Бишімбаев ісін қараған судья Сәния Әлімжанованың өлімі бойынша сот үкімін шығармай, тергеуді қайта бастады

cover Фото: Orda.kz

Қуандық Бишімбаевтың ісін қараған судья енді Сәния Әлімжанованың өліміне қатысты істі де қарап жатыр. Тергеу нұсқасына сай, 2025 жылдың маусымында Ержан Иманқұлов Астанадағы пәтерде Сәнияны екі кішкентай баласының көз алдында пышақтап өлтірген. Осыдан кейін ол көпқабатты үйден секіріп кетіп, аман қалған. Бес сот отырысынан кейін тараптар жарыссөзге өтіп, прокурор Иманқұловты қылмыстық жауапкершіліктен босатып, мәжбүрлі емдеуге жіберуді сұрады, деп хабарлайды Orda.kz.

Ол құлағаннан кейін ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Бірнеше айдан соң ер адам есі дұрыс емес деп танылды. Марқұмның жақындары енді оның қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетуінен қауіптеніп отыр.

Марқұмның әпкесі Алуа Сайдалинаның айтуынша, қайғылы оқиғаға дейін Сәния Иманқұловтың құмар ойынға тәуелді екенін және шамамен 10 миллион теңге қарызы барын білген. Осыдан кейін ол онымен арадағы байланысты үзбек болған. Туыстарының сөзінше, қаза болған күні Сәния полицияға хабарласып, өзіне қауіп төніп тұрғанын айтқан.

Істегі ең даулы мәселе — күдіктінің психикалық жағдайы. Марқұмның туыстарының айтуынша, тамызда өткен алғашқы сот-психиатриялық сараптама оның қылмыс жасаған сәттегі жағдайын алған жарақаттарына байланысты анықтай алмаған. Қазандағы екінші сараптама да нақты жауап бермеген. Ал желтоқсандағы үшінші сараптама ер адамды есі дұрыс емес деген қорытындыға келген. Сарапшылар оның миында органикалық зақым барын және антероградтық амнезияны көрсеткен.

Алайда марқұмның отбасы бұл қорытындымен келіспейді. Олардың айтуынша, сараптама материалдарында күдікті балалық шағын, отбасын, балаларын, телефон нөмірін және өміріндегі басқа да жайттарды анық айтып берген. Бірақ дәл адам өлтіру болған күнді ғана есіне түсіре алмаған.

Қылмыстық іс Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі бойынша қаралды. Бес сот отырысынан кейін іс жарыссөз кезеңіне өтті.

«НеМолчи» қорының мәліметінше, жарыссөзде прокурор Ержан Иманқұлов қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек деп мәлімдеді. Айыптаушы тараптың ұстанымынша, ол қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің мәні мен қоғамдық қауіптілігін түсінбеген және психикалық бұзылыс салдарынан өзін басқара алмаған. Прокурор оны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды сұрады. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы жиналған дәлелдерге күмән келтіруге негіз жоқ екенін айтып, есі дұрыс еместікке қатысты Қылмыстық кодекстің 16-бабына сүйенген.

Сәния Әлімажанованы өлтіру ісі бойынша сот үкім шығармай, сот тергеуін қайта бастады. Судья Айжан Құлбаева кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін қосымша зерттеуді қажет ететін сұрақтар туындағанын айтты.

Сотта Иманқұловтың қылмыс жасалған сәттегі уақытша психикалық бұзылысы туралы сараптама қорытындыларына күмән туған. Судьяның айтуынша, бұл сараптаманы нақтылау қажет, өйткені оның қорытындылары 2025 жылғы 12 желтоқсандағы комиссия тіркеген науқастың сыни функциялары сақталғаны туралы деректерге қайшы келеді.

Бұдан бөлек, жәбірленуші тарап 2026 жылғы 24 ақпанда балама ғылыми-құқықтық талдауды ұсынған. Онда негізгі сараптаманың әдістемесіне күмән келтірілген. Осыған байланысты сот қосымша стационарлық сот психологиялық-психиатриялық сараптаманы жүргізген сарапшылардан жауап алуға шешім қабылдады.

Сот сондай-ақ іс материалдарында ұялы телефондарды қарау нәтижелерінің, хат-хабарлардың және бейнебақылау камераларындағы толық жазбалардың жоқтығына назар аударды. Соттың пікірінше, бұл тергеудің толық жүргізілмегенін көрсетуі мүмкін. Осы мән-жайларды анықтау үшін сот тергеушіден жауап алуға қаулы шығарды.

Келесі сот отырысының күні кейінірек хабарланады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар