«Біреудің ала жібін аттап кеттім бе?» — Ерболат Жанәбіловтің сот алдындағы сөзі

cover Фото: Orda.kz

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі сотта миллиондаған оқырманы бар блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты заңсыз кәсіпкерлік қызмет пен қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру фактісі бойынша негізгі сот талқылауы жалғасуда. Orda.kz  тілшісі сот отырысына қатысып, оқиғаның мән жайын анықтады.

13 сәуір күнгі сот отырысында Жанәбіловтердің өздерінен жауап алынды. Бүгінгі тыңдауда айыпталушы тарап өз бизнесі, онлайн-курстардың қалай пайда болғаны және даулы ұтыс ойындарының ұйымдастырылуы туралы егжей-тегжейлі түсінік берді.

Сотта Ерболат Жанәбілов Қытаймен байланысты бизнесі бар екенін айтты, әйелі косметика мен тоқыма өнімдерімен айналысқан. Осы мақсатта олар Қытайға барып, зауыттармен жұмыс істеуді үйренген. Бұл процесте оларға Әсет Ақбар өндіріс орындарын көрсетіп, келіссөз жүргізу жолдарын түсіндірген.

«2021 жылдан бастап Instagram стористерінде өз тәжірибемізбен бөлісіп отырдық. Кейін жазылушылар Қытайдан тауар сатып алу мен бизнес бастау жолдарын үйретуді сұрай бастады. Көп адамның Қытайға баруға мүмкіндігі жоқ. Жол, тұру, аудармашы — бәрі қымбат. Сондықтан біз білімді онлайн форматта беруді шештік», — деді ол сотта.

Курстардың мазмұны Қытай платформаларымен жұмыс істеу, жеткізушілермен келісу, тауарға тапсырыс беру және шығынды азайту жолдарын қамтыған. Айыпталушының айтуынша, сабақтар қытай тіліндегі қосымшалар арқылы жүргізілген, ал аударма ішінара ғана қолжетімді болған.

Курсты түсіру және техникалық ұйымдастыру жұмыстарын Алматыда тұратын технолог Сұңғат Өтеболатов пен оның жұбайы Маржан атқарған. Олар студия, монтаж және реквизиттерді дайындауға жауапты болған. Сотта ұтыс ойындарын өткізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Айыпталушының айтуынша, мұндай форматты қолдану ұсынысын да Өтеболатов берген. Ол бұған дейін басқа блогерлермен осындай тәжірибе жасап, сәтті нәтиже көрсеткенін айтқан.

Алайда айыпталушы өзіне тағылған «заңсыз лотерея ұйымдастырды» деген айыппен келіспейтінін мәлімдеді. Ол басқа блогерлердің әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны туралы білмегенін, тек салық төлемеген блогерлер туралы білгенін айтты. Жанәбіловтің сөзінше, заң бәріне ортақ болғанымен, ұтыс ұйымдастырған басқа блогерлер тек әкімшілік іске тартылып,  қылмыстық іске тартылмаған.

«Интернеттен Дархан Жолшыбековтың салық төлемегені туралы көрдім. Өзі де стористе салық төлеу керек екенін жариялаған. Бірақ ол маған бұл туралы айтқан жоқ, тек «төледім» деді. Нақты не төлегенін білмеймін. Бірақ қылмыстық іс болмаған. Ал неге бізде мұндай жағдай болып, бізге қатысты қылмыстық іс қозғалып отыр? Заң бәріне бірдей емес пе? Бірдей жағдай болса да, мені қылмыстық жауапкершілікке тартып отыр. Ал Нұрбек Нұртазамен біз әріптес блогер ретінде таныспыз. Бір үстелде, іс-шараларда кездесіп, сөйлесуіміз мүмкін, бірақ күнделікті хабарласып, хал-жағдай сұрасып, отбасы мәселелерін талқылайтындай жақын емеспіз. Яғни, біз тек әріптес блогерміз. Нұрбек кейін, бізде резонанс болғаннан соң, әкімшілік айыппұлын төлеген», — деді ол

Сондай-ақ блогер өздерінің салықты уақтылы төлеп келгенін айтты.

«Біз салықты төлеп келгенбіз, төлеп те жүрміз. Мен әйелімнен де сұрадым: біз ұтыс бойынша салықты төледік пе? Иә, 10 миллионнан астам салық төледік деді. Заңды толық білмейтін мен үшін салықты төлесек, бәрі дұрыс, бәрі заңды деген түсінік болды... Қазіргі уақытта мен барлық блогерлер үшін жауап беріп отырғандаймын. Сіздер тек біз ұтыс жасадық, тек біз курстар саттық, тек біз гивтер өткіздік деп ойлайсыздар ма? Ондайлар өте көп. Мен біреудің жолын кесіп кеттім бе, білмеймін, біреудің ала жібін аттап кеттім бе,  біз өз бетімізбен жүрген отбасымыз. Өздеріңіз үшін 10–20 минут уақыт бөліп, біздің Instagram парақшаларымызды қарап көріңіздер. Мен үш бала тәрбиелеп отырмын, олардың тәрбиесі жақсы, видеода тек күлкілі көрінгенімен, шын мәнінде тәрбиелері  жақсы», – деді ол.

Сондай-ақ сотталушы Zhana Business компаниясының қаржылық немесе заңдық істеріне қатысы жоқ екенін айтты.

«Менде «сәттілік барабанын» қолжетімділік болған жоқ. Компьютердің өзін 9 cыныпта соңғы рет қолдандым. Мен бір нәрсені басуға да, қол қоюға да қорқамын. Бұған менің қатысым жоқ», — деді ол.

Жанәбілов болып жатқан сот процесі тек өздеріне ғана емес, сондай-ақ жақын туыстарына ауыр тиіп жатқанын мәлімдеді.

«Мен өзімнің де, жұбайымның да бүкіл халықтың мазағына айналғанын қаламаймын. Жұбайымның жалғыз жақыны әжесі ғана қалды. Оның мүгедектігі бар, өздігінен дұрыс жүре алмайды, жүрек ауруы, ентігу сияқты ауыр дерттері бар. Ауруханадан шықпаймыз. Жұбайымның ата-анасы жоқ, тек бір әжесі ғана. Егер ертең сол кісіге бірдеңе болса, оған кім жауап береді?» – деді ол.

Еске сала кетейік, «Аспаннан түскен байдың баласы емеспін»: Ерболат Жанәбілов кінәсін ішінара мойындады.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар