«Басшылық міз бақпады»: Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілге шықты

cover Фото: freepik.com

Жаңаөзенде «Бұрғылау жұмыстары басқармасының» жұмысшылары ереуілге шықты, деп хабарлайды Orda.kz.

Азаттықтың мәліметінше, ереуіл 12 қараша күні кешке басталған. «Бұрғылау жұмыстары басқармасы» (БЖБ) компаниясы «Өзенмұнайгазға» тиесілі екені белгілі болды. 13 қарашада «Өзенмұнайгазға» қарасты тағы үш мекеме БЖБ-ның талаптарын қолдап, жұмысқа шықпаған. 

Жұмысшылар басшылыққа бес түрлі талап қойды. Олар басшылықтан ӨМГ зейнеткерлері мен денсаулығынан айырылған мұнайшылардың балаларын тікелей штатқа алуды, Жаңаөзен қаласында жұмыссыздық мәселесін шешуді, Ұжымдық шартта 2013 ;жылға дейін болған дербес еңбекақы төлеу жүйесін қайтаруды, машинистер мен операторлар дәрежесін көтеруді, 30% қосымша жалақы тәртібін төлеуді ұжымдық шартқа енгізуді талап етіп отыр. Жұмысшылар дербес еңбекақы төлеу жүйесіне өтсе, жалақыларының артатынын айтады. 

«Мысалы бізден табыс салығын және өзге де салық түрлерін айлығымыздан ұстайды. Менің түсінігім бойынша, жаңа жүйеге өтсек, бізден оны ұстамайды. Бізден ұсталған салық біздің зейнетақы жүйесіне құйылады», - дейді наразылыққа шыққан жұмысшылардың бірі. 

Жұмысшылардың мәліметінше, бір күн бұрын кешке БЖБ мекемесінің ереуілшілеріне «Өзенмұнайгаздың» бас директоры, кадр бөлімінің жетекшісі, бас экономист келген. Олар жұмысшыларға «талаптарың заңсыз» деп айтқан.

«Біз бұл талапты қойып келе жатқанымызға жеті ай болды, осы уақыт аралығында ештеңе өзгермеді. Бұған дейін біздің жігіттер тіпті Астанаға дейін барып, «ҚазМұнайгазға» жазбаша арызымызды тапсырып келген. ҚМГ-ның жаңа басшысы бұл талап дұрыс екенін айтқан», - дейді жұмысшы. 

«Бұрғылау жұмыстары басқармасы» ереуіл бойынша біздің сұрақтарымызға әзірге жауап бермей отыр. 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар