«Бәрі жақсы, қала сол баяғыша»: Дубайдағы қазақстандықпен сұхбат

cover Фото: Жасанды интеллект

Таяу Шығыста болып жатқан соғыс тек қана 3 ел арасында емес, сондай-ақ басқа сол құрылықтағы елдерге зияны тиіп жатыр. Иран Дубайдағы әуежайға соққы жасады және көптеген жерлестеріміз Қазақстанға қайта алмай отыр. Orda.kz тілшісі Ажар есімді Дубайда тұратын қазақстандық азаматшамен сұхбаттасып, елде не болып жатқанын білді.

Ажардың сөзінше, әлеуметтік желіде көріп жатқан дүниелер адам шошитындай, бірақ шынына келгенде дала тып-тыныш, әркім өз өмірін сүріп жатыр.

«Жаңалықтарды көріп, өзімізге үрей жинап алған сияқтымыз, бірақ дәл қазір мен балконда тұрмын, ал қарама-қарсы бетте қонақүй тұр. Ол жақта адамдар демалып, бассейнге түсіп, жайбарақат жүр», – деді Ажар.

Сондай-ақ қазақстандық күнде жарылыс болып жатқан жоқ екенін, ол тек әуеден келетін ракеталарды қағып түсіріп жатқанын, ал жерге түсіп дауысы шығып жатқан сол ракеталардың жай ғана қалдығы екенін айтты. Алғашқы соққы кезінде қатты қорқыныш болғанын да жасырмады.

«Алғашқы соққы 28 ақпан күні болды ғой. Сол кезде қатты жер сілкінгендей болды. Мен мұхит жағалауында тұрамын, мұхиттың ар жағы Иран. Сол кезде найзағайдың дауысы сияқты бірдеңелер естілді, ал аспанда қызыл түстің жарқырап жатқанын көрдік. Бастапқы уақытта әрине қорықтық, кейін уақыт өте келе жерге ешқандай ракета түспегеннен кейін қорқынышымыз сейілді».

Ажар өзі 2024 жылы Дубайға өмір сүріп көру мақсатында келгенін, кейін сол жақтағы Қазақстандық компанияға жұмысқа орналасқанын айтты. Ал қазір басқа компанияда брокер болып қызмет істейді. Ол егер эвакуациялық жағдай туындайтын болса елге қайтатынын тілге тиек етті.

«Менің құрбым Консулдыққа хабарласты. Бірақ ол жақ әзірге қазақстандық туристермен арпалысып жатқанын айтты. Біз енді оларды түсінеміз, жұмыстары оңай емес, біз болсақ осы қаланың тұрғынымыз. Кейін төтенше жағдай болып жатса, бізге олар хабар береді деп ойлаймын». 

Сөз соңында Ажар ғаламтор жылдамдығы, курьерлер, барлығы жұмыс істеп, Дубай қаз қалпында тұрғанын айтты.

Оқи отырыңыздар:




Жаңалықтар

барлық жаңалықтар