Балаларға қатысты зорлық-зомбылық: Тергеу жүйесіндегі негізгі мәселелер қандай?

cover Фото: Pixabay

Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық деректері жиі жарияланса да, барлық істер сотқа жетпейді. Кейде медициналық сараптама кешігіп немесе мамандар жетіспей, дәлелдер жеткіліксіз деп танылып, істер жабылып қалады. Orda.kz бұл істер қалай тергелетіні және жүйедегі мәселелердің қандай екенін сұрастырып көрді.

Соңғы жылдары Қазақстанда жасөспірімдер мен сәбилерге қатысты жыныстық зорлық-зомбылық деректері қоғамды алаңдатқан күрделі мәселелердің біріне айналды. Мұндай қылмыстар туралы ақпаратты күн ара бұқаралық ақпарат құралдарынан да, әлеуметтік желілерден де көріп жүрміз. Қазақстанның әр өңірінде тіркеліп жатқан оқиғалар қоғамда қауіпсіздік, құқық қорғау жүйесінің тиімділігі және балаларды қорғау тетіктері туралы өткір сұрақтарды қайта көтерді.

Құқық қорғау органдары жыл сайын кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы ондаған, тіпті жүздеген қылмыс тіркелетінін хабарлайды. Алайда сарапшылар мен құқық қорғаушылар бұл тек ресми тіркелген жағдайлар ғана екенін айтады. Шын мәнінде, мұндай қылмыстардың едәуір бөлігі мүлде жария болмайды немесе түрлі себептермен құқықтық тұрғыда соңына дейін жеткізілмей қалады. 

Тәжірибеде көптеген істердің тергеу барысында тоқтап қалатыны да жасырын емес. Кей жағдайда жәбірленушілерге уақтылы сот-медициналық сараптама жүргізілмейді, ал кей өңірлерде тар бейінді мамандардың, соның ішінде проктолог дәрігерлердің жетіспеуі де кедергі келтіреді. Нәтижесінде дәлел базасы жеткіліксіз деп танылып, қылмыстық істердің бір бөлігі қысқартылады немесе жабылып қалады.

Мұндай жағдайда ең ауыр салмақ жәбірленушілер мен олардың отбасыларына түседі. Құқық қорғау жүйесіндегі олқылық салдарынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалардың ісі толық зерттелмей қалуы мүмкін. Ал күдіктілердің жауапкершіліктен құтылып кетуі қоғамда әділетсіздік сезімін күшейтіп, балалар қауіпсіздігі мәселесін бұрынғыдан да өзекті етеді.

«Не молчи» қорының жетекшісі Дина Таңсәріге зорлыққа ұшыраған кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-аналары жиі хабарласып көмек сұрайды. Себебі кейде резонанс болмаса— жабулы қазан жабулы күйінде қалады. 

«Барлық зорлық-зомбылық істері көбіне ұқсас, көп жағдайда сотқа жетпей жабылып жатады. Себебі тергеу өте салқын және немқұрайды жүргізіледі, полиция маңызды дәлелдерді дереу жинамай куәларды кешіктіреді. Күдікті мен зардап шеккенді татуластыруға тырысып бағады. Ал зардап шеккендердің көбіне адвокаты жоқ, өз құқықтарын да білмейді, сол себепті дәлел таппай, уақыт жоғалтады. Кез келген бюрократия мен тежеу сыбайлас жемқорлыққа тең. Тек адвокат қатысқанда ғана іс жылдам қозғалады және адвокат барлық жерде шағым жаза бастамайынша, тергеуші ештеңе істемейді. Сондықтан біз әрбір зардап шеккеннің міндетті түрде адвокат немесе оны кеңес беретін қоғамдық ұйымның өкілі болуы керек деп есептейміз»,— дейді Таңсәрі.
Фото: Дина Таңсәрінің парақшасынан
Фото: Дина Таңсәрінің парақшасынан

Дина Таңсәрінің айтуынша, олар қорға келіп түсетін барлық хатты жариялай бермейді екен тек тұралап қалған не әділетсіз жабылып қалған істерді әлеуметтік желіге жариялап, қоғам назарын аударуға тырысады екен.

«Маңыздысы – іс әділ түрде сотқа жетіп, кінәлі адамның жазаланғаны. Біз кеңес беріп, шағым жазуға көмектесеміз, іс тұралап қалса ғана әлеуметтік желілерде жариялаймыз. Мемлекет қызығушылық танытпаса, проблемалар шешілмейді. Қоғам әлі күнге дейін зорлық құрбандарын кінәлі деп санайды, ал қылмыскерді білгісі де келмейді. Заң мен жауапкершілік менталитетін өзгерту керек. Бұл жерде отбасы  да маңызды. Себебі зардап шеккендер үндемей қалады, ата-ана ұят деп санайды, ел-жұрт не дейді деген сыннан қорқады. Бұндай әрекет жәбірленушіге ауыр салдар тигізеді»,— деді қор жеткшісі.

Балалар практологтары мен гинекологтары – өте үлкен мәселе

«Біз осы мәселемен үнемі кездесеміз. Мысалы, тергеуші балаларды практолог-гинекологқа жіберуі тиіс.  Олар өздігімен ешқандай қорытынды бере алмайды, тек тергеушінің жолдамасымен ғана. Бұл да бюрократия, арыз бер, жолдама ал, барып қаралуың керек. Егер ауылдағы кішкентай аймақ болса, ондай маман жоқ, аудан орталығына бару керек. Тергеушілер де кімді тағайындау керегін білмейді. Олар тіпті базаны, мамандарды қайда жіберу керегін білмейді. Кейде практологтар қылмыстық істі қараудан бас тартады. Маман тапшылығы бар, сұраныс жасау керек, бірақ ешкімге қызық емес. Денсаулық сақтау саласы және омбудсмендер бірге жұмыс істеуі тиіс, әрбір аймақ проблемадан хабардар болуы керек. 2022 жылы балаларға қатысты 20 қылмыстық іс жабылған, көбісі практологтардың дер кезінде сараптама жасамауынан болды. Бұл үнемі қайталанатын өте ауыр проблема».

Дина Таңсәрінің айтуынша, шетелде зорланған жасөспірімге бірден 8 ұйым көмек көрсетеді екен, біртұтастықтың арқасында ол жақта іс те тез тергеліп, сапалы сараптама жасалады.

«Шетелде, мысалы АҚШ-та, жағдай мүлде басқаша зардап шеккен адаммен жұмыс істейді. Полицейлер істі қабылдап, барлық қажеттіліктерді базаға енгізеді: адвокат қажет пе, уақытша тұратын орын, реабилитация, құжаттар – бәрі қадағаланады. Бұл ақпарат арнайы үкіметтік емес ұйымдарға жіберіледі. Үкіметтік емес ұйымдар полиция мен прокуратурамен тығыз жұмыс істейді. Олар зардап шеккеннің бар қажеттіліктерін тізімдеп, барлық ұйымдарға таратады. Мысалы, бір қызға 8 ұйым бірден көмек ұсынды: тегін адвокат, кризистік орталық, клиникалық көмек, психолог. Мұның бәрі біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі керек, бірақ бізде бұл жүйе жоқ»,— деді Таңсәрі.

Ал қазақстандық балаларды зорлау мәселесін жиі көтеріп келе жатқан заңгер Ләззат Рақышева да қылмыстық істер заңсыз тоқтатылып, кейде қысқартылып жататынын,  ал бұл өз кезегінде қылмескерге жазадан жалтаруға мүмкіндік беретінін айтты. 

«Мен тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз іс-әрекеттері үшін жеке жауапкершілік енгізу керек деп санаймын. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық істерінде тергеудің бірыңғай әдістемесі жоқ. Тергеушілердің қолында нақты іс-әрекеттер тізімі, бір алгоритм жоқ, тіпті кейде оқиға орнындағы қарапайым бейнебақылау жазбаларын да алмай жатады, бұл маңызды дәлелдердің жоғалуына әкеледі. Сонымен қатар, тергеу кезінде зорлық көрген балаларды психологсыз жауапқа тартады, бұл заңға қайшы. Тергеушілердің біліктілігін арттыру қажет деп санаймын. Мысалы, бес жасар баланың зорлық ісі бойынша сот отырысы 12 рет өткен, бұл бала үшін шамадан тыс психологиялық соққы», — деді Рақышева.
Ләззат Рақышеваның Facebook парақшасынан
Ләззат Рақышеваның Facebook парақшасынан

Заңгердің де айтуынша, мамандардың жетіспеушілігі істі қалай болса солай қарауына әкеліп, сараптаманы толыққанды жасаумауына әкеледі.

«Маман тапшылығы бар мәселе – тергеушілер тек қыздың қыздық пердесінің бұзылғанын ғана тексереді. Ал басқа сараптамалар қайда? Себебі зорлық әртүрлі болады. Бұл барлық істің созылуына әкеледі, ал зорлық ісінде барлық сараптама тез жүргізілуі керек. Оральды немесе гениталды әдіс қолданылғанын анықтау үшін проктолог мамандардың сараптамасы қажет, жарақаттарды уақтылы тіркеу істің созбалаңға түсуін болдырмайды», — деді заңгер.

Бұл ушығып бара жатқан мәселені шешу үшін тергеушілер мен прокурорлардың заңсыз әрекеттеріне жауапкершілік енгізіліп, мамандар саны көбейтіліп, адвокаттар мен үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы міндетті болуы тиіс. Сондай-ақ, қоғам мен отбасының қатысуымен бала құқығын қорғау және заңнамалық жауапкершілікті нақтылау арқылы жүйелі және үйлесімді қорғаныс қамтамасыз ету қажет.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар