«Бір нашақордың сөзіне бола»: Ақтаудағы экс-полицейге жала жауып жатыр ма?

cover Фото: Жеке архивтен

Ақтау қалалық қылмыстық полициясының бұрынғы басшысы Мейрамбек Кенбаевқа қатысты қозғалған іс қоғамның назарын аударды. Оның туыстары Orda.kz редакциясына хабарласып, тергеу барысындағы өрескел заңбұзушылықтар мен «жалғыз ғана нашақор куәгердің сөзіне сүйеніп» қылмыстық қудалау болғанын мәлімдеді.

Мейрамбек Кенбаев 2025 жылдың ақпан айынан бері қамауда отыр.

Оған «есірткінің заңсыз сатылуы», «ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу», «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» және «алаяқтық» баптары бойынша айып тағылған.

Алайда туыстарының айтуынша, қылмыстық іс тек бұған дейін дәл осындай баппен ұсталып, есірткіні заңсыз сақтағаны үшін жауапқа тартылған азамат Ш.-ның сөзіне ғана негізделген.

«Ш. есімді азаматты 2024 жылы 4 қазанда Ақтауда ұстаған. Пәтерінен есірткі табылғанымен, ол жауап беруден бас тартқан. Қалай екені белгісіз, бұл іс Маңғыстау облыстық ПД-нің тергеу бөліміне өтіп, артынша «аса күрделі» деп танылып, арнайы прокурорларға берілді. 4 қарашада одан жауап алып, 11 қарашада менің ағама қарсы қылмыстық іс қозғады. Бірақ біз бұл туралы тек 28 қаңтарда, ағам алғашқы тергеуге шақырылғанда ғана білдік», – дейді Түгелбай Кенбаев.

Туыстарының айтуынша, 2024 жылдың қарашасынан бастап Мейрамбек Кенбаевқа қатысты жасырын тергеу әрекеттері жүргізілген. Телефоны тыңдалып, үйі мен отбасына бақылау қойылған. Бұл әрекеттер 5 айдан астам уақыт жалғасқанымен, ешқандай нәтиже бермеген.

«Бұл туралы біз тек 2025 жылдың мамырында, іс материалдарымен танысу барысында білдік. Тергеу мерзімдерін ұзарту туралы қаулылар арқылы ғана хабардар болдық», – деді Түгелбай Кенбаев.

Бауыры Түгелбай Кенбаевтың айтуынша айыптаушы Ш. мен Кенбаев бұрын таныс болған. 2015–2016 жылдары Ш. Ақтау қалалық ПД-нің бір жедел уәкіліне тіркелген құпия көмекші. Яғни, «ақпарат беруші» болған. 2024 жылдың 13 қыркүйегінде олар қонақүйде кездесіп, Ш. Кенбаевқа есірткі зертханасы туралы хабарлайды. Кенбаев ақпаратты тексеру керек екенін айтып, одан кейін іссапар мен демалысқа кеткен.

«20 күннен соң, нашарқорлықпен айналысқан Ш.-ны ұстайды. Ал бір айдан кейін, ол 2021 жылы Кенбаевтан 20, 50 және 200 грамм есірткі алып, сатқанын және ақшасын қайтарғанын айтады», – деді Түгелбай Кенбаев.

Бірақ тергеу материалдарында, есірткі заттарының өзі, нақты салмағы т. б. сараптамалық қорытынды жоқ.
Қорғау тарапы бұл ҚР Жоғарғы Сотының есірткі айналымына қатысты қылмыстарды саралау жөніндегі нормативтік қаулысында көрсетілген талаптарға сай келмейді дейді.

Кенбаевтың өзі бұл қылмыстық іс туралы 2025 жылы 28 қаңтарда ғана білген. Бұған дейін ол не сараптамада қатыстырылмаған, не жауапқа шақырылмаған. Ал негізгі айыптар оған тек 24 сәуірде хабарланған.

«Сараптамалар оның келісімінсіз жүргізілген. Бұл Қылмыстық-процестік кодекс талаптарын бұзу», – дейді туыстары.

Олар сондай-ақ, басқа есірткі істері бойынша ұсталған күдіктілерге де Кенбаевқа қарсы жалған куәлік беру үшін қысым жасалып жатқанын айтады.

«Бұдан бөлек, тергеу басқа нашақор күдіктілерге де Кенбаевқа қарсы куәлік ету үшін қысым көрсетіп отырғаны айтылды. «Бірнеше дереккөзден бізге белгілі болғаны – есірткі істерімен ұсталған кейбір адамдарға Кенбаевтың суретін көрсетіп: «Егер оның сізге тыйым салынған заттар бергенін растасаңыз, сізге бұлтартпау шарасын жеңілдетеміз» дейді екен. Мұндай жағдай жиі қайталанып жатыр. Бірақ көбісі жалған куә болудан бас тартады. Алайда тергеудің қысымы туралы ресми жазуға қорқады. Тек бір күдіктіден ғана арнайы прокурордың заңсыз әрекеттері туралы жазбаша мәлімдеме алынды. Ол мәлімдемеде Кенбаевты «таны» деп, оған қарсы айғақ беруге үгіттегені айтылған», – дейді туыстары.

Түгелбай Кенбаев процессуалдық бұзушылықтар туралы айтып берді.

  •  1. ҚР ҚПК 194-бабы 1-бөлімі бұзылған.
    Ведомствоаралық тергеу-жедел тобы (МСОГ) туралы қаулы 2024 жылдың 11 қарашасында шығарылған.
    Алайда күдікті Кенбаев Мейрамбек ол қаулыны тек 2025 жылдың 21 мамырында ғана білді.
    Бұл — күдіктіні қаулымен дер кезінде таныстыру және тергеушілерге қарсылық білдіру құқығын түсіндіру міндетін өрескел бұзу (ҚПК 194-бабы).
  •  2. ҚР ҚПК 64-бабы 9-бөлімі 23-тармағы бұзылған.
    Сотқа дейінгі тергеу мерзімін ұзарту туралы қаулылар үш рет шығарылған:
    • 3 айға дейін — 2025 жылғы 6 қаңтарда,
    • 4 айға дейін — 2025 жылғы 5 ақпанда,
    • 5 айға дейін — 2025 жылғы 4 наурызда.
    Алайда күдіктіге бұл қаулылардың ешқайсысы көрсетілмеген. Бұл оның барлық процессуалдық шешімдер туралы уақытылы хабарлану құқығын бұзады (жасырын тергеу амалдарынан бөлек).
  •  3. Ашықтық пен қорғану құқығының бұзылуы.
    Процессуалдық құжаттар тек Бас прокуратураға және Президент әкімшілігіне шағым түскеннен кейін ғана берілді. Бұл айыптау бағытының басым екенін және тараптардың теңдігі (ҚПК 24-бабы) сақталмай отырғанын көрсетеді.

Олардың сөзінше, негізгі «айғақтар» тек мынадай деректерге сүйенеді:

  • Нашақор Ш.-ның куәлігі;
  • оның шынайылығын растайды делінген бейнетехникалық сараптама;
  • Ш.-ның қажетті кезеңде қалалық полиция бөліміне кіргені жазылған журнал дерегі.
«Бұл элементтердің өзі аса ауыр бап бойынша айып тағуға жеткіліксіз. Оның үстіне, Ш. беттестіру кезінде полициямен информатор ретінде жұмыс істегенін мойындады», – дейді Кенбаевтың жақындары.

Мамыр айында, ақша аударымдары немесе қандай да бір қаржы іздері табылмаса да, толыққанды дәлел базасы болмағанына қарамастан, Мейрамбек Кенбаевтың қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды. Оның өзі, туыстарының айтуынша, әділ тергеуге әлі де үміт артып отыр.

«Президенттің «еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, мен Маңғыстау облысының прокурорына жеке қабылдауға жазылдым. Мәселенің күрделі екенін дәлелдеу үшін менімен бірге 20 туысым да келді.
Алайда бізді прокурор қабылдамады. Бізді прокуратураның акт залына жіберіп, онда қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау басқармасы бастығының міндетін атқарушы адаммен кездесу өтті. Ол маған қоғамдық қорғаушы ретінде бекіту туралы қаулыға өзі қол қоятынын айтты.
Оның өтініші бойынша, қызметкерлердің айтуымен мен өтініш жазып бердім. Алайда кейіннен маған «айыпталушыда бір қоғамдық қорғаушы бар» деген себеппен бас тартты», — деді Түгелбай Кенбаев.

Түгелбайдың айтуынша Заң бірнеше қоғамдық қорғаушыны бекітуге тыйым салмайды. Бұл керісінше процестің ашықтығына және тараптардың теңдігіне ықпал етер еді.

«24 маусым 2025 жылы сағат 10:00-ге облыс прокурорының қабылдауына жазылдық. Бірақ, не прокурордың өзі, не оның төрт орынбасары шықпады. Үш сағат бойы бізді ешкім қабылдамады, қабылдаудан бас тартудың жазбаша жауабын да бермеді. Екі азамат қол қойған «Қабылдаудан бас тарту туралы акт» жасалды. Қызметкерлер кабинетке кіріп, жасырынды. Ал басқарма бастығының міндетін атқарушы «ешқандай уәде бермедім» деп сөзінен тайды», — деді туыстары.

Осыдан кейін Түгелбай Кенбаев екі рет «Бас прокуратура» байланыс орталығына қабылдаудан бас тартқанын тіркегенін және прокуратура ғимараты ішінде бейнежазбаға түсіргенін айтты. Оның сөзінше азаматтарды қабылдау процесі заңға қайшы тоқтатылғаны анық көрінеді.

Orda.kz редакциясы бұл іс бойынша құқық қорғау органдарына сауал жолдады. Мақаланың шығу уақытына жауап әлі келген жоқ.

Orda.kz осы істі ары қарай бақылап, ақпарат таратып отырады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар