарлады.

Полиграф немесе шындық детекторы адам сөйлегенде физиологиясын бақылайтын құрылғы. Адамның жалған сөйлеп тұрғанын анықтайтын таптырмас құрал.

Мыңдаған адам кейде жәбірлеушіні емес, зорлық көрген адамды жерден алып, жерге салып жатады. Осыған ұқсас оқиғалардағы пікірлерді қарасаңыз, ілік іздеп, әйтеу зәбір көрген адамды жарысып жамандап жататындар табылады. Олар қылмыскерді айыптаудың орнына, жәбірленушінің қайда барғанына, қалай киінгеніне, қай уақытта көшеде жүргеніне қарай кінә тағып жатады. Жұрт арасында мұндай көзқарастың көптігіне қарасақ, демократияны ту еткен, адам құқығын бірінші орынға қоятын елдің біз үшін ауылы әлі алыс. 

Зорлық көрген қыз Жоғарғы сотқа жүгінді

Оның басынан да осы жағдай өтіп жатыр. Бұл оқиға 2022 жылы болды. Содан бері Арайлым Төрегелді бірнеше психологтың көмегіне жүгініп, жан жарасын емдеуге тырысты. Қайткен күнде де әділдікке қол жеткізбей тынбайтынын айтты. Ол жоғарғы сот пен президентке жолдамасында былай дейді:

«Президент пен Жоғарғы сотқа жүгінемін. Мен мәжіліс депутаты Абзал Құспанның мені өтірікші етіп, Ерқанат Думанды зорлыққа бармады және мен оны бопсалап, ақша сұрады деп «жығып берген» бейнежазбасын көрдім. Ол осы жағдайға қатысты менің үстімнен іс қозғау керегін айтты. Қазір мен Ерқанат жазадан құтылып кетіп, ал шын мәнінде зорлық көрген мені осы мәжіліс депутаты  бастаған табалаудан кейін түрмеге отырғыза ма деп қауіптенемін. Абзал Құспан жабық сот отырысы ақпараттарын таратып жатыр. Ол оны бұрмалап, дұрыс жеткізбеді. Мен бұл істі Жоғарғы сотта ашық түрде өткізуіңізді сұраймын. Кез келген полиграфтан өтуге дайынмын. Ақпараттың бұрмаланбауы , қылмыстық істегі барлық фактілер халыққа сол күйі жетуі үшін сотқа барлық БАҚ өкілдері қатысқанын қалаймын. Зорлық көрсеткені медициналық сараптамамен дәлелденгенін айта кеткім келеді. Менің денемнің бірнеше жерінде жарақат болды. Олардың бәрі қылмыстық істе жазылып, суретке түсіріліп, қатталды. Менің жатырымдағы үлкен жарақаттардың жазылуы жайлы 6 ай бойы барып жүрген дәрігерлерім анықтама берді», – деп мәлімдеді жәбірленуші.

Жақында ғана АҚШ президентінің ұлы Хантер Байден есірткі қолданып жүріп, заңсыз қару алды деген айыппен сотталған еді. Президент Джо Байден «қандай жағдай болса да, сотталып жатқан ұлы екеніне қарамай, сот үкімін сол күйі қабылдайтынын, сотқа бағынатынын айтқан еді. Бұл арқылы ол демократия орнаған елдерде тіпті туған ұлының да заң алдында бәрімен бірдей екенін білдіріп тұр.  Ол тіпті бір реткі кешірім беретін президенттік уәкілеттілігін пайдаланбайтынын мәлімдеді. Ал Қазақстанда қыз зорлау ісі бойынша сотталған адамның ісіне мәжіліс депутатының тікелей араласуы қаншалықты дұрыс?

Жанна Оразбақова депутат Абзал Құспанның сот ісіне араласуы  жайлы былай деді:

«Абзал Құспанның депутат ретінде сот төрелігінің шешіміне араласуға құқығы жоқ. Бұл депутат этикасын бұзатын қателік әрі депутат этикасы кодексіне қайшы әрекет», –дейді белгілі адвокат Жанна Оразбақова.
Фото: Мәжіліс депутаты Абзал Құспан
 «Парламент жайлы ҚР заңы бар. Мәжіліс пен парламент қызметіне қатысты белгілі бір ережелер бар. Онда бүтін бір бөлім депутат этикасына қатысты ережелерге арналған. 109-ережеде былай делінген: бұқаралық ақпарат құралдары алдында, баспасөз-конференцияларында, митинг және көпшілік алдына шығып сөйлегенде, мәлімдеме жасағанда тек тексерілген, дәлелденген ақпараттарды қолдануы тиіс. Қоғамды адастыратын ойға жетелемеуі керек. Әрбір азаматтың ары мен беделін табалайтын сөздерді қолданбауы қажет. Яғни, депутат істемейтін істер осы, бірақ Абзал Құспан оған кереғар іске барып отыр», – деді Рена Керимова. 

Амангелді Айтбаев және әлеуметтік желі

Рена Керимова, Елена Жигалёнок, Әсел Сұлтанмұратова сынды қорғаушылардың пікірінше бұл Жоғарғы сот шешіміне, нәтижесіне тікелей әсер етуі мүмкін. Қорғаушылар депутат этикасына қарайтын комиссияға Абзал Құспанның үстінен шағым түсіргелі жатыр. Олар депутат деген лауазымды тұлға болған соң, беделін пайдаланып қана қоймай, қоғамның ойына әсер ететінін айтты. Мәжіліс депутатын түсірген бейнежазбадан кейін әлеуметтік желіде осы тақырып қызу талқыға түсіп, жұрт пікірі сан саққа кетті. Кейбірі қыз зорлады деп 5 жылға сотталған Ерқанат Думанды жақтап отыр. 17 маусым Думан Қошақанов «Ал, ағайындар, ер-азаматтар, ояныңдар!» деген сөздермен Ерқанат Думанды қолдаған stories салды. Бұл сөздер неге тек еркектерге бағытталуы керек?

 

Айта кету керек, бұл іс Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелдінің де назарын аударды. Ол stories-та Ерқанат Думанның кінәсін мойындаған бейнежазбамен бөліседі.

 

«Оны ешкім сабамаған, қинамаған. Өзі кінәсін мойындап отыр. Оның үстіне жазадан қашуға мүмкіндік туа сала, жасырынып қалуға, қашып кетуге тырысқан. Қалай екені белгісіз, депутаттың қолдауын көріп отыр. Билік адамдары жеке бір адамның сот ісіне араласқанын қайдан көріп едіңіздер?», – дейді өзінің Instagram парақшасында Айтбек Амангелді Жоғарғы Сотты белгілеп.

Айыптының айласы

Қоғамдық пікірге ерекше әсер етіп жатқан youtube арнасындағы Абзал Құспан түскен бейнежазбада  таксистке жала жаппақ болған қыздың бейнежазбасын әдейі қосуы — көпшіліктің пікіріне тікелей ықпал ету үшін жасалған манипуляция дейді жәбірленушінің адвокаттары.

«Депутат біздің ісіміз жайлы айтып жатып, өтірік зорланған болып көрінгісі келген қызды мысал етеді. Бұл екі істің айырмасы жер мен көктей болса да мысал ретінде осы бейнежазбаны көрсетеді және солай ол көпшілік пікірін өте жақсы бұрып кетеді. Ол әкімшілік жауапқа тартылған, сол алаяқ қызды көрсетеді де, лезде біздің қызымыз жайлы әңгімені айта жөнеледі. Әрине, Ерқанат жазбаларының астында біздің қорғауымыздағы қызды ана өтірікші әйелмен теңестіріп, қара күйе жағады. Адамдар үшін оның бейнесі сол әйелмен астасады. Депутат кімнің сөзін сөйлеп отыр? Ол іске қатысты бірде бір нақты дәлел келтірмеді. Егер 120 (адам зорлау) бабына қарап, зерттеу жүргізсе, түсінер едім», – деді Рена Керимова.

Еске сала кетейік, Бауыржан Бөгенбайдың youtube арнасындағы бейнежазбада Абзал Құспан мысал ретінде таксистке өзін зорлады деп жала жаппақ болған алаяқ қыздың бейнежазбасын көрсетеді.

100 млн ба? 3 млн ба?

Ерқанат Думан жәбірленушіге 100 млн теңге ақша беруді талап етіп, бопсалады деген айып таққан болатын. Жәбірленушінің сөзінше бұл Ерқанат Думанның істі бұрмалау үшін шығарған кезекті «өтірігі». 

«Сотқа дейінгі зерттеуде, мен жәбірленушіге өз құқығын тәптіштеп айтып бердім. Оның ішінде моральдық зиян келтіргені үшін өтемақы талап ете алатыны жайлы айттым. Оның ішінде мынадай шығындар: дәрігерлер мен адвокаттарға кеткен төлемақы, сондай-ақ, қылмыстық іске барып, моральдық зиян тигізгені үшін өтемақы міндеттелді. Жәбірленушіге бірталай психологтың көмегіне жүгінуге тура келді. Ол жігері мұқалып, депрессияға түсіп, күні бүгінге дейін жолын ораған күйзеліспен әлі күнге күресіп келеді. Осы ұсынысыма қарап, жәбірленуші сотқа арыз берді. Бірінші сот бұл арызды қабылдап, 3 млн теңге төлеуі тиіс деп бекітті», – деді жәбірленушіге алғашқы күннен бастап көмек беріп жүрген Әсел Сұлтанмұратқызы.

«Өз аяғымен барған, өзі кінәлі»

Қорғаушылардың айтуынша Абзал Құспан: «Өз еркімен келеді. Өзі бастама білдіріп. Түннің бір уағына дейін болады. Үйден шыққанға дейін осы екі ортада төсек қатынасы орын алған соң, пәтеріне курьер тамақ әкеліп береді. Ол кезде де айқай шығармайды, қарсылық білдірмейді. Сондықтан бұл жерде қылмыс орын алған жоқ деп үкім шығарған Алматы қаласының аппеляциялық алқасының қаулысын көргенде қанша жылдан бері қалыптасқан сот тәжірибесі шынымен дұрыс жолға түсейін деген екен деген ойға қалдым» деді мәжіліс депутаты Бауыржан Бөгенбайдың арнасына берген сұхбатында. Сондай-ақ, сұхбатта мәселенің «моральдық жағын қозғамай-ақ қояйын», – дей келіп, мәселені жәбірленушіні моральдық жағынан айыптауға болады деген ойға тірейді.

 

Қорғаушы Елена Жигалёнок Абзал Құспанға жауап ретінде Жоғарғы Соттың 2007 жылы бекіткен зорлық-зомбылыққа қатысты қылмысты зерттеуде ескеретін нормативтік қаулыны айта кетті. Зорлауға қатысты істі қарағанда жәбірленушінің моральдық,әлеуметтік хәліне, мінезіне қарамайды және қылмыскер мен зәбір көрген адамның қарым-қатынасы маңызды емес.

Жәбірленуші аппеляциялық сот алқасы мен айыптының адвокаты Мамытов оны ашық табалағанын атап өтті. Олардың «тісқаққан әйел» («опытная женщина») деген сөзді қолданғанын айтты. Дәл Абзал Құспан секілді тек «өзі кінәлі» деген ойды негізге ала отырып сұрақ қойғанын айтты жәбірленуші Арайлым. 

«Өлмесең, өмірем қап»

Қыздың өз еркімен келгенін дәлелдеу үшін Ерқанат Думан екеуінің хаттарын көрсетеді. Бірақ неге екенін, хаттың жалғасын көрсетуді «ұмытып» кетеді. 

Хатта қыз болған жағдайдан кейін өзіне-өзі қол жұмсағысы келетінін айтады. Бұған селт етпеген Ерқанат Думан көзінің ісіп тұрғанын, ұйықтайтынын айтады. Яғни, оның суицид жайлы ойларына мән бермеген. Келесі күні ағылшынша өзін қыз жек көрмейтініне үміттенетінін айтады және трейдингті әлі үйренгісі келетін болса, курсты оқи алатынын жазды. Адам өзін-өзі өлтіруі мүмкін екенін ести тұра қандай адам немқұрайлылық танытады? Бұл «өлемесең өмірем қап» деген немкеттіліктің кебі болып шығып, Ерқанат Думан расымен зорлық көрсеткен болса қайттік? Сіз бен біз білмейтін фактілер өте көп. Егер сот ашық өтетін болса, бұл оқиғанның егжей-тегжейін біле жатармыз.

  

Енді көкейде үлкен сұрақ қалды. Ерқанат Думан неге бұл фактілерді бүгіп қалған? Ал Арайлым неге кез келген тексерістен өтуге дайын екенін айтады? 

«Жібін үзген бұқа»

Бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде қызды табалап, ұлардай шулаған жұрттың пікірі жетерлік. Жалпы жінігіп, лепіріп, ерекше ыждаһатпен сөйлейтін адамдарды жұрт жақсы тыңдайды. Бірақ естімейді. Егер құлақ түрсек, бәлкім шешендік өнер мен әртістік қабілеттен басқа құр сөзді саудыратып сөйлей бергенін байқауыңыз мүмкін. Алайда аңқаулар мұндай шеберлікке тез алданып, мәселені барламай, сол «шешен» адамдардың жетегінде кете береді. 

Жәбірленушінің сөзінше сол оқиға орын алған кездері әкесі аяқ-асты дүние салған. Ал отбасына болған оқиғаны айтпай, жалғыз өзі табанынан таусылып жүріп соттасқан. Оңтүстіктің қызы болған соң, ондағы таптаурын ойлардан қорқып, жақындарына болған оқиға жайлы тіс жармаған. Соңына дейін олардың ешқайсысы білмеген, ал Арайлымның қалған үмітінің күл талқанын шығарып, Ерқанат Думан әлеуметтік желіде аты-жөнін жариялап жіберген. Жақындарына жақ ашпау себебін, оның туған өңірінде «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деген көзқарас қалыптасқан. Сондықтан батылы жетпегенін айтады. Бірақ бұл мақалды қазіргі кезде осындай ауыр қылмысқа қатысты беталбаты қолдана беретін әлеуметтік желі қолданушылары көбейіп кетті.

Егер бұқа жібін үзіп, адам зорлағанын бір мақалмен ақтап алатын болсақ, Конституцияның алғашқы жолындағы «Мемлекеттің ең құнды қазынасы — адам» деген сөзді жоққа шығарамыз. Сондықтан әр істің бір мәніне үңілу қажет, қадірлі оқырман. 

Айта кетейік, зорлық-зомбылық жайында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының статистикалық деректеріне сүйенсек, жолдасынан зорлық көрген әйелдер мен басқа адамнан зорлық көрген әйелдердің жалпы саны 736 млн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарасақ, мұндай агрессия көрсететін еркектердің көбі балаларға да қатыгез болады. Бұл жайлы Біріккен ұлттар ұйымының әйелдерді қорғау жөніндегі  «БҰҰ-әйелдер» ұйымы сайтында жариялаған.

Деректерге сүйенсек, бұл көрсеткіштің 85 пайызы, яғни әйелдер мен қыздардың 640 млн-нан астамы 15 жас шамасында жыныстық зорлық көреді. Мұндай қылмысқа барған еркектердің 95 пайызы физикалық зорлықпен қатар психологиялық зорлық-зомбылық көрсетеді. Жылдар бойы жолдасының ұрып-соққанына, ауыр сөздері, ұрыс-керіс, жанжалы және қорлауына төзбеген әйелдер өзіне өзі қол жұмсап жатады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар