«Бір реттік неке және талақ»: Мешітте жыныстық қысымға тап болған бойжеткенге қарсы шабуылдар күшейді

cover Коллаж Orda.kz

Ақтөбе қаласындағы мешіттердің бірінде ер адамның бойжеткенге «бір реттік неке» ұсынған сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарағаннан кейін, оны түсірген Эммануелла Наурызбаеваға қатысты сын мен қоқан-лоқылар көбейді, деп хабарлайды Orda.kz.

Тіпті оны үйіне дейін аңдығандар да болған. Эммануелла Наурызбаева бұл бейнежазбаны Instagram парақшасында жариялағаннан кейін, оның әлеуметтік желідегі де, күнделікті өміріндегі тыныштығы бұзылған.

Желіде бойжеткенге бағытталған айыптайтын пікірлер легі толастар емес. Көптеген қолданушылар «өзі кінәлі», «дінді ұятқа қалдырды», «неге бірден имамға жүгінбеді», «неге бейнежазбаға түсіріп тұр» деген сияқты сөгіп, қорлайтып пікірлер қалдырған.

Оған қоса, белгісіз бір топ азаматтың түнгі уақытта қыздың үйінің алдында жиналып, терезеден қарап, темекі шегіп тұрғаны хабарланды. WhatsApp мессенджеріне «түбіңе жетпей қоймаймыз» деген мазмұндағы қорқытқан хаттар келіп түскені де белгілі болды.

Айта кетейік, полиция «бір реттік неке» ұсынған ер адаммен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 2-бөлігі («Қоғамдық орындарда тиісу») бойынша әкімшілік хаттама толтырғанын хабарлады.

Еске сала кетсек, Orda.kz заңсыз миссионерлік қызметі үшін, сот алдында жауапқа тартылған, қазіргі кезде жұрт алдына шығып, пікір білдіріп жүрген атышулы Дарын Мүбаров жайлы жазған болатын. Тілшіміз мүфтиятқа арнайы сауал жолдап, Дарын Мүбаровты тыңдауға болатыны, я болмайтыны жайлы анықтап көрді.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар