«Біз жеңілдік»: «Слованды» жеңген «Қайрат» Чемпиондар лигасына дайын ба?

cover Коллаж: Orda.kz

Чемпиондар лигасында 2025-2026 жылғы іріктеу кезеңінде биыл қазақстандық «Қайрат» футбол клубы өнер көрсетеді. Алматылық клуб бұған дейін іріктеуде 2021-2022 жылдары бақ сынаған болатын. Биыл Қазақстан премьер-лигасын 1-орынмен көш бастап, қайтадан лиганың іріктеу кезеңіне жолдама алды және 6 тамызда Алматыда словакиялық «Слованмен» кездесу өткізді. Командалар жанкүйерлерді қандай ойын өрнегімен тамсандырды?

Orda.kz тілшісі тартысты матчқа барып, сіздерге тікелей стадионнан ақпарат ұсынады.

Алматылық клуб бұған дейін словениялық «Олимпия Любляна» футбол клубымен, финляндиялық «КУПС» футбол клубымен кездесті. Жалпы есеп бойынша «Олимпияны» 3:1 есебімен жеңіп, 1-раундтан өтсе, 3:2 есебімен «КУПС-ты» жеңген болатын. 

«Қайраттың» қазіргі клубының да аяқ алысы жаман емес. 2024-25 жылғы маусымда «Слован» Чемпиондар лигасына шығып, 25 команданың ішінен 24-орынға табан тіреген болатын. Матч алдындағы прессада 2015 жылғы «Қайраттың», қазіргі «Слованның» жаттықтырушысы Владимир Вайсс биылғы ЧЛ-ның турнир кестесіне шығатындарына сенімді екенін айтқан болатын. Словакиялық клубтың статистикасына қарап отырсақ, кәрі құрлықта топ жарып жүрген Бавария, Милан, Атлетико Мадрид, Динамо Загреб сынды клубтармен теке тірескен. Тілге тиек етейік, егер «Қайрат» словакиялық команданы жеңетін болса, алда шотландиялық «Селтик» футбол клубымен кездеседі. Ал жеңілген жағдайда швейцариялық «Янг Бойз» командасына қарсы ойнайды. Дәлірек айтқанда «Қайрат» жеңсе де, жеңілсе де осал клубтарға қарсы түспейді.

«Қайрат» жанкүйерлері қарсыластарымызды жылы күтіп алмады. Дайындалу үшін шыққан ойыншыларға жанкүйерлер шу көтеріп, ысқырды. Жалпы бүгінгі ойынға билеттің барлығы сатылып кетті.

Ойын барысы: 1-тайм

Қайрат құрамы: Заруцкий, Қасаболат, Сорокин, Мартынович, Мата, Тапалов, Арад, Громыко, Жоржиньо, Эдмилсон, Сәтпаев.

Слован құрамы: Такач, Круш, Кашия, Байрич, Блэкмен, Ибрахим, Покорны, Вайсс, Толич, Барсегян, Стрелец.

Ойын басталды. 1 минут ішінде екі команда да бір-біріне шабуыл жасап үлгерді. Ал ойынның 4-минутында «Слован» командасына қарқынды шабуыл жасалды және 6-минутта тағы да «Қайрат» командасы жойқын 2 шабуыл жасады. 8-минутта 55-нөмірдегі «Қайрат» ойыншысы Валерий Громыко қарсылас команданың ойыншысымен соқтығысып, жеңіл жарақат алды және 10-минутта тағы да «Қайрат» тарапынан Офри Арад айып алаңының сыртынан теуіп көріп еді, доп қақпадан жоғары ұшты. Сөйтіп алғашқы 10 минутта екі команда есеп бойынша тең түсті.

11-минутта «Слован» клубы ойындағы 2-шабуылын жасады. Рахим Ибрахим алыстан соққы жасағанымен, қақпашы Заруцкий оны қайтарды. 15-минутта «Астананың» бұрынғы шабуылшысы болған, қазір «Слован» ойыншысы Тигран Барсегян бұл ойында дөрекі ойын көрсеткені үшін сары қағаз алды. 

Ойынның 22-минутында «Қайрат» ойыншылары шабуыл жасап көргенімен «Слован» қорғаушылары сауатты қорғана білді. Ойынның 24-минутында «Қайрат» қорғаушысы Еркін Тапалов дөрекі ойыны үшін төрешіден сары қағаз алды. 27-минутта «Қайрат» контршабуыл жасағанымен айып алаңына жақындаған кезде Еркін Тапалов алыстан тепкісі келді. Алайда тепкен добы «Қайратқа» нәтиже алып келмеді. Ойынның 29-минутында «Слован» ойыншысы Тигран Барсегянның тепкен добы қақпа бағанынан қиыс кетті.

31-минутта «Словандық» ойыншылар шабуыл жасауға тырысқанымен, «Қайрат» қорғаушылары оларға мүмкіндік бермеді. 34-минутта «Қайрат» ойыншысы Джоржиньо айып алаңының сыртынан тепкенімен «Слован» қақпашысы қайтарды. Ойынның қарқыны бәсеңдеді.

Қос тарап та бір-біріне жойқын шабуыл жасай алмады. Ал 1-таймға қосымша тағы 3 минут қосты. 1-таймдағы статистика бойынша допқа иелік етуден «Қайрат» алда тұрды. 60%/40% болса, қақпаға тура бағытталған соққылар саны 4/1. 

Нәтижесінде статистика бойынша 1-таймда «Қайрат» алға шықты.

2-тайм

15 минуттық үзілістен кейін ойыншылар алаңға оралды және құрам еш өзгеріссіз сол қалпы қалды. Ойынның 50-минутында Валерий Громыкоға қарсы Рахим Ибрахим тарапынан ойын ережесі бұзылды және төреші Ибрахимге лайықты сары қағазын көрсетті және 54-минутта Тигран Барсегянға қарсы дөрекі ойнаған Дамир Қасаболатқа сары қағаз көрсетілді. Жалпы ойында 4 сары қағаз көрсетілді. 58-минутта «Слован» шабуылшысы Владимир Вайсс («Слован» жаттықтырушысы Владимир Вайсстың баласы) жарақат алып, дәрігерлер көмек көрсетті. Алайда Вайсс қайтадан алаңға шықты.

63-минутта «Слован» ойыншылары қауіпті шабуыл жасағанымен, «Қайрат» қорғаушылары қауіптің бетін қайтарды. Ал 64-минутта Рахим Ибрахимге («Слован» ойыншысы) екінші сары қағаз көрсетіліп, алаңнан қуылды. Ал айып алаңынан жасалған соққы қорғаушылардан аса алмады. 67-минутта 16 жастағы Дастан Сәтбаев та сары қағазбен жазаланды.

Ресми мәліметтерге сүйенсек Орталық стдионға 22 800 адам жиналды. 

72-минутта «Слован» ойыншысы Давид Стрелецке сары қағаз көрсетті. Ойындағы алғашқы ауысым, 77-минутта «Қайрат» сапында Валерий Громыконың орнына Александр Мрынский ауыстырылса, «Слован» сапында Владимир Вайсс пен Аласана Иражанга ауысты. Ал 80-минутта «Қайратта» тағы да өзгеріс, Эдмильсонның орнына Рикардиньо ауысты Уразбахтин бұл жолы шабуылшыларды ауыстыруды жөн көрді. 81-минутта «Слован» командасы қос бірдей ойыншыны ауыстыруды жөн көрді. Владмир Вайсстың орнына Марко Толич және Давид Стрелецтың орнына Микола Кухаревич шықты. 85-минутта жаңа шыққан Рикардиньо бұрыштамадан келген допты баспен соққанымен, доп қақпадан қиыс кетті және 85-минутта «Слован» ойыншылары пенальти әкелді. 

90-минутта Дастан Сәтбаев мүмкіндікті жібермей гол соқты. Есеп 1-0. Тартысқа толы 2-таймға төреші 6 минут уақыт қосты.

Рафаэль Уразабахтин ойыншы ауыстыруды жөн көріп 90+6 минутта Қасаболаттың орнына Дан Глазерді ауыстырды және «Қайрат» ойыншылары тағы да бір гол салғанымен төреші есептемеді, өйткені гол оффсайдтан кірген және ойынның бітуіне аздаған минуттар қалғанда «Слован» жаттықтырушысы төрешінің төрелігіне наразы болып, алаңға жүгіріп шықты.

Осы ісінен кейін төреші жаттықтырушыға бірден қызыл қағаз беріп, ойыннан шеттетті. Матч 1-0 есебімен аяқталып, қос тарап арасында бірінші ойында «Қайрат» жеңіске жетті. Келесі ойын қарымта ойын Словакияда болмақ.

Ойыннан кейін

Ойын аяқталған соң БАҚ өкілдері прессаға барып, Владимир Вайсстан пікір алғысы келіп еді, алайда матч кезінде қызыл қағаз алған жаттықтырушы тілшілерге сұхбат беруден бас тартып, оның орнына оның көмекшісі және команда капитаны Владмир Вайсс келді.

«Біздің тарапымызға әділетсіздік болғанымен, төрешінің шешімін құрметтеуіміз керек. Бірақ кей тұстар қарсылас команданың пайдасына шешілді. Мысалы, 85-минутта олардың оң жақ қорғаушысы біздің ойыншыға дөрекілік көрсетіп ойнады, төреші оған екінші сары қағазын беріп, ойыннан шығару керек еді. Бірақ олай болмады. Болар іс болды, біз жеңілдік», – деді команда капитаны Владимир Вайсс.

Сондай-ақ капитан Қайраттың ойынына қайтадан талдау жасап, Братиславтағы матчқа дайындалатынын да жеткізді.

Ал жаттықтырушының көмекшісі болса «Қайраттың» шабуылын ерекше атап өтті. Оның сөзінше, «Қайрат» шабуылшыларында көптеген голдық сәттер болды, алайда олар оны дұрыс пайдалана алмады.

«Біз шабуылда көріне алмай қалдық. Құрамда көптеген тәжірибиелі ойыншылар бар, бірақ ашығын айтқанда бұл жердің климаты оңай емес екенін байқадық. Жаттығу кезінде-ақ алаң сапасының төмен екенін көрдік», – деді жаттықтырушының көмекшісі Борис Китка.

Еске сала кетейік, бұған дейін Владимир Вайсс пен Тигран Барсегян БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар