Балалар бапкерінен Винисиусқа қарсы: «Бізге жеңіс керек» – Тапалов

Чемпиондар Лигасында Еуропаның ең мықты клубтарымен бақ сынасып жүрген «Қайраттың» атағы қазір аспандап тұр. Клубтың Сәтпаев, Қалмырза және Анарбеков сияқты жұлдызға айналған ойыншылары елдің басты назарында. Бұл, әрине, қуантады. Алайда футбол тек шабуылшы мен қақпашыдан тұрмайды. Қорғаныстың мықты болуы да — жеңістің жартысы. Қорғаныс жайлы сөз қозғағанда «Қайраттың» тәжірибелі оң қапталдағы қорғаушысы Еркін Тапалов жайлы айтпау мүмкін емес.
Orda.kz тілшісі 21 қазанда Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Кипрдің «Пафос» клубына қарсы өтетін маңызды матч алдында «Қайрат» командасының қорғаушысы Еркін Тапаловпен сұхбаттасты. Бір кездері жұмыссыз қалып, балаларды жаттықтырған Еркін Тапалов бүгінде «Қайраттың» басты тіректерінің бірі. Еске сала кетейік, оң қапталдағы қорғаушы Тапалов мадридтік «Реалдың» басты жұлдыздарының бірі – бразилиялық Винисиус Жуниорге қарсы ойнады.
– «Неліктен дәл менен сұхбат аламын деп шештіңіздер?», – деп таңырқай күлді Тапалов сұхбат басында.
– «Неге сізден алмасқа?», – деген сауалымызға, қорғаушы байыппен:
– «Біздің жұмыс көзге көріне бермейді ғой. Біз гол салмаймыз. Біздің міндетіміз – қорғаныс», – деп жауап берді.
Алайда, дәл «көзге көрінбейді» деп ойлаған еңбектің артында команданың нағыз күші жатыр.
32 жастағы Еркін Тапалов – Оралдың «Ақжайық» клубының түлегі. Кәсіпқой мәнсабын 2011 жылы туған жерінің командасында бастап, тоғыз маусым бойы сол клубтың намысын қорғады. Кейін ол «Жетісу», «Каспий», «Шахтёр», «Тұран», «Қызылжар» және «Тобыл» сапында алаңға шықты. Сондай-ақ, Тапалов Қазақстан ұлттық құрамасында да шашасына шаң жұқпаған футболшылардың бірі ретінде танылған.
– Чемпиондар Лигасына өткен соң «Қайраттың» аты дүркіреп тұр. Қазір жанкүйерлер арасында клубтың қай ойыншысына болсын назар бұрынғыға қарағанда әлдеқайда басым, осының бәрін сіздер қалай қабылдап жатырсыздар?
– Иә, қазір назар бізге екі есе ауып жатыр, көпшіліктің қызығушылығы оянды. «Реалмен» болған ойында тіпті шетелден де келіп жатқан көрермендер болды. Халықтың ықыласы туралы айтар болсақ, біз осындай адамдардың бізге деген ерекше ықыласына жігіттер, бәріміз енді-енді үйреніп жатырмыз. Қазір қай қалаға барсақ, сол қалада басты назар бізде. Өткен жолы «Реал» келгенде алматылықтар қонақүйдің алдына дейін барды ғой. Енді біздің тұрақтайтын қонақүйдің алды да жанкүйерлерге толы. Қолдау өте ерекше, тіпті атымыз аталған кезде халықтың қошеметі өте зор. Бастапқыда «Реалмен» ойнаймыз дегенде шыны керек қатты бір сезім болмады. «Реал Мадридпен» алаңға шыққан кезде ғана бір ерекше сезім пайда болды. «Шынында да армандар орындалады екен ғой» дедім іштей. Себебі «Реалмен» ойнау мәнсап жолыңда әрдайым бола бермейді.
– Соңғы ойындарда қақпашылардың аты аспандап тұр. Олар да көпшіліктің көзіне жақсы нәтижелермен ерекшеленіп түсіп жатыр. Танымал кәсіпкерлер көлік сыйлап жатыр дегендей. Енді командада жігіттер өзара әзілдесіп осыны талқылайтын шығарсыздар. Мысалы, легионерлер үшін бұл таңсық дүние. Себебі жетістікке жеткенде бірден көлік, үй сыйлау олардың менталитетінде жоқ дүние. Олар қалай қабылдап жатыр?
– Киім ауыстыратын бөлмеде бұл жайлы өзара бір әзілдесіп алатынмыз бар. Бірақ қақпашыларға көлік сыйлауға ниет танытқан кәсіпкерлердің өзі ғой. Бұл тұрғыда менің ойым, футбол – командалық ойын, барлық футболшы бірдей ойнады, еңбек бар, нәтиже де жаман емес. Алайда, кәсіпкерлердің өзінің таңдауы. Кімге не сыйлаймын десе де, біз бұған енді ештеңе дей алмаймыз, өмір ғой. Мысалы «Селиктиті» ұтқанда бірдей сыйласа, ол кезде бәлкім басқаша қабылданар ма еді...
– «Бір қақпашының өзі — жарты команда» деген түсінік бар. Осы жолы қақпашылар жарап тұр. Ақтөбемен болған ойында Анарбеков жарақат алып, орынына Қалмырза шықты. Сол кезде сіз Шерханға ерекше ағалық қамқорлық танытып барынша қорғап жүрдіңіз десек те болады. Не дегенмен 18 жаста болған соң қобалжудан қашып құтыла алмайсың, сіздер оны қалай жігерлендіріп отырдыңыздар?
– Иә, біз барынша қолдадық. Ақылымызды айтып отырдық. Тек ғана біз емес өзінің бапкері Илья Юров та мотивациясын берді. Менің ойымша соңғы ойындарда өнер көрсету оған бұйырды. Шерхан өз жасына сай жақсы ойын көрсетті. Жақсы сейвтері де болды, одан да жақсы нәтиже көрсету керек еді деген сәттер де бар. Не дегенмен бұның бәрі оған жақсы тәжірибе болды. Ол жас әрі оның бұдан да жақсы нәтиже көрсететін сәттері әлі алда деп есептеймін.
– Осы орайда «Қайраттың» жас футболшылары жақсы бір ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Солардың бірі Сәтпаев, Тұяқбаев, Анарбеков. Осы ойыншылармен бірге жаттығып жүрсіз. Жалпы олардың көпшіліктің көзайымына айналып, тез нәтиже беруінің сыры неде?
– Мен осы суперкубок алдында баспасөз мәслихатына қатысқаным бар еді. Сол кезде журналистер жастарға қатысты сұрақ қойды. Мен сол кезде сіз атап кеткен ойыншылардың атын атаған едім. «Осы жігіттер осы жылы жақсы нәтиже береді» деп. Айтқаным келіп, сол жігіттердің аты шығып жатыр. Біз бірге жаттығамыз, барынша қолдап отырамыз. Олар үшін «Қайраттың» базасында барлық жағдай жасалған. Ал Дастан Сәтпаевқа келер болсақ, ол бөлек бір әңгіме. Оны жаттығу бітсе де, жасыл алаңмен жаттығу залынан қуып шығу мүмкін емес. Себебі ол барлығын артығымен жасайды, мен оны команда кетіп қалған кезде де осы базада қалып өзімен-өзі жаттығып жатқанын талай рет көргенмін. Ол жаттығуға тоймайтын бала. Сондықтан да Дастан осындай жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Дисциплина, еңбекқорлық, мінез бар Дастанда.
Бірде әдеттегі жаттығулардан соң Дастан екеуміз оңаша қалдық. Сол кезде мен қақпаға бес рет доп соқтым да ары қарай жуынып, басқа да процедура жасауға кетіп қалдым. Арада біраз уақыт өтті, залға келсем, Дастан қайтпаған қақпаға доптың бәрін салып тастап, жаттығуын әлі істеп жүр. Мен сонда оның қайтпас мінезіне таң қалғаным бар. Сол үшін де оның қақпаға соққан әр голы дәл түседі.

– Ал енді «Реалмен» өткен ойынға бір тоқталып өтейік. Олардың ойын жүйесіне қарап, өзіңіз қандай қорытынды жасадыңыз? Нені жақсарту керек деп ойладыңыз? Себебі бәрінің екі қол екі аяғы болғанымен, олар — Еуропада Чемпиондар Лигасында сан мәрте ойнап үйреніп қалған команда ғой. Әрі деңгей бөлек.
– Футболда қарқындылық деген түсінік бар. Алаңда «Реалдың» ойыншыларынан соны қатты байқадым. Біз сол қарқындылыққа 35–40 минут шыдадық, одан кейін бізде жылдамдық азайды. Сол жағы бізге қатты сезілді. Олардың ойыны алаңда көбіне доппен болды. Ал біз допсыз ойнадық. Физикалық тұрғыда соны сездім. Олардың деңгейі басқа екенін ұмытпаған дұрыс, оның үстіне Чемпиондар лигасында ойнап үйреніп қалған команданың қарқыны да, жылдамдығы да, алаңда тез шешім қабылдай алу қабілеті де анағұрлым биігірек болады. Сол үшін бізге осындай деңгейдегі клубтармен ойнап дәрежеміз бен тәжірибемізді көтеру керек. Өз басыма ойын барысында Мбаппе мен Куртуаның ойыны ерекше әсер қалдырды. Енді Мбапеннің голдары түсінікті ғой. Ал Куртуада мүлдем қобалжу болмады, бірқалыпты сонысы маған ұнады.
– Алдағы «Пафоспен» болатын матчта қандай тактикалық ерекшеліктерге мән бересіздер? Команда ішінде бұл ойынға дайындық қандай көңіл күйде өтіп жатыр? Себебі жанкүйерлердің көбі: «осы жолы бір жақсы голдар болады, осы жолы жеңіс болады» деп сеніп күтіп отыр.
– Бізде Петропавлдың «Қызылжарымен» қиын ойын болды. Қазір жігіттер қалпына келіп жатыр. «Пафосқа» қарсы теория, физика тұрғысында дайындыққа кірісеміз. Жалпы жігіттердің көңіл-күйі жақсы. Осы жолы да үйде ойнаймыз. Чемпиондар Лигасында күнде ойнап жатқан жоқпыз, осы жолы жеңіс керек. 3 ұпайымызды алып, «Пафоспен» тарих жасаймыз деген сенім бар. Біздің жанкүйерлерге айтарымыз: «бізге қолдау керек». Үйде осындай клубтармен ойнағанда ол қолдау екі есе қажет деп есептеймін. Жалпы іштей бір сенім бар, «Пафоспен» ойнауға болады. Дегенмен қарсыласты бағаламау деген түсінік жоқ бізде. Шабуыл жасап, прессингпен жақсы ойын болды деп ойлаймын.
– Соңғы кезде ұлттық құрамада да өзгерістер болып жатыр. Соңғы болған Әлем чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы ойындарда ұлттық құраманың уақытша бас бапкері Талғат Байсуфинов енгізіген тактикалық өзгерістерді жанкүйерлер жарыса талықлауда. Ұлттық құрама қорғанысқа ғана назар аудармай, айқын шабуылға шыққаны көрініп тұр. Сіз өзіңіз де құрама сапында ойнадыңыз осы жайлы пікіріңіз қандай?
– Жасыратын несі бар бұрын біздің футбол қорғаныстан басталып сол қорғаныста аяқталып жататын. Қазір енді төрт қорғаушымен ойынға көшті, оның үстіне бізде жақсы шабуылда ойнайтын футболшылар бар әрі оларға көбірек кеңістік керек. Менің ойымша, осы тактикада шабуылшыларға оңайырақ болады деп ойлаймын. Мен де соңғы ойынды қарадым, маған өте қатты ұнады. Жігіттердің көзінде от болды. Алаңда мінез көрсете білді әрі соңғы секундқа дейін берілмей жақсы ойын көрсетті.

– Сіздің футболдағы мәнсабыңызда қызық бір ақпарат бар. Оралда «Ақжайықта» жүргенде балалар футболында жаттықтырушы болғансыз, тіпті қазір сол жаттықтырған балалармен алаңға бірге шығып жүр екенсіз.
– Иә, ол кездер мен үшін қиын әрі қызық кезең болды. 2014-2015 жылы бірінші лигада ойнап жүргенде «Ақжайықта» маусым ортасында бапкер ауысып кетті. Содан жаңадан келген бапкер мені шығарып жіберді. Басқа командаға барайын десем, мауысымның қақ ортасы болған соң трансфер уақыты әлдеқашан біткен еді. Сол кезде басшылық маған келіп: «кішкентай балаларға бапкер болсың ба?» деп ұсыныс жасады. Мен жұмыссыз қалған соң келістім. Мен ол жерде балалар бапкері болып үш ай ғана істедім.
Әлі есімде қыс мезгілі еді. Жасыл алаңның арғы бетінде менімен командада бірге ойнаған жігіттер жүргіріп жаттығу жасап жатыр. Ал мен алаңның бергі бетінде жас балаларды жаттықтырып тұрдым. Сол сәт әлі есімнен кетпейді. «Неге мен емес? Неге мен ана жерде жүгіріп жүрген жоқпын?» деген сұрақтар ішімді өртеп жіберіді. Содан шыдай алмай, жаңадан келген бапкерге жүгіріп барып, мені қайтадан командаға алуын өтіндім. Бір мүмкіндік беруін сұрадым: «қайтсем де өзімді дәлелдеймін» деп уәде бердім. Ол келісті, мен қайтадан өз ортама оралдым. Негізі сол кезең мен үшін сынақ әрі бір өтпелі кезең болды. Егер мен бапкерге барып сөйлеспегенімде қазір қайда боларым белгісіз еді.
Қазір ол кезеңді күліп еске аламын. Себебі жасыл алаңда кезінде жаттықтырған балаларды кездестіріп қаламын, кейде ол жігіттер қарсылас команданың мүшесі болады.
– «Реал» келіп, Чемпиондар Лигасында ойнап жүрген соң болар, футболға деген қызығушылық күрт өсіп кетті. Бірақ сонымен қатар, футболдың мәселесі де бір ауыздан айтылып жатыр. Ол негізінен инфраструктураға қатысты. Яғни, «жаңа стадиондар мен балаларды тәрбиелейтін футбол академиялары көптеп ашылу керек» деген мәселе. Сіз футболға кеше келген жоқсыз, тәжірибелі көпті көрген футболшы ретінде осы жайлы пікіріңіз қандай?
– Ойлап қарасаңыз, «Астана» осыдан он жыл бұрын Чемпиондар Лигасында ойнады. Араға тағы он жыл салып «Қайрат» ойнап жатыр. Егер біз жыл сайын осындай еуропалық клубтармен Чемпиондар лигасында ойнайтын болсақ, көптің көзқарасы да басқаша болар еді. Ол кезде сұраныс та басқаша деңгейге өсіп, академия да, стадиондар да салынар еді. Кәсіпкерлер де ақшасын осы салаға салуға өздері де талпынып тұрады деп ойлаймын. Енді біз осыған келе жатырмыз. «Қайраттың» Чемпиондар Лигасында ойнауы — басқа да клубтарға, жас балаларға мотивация болары сөзсіз.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Айта кетейік, алда елімізді екі ойын күтіп тұр. 21 қазан күні «Қайрат» Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде Кипрдің «Пафос» клубын өз алаңында қабылдайды. Ал 26 қазанда Қазақстан Премьер-лигасының 26-шы туры аясында «Қайрат» пен «Астана» арасындағы шешуші матч өтеді.
Сонымен қатар, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы тарихи ойынды толығырақ мына материалдан оқи аласыздар.
Жаңалықтар
- Мектеп оқушылары күзгі демалыста 7 күн демалады
- «Шынайы жанкүйерлер келеді»: «Қайрат» ойын алдында баспасөз мәслихатын өткізді
- Қазақстанның футбол клубтары қай бай-бағланның қолына өтеді?
- Аттың жалына байлап сүйреген Айзаттың өлімін тергеу «кездейсоқ жағдай» деп атады
- Астана соты 5 адамды саяси қуғын-сүргін құрбаны деп танудан бас тартты
- Балалар бапкерінен Винисиусқа қарсы: «Бізге жеңіс керек» – Тапалов
- Алматыда таудағы жарыс кезінде 70 жастағы спортшы қайтыс болды
- Қытайда теңізге ұшақ құлады
- 2 млрд теңге жымқырған депутат қамауға алынды
- AZAL ұшақ апаты туралы Ресей жасырған шындықты айтқан жолаушы көз жұмды
- Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі тағайындалды
- Мыңдаған тонна Қазақстан пиязы Ресейде ұшты-күйлі жоғалды
- Абайдың «Бойы бұлғаң» әні Грэмми ұсынған әлемдік альбомға енді
- Қандай алаяқтық несиелер есептен шығарылады
- Қара халықтың «қанын қайнатқан» қолжетпес тариф кімнің қалтасын қампайтып жатыр?
- Air China ұшағында қол жүгінде жатқан литий батареясы жанып кетті
- Қазақстанның бір өңірінде екі АЭС салу қажеттілік пе?
- Ресейлік Су мен түркиялық F-16 эскорты: Путиннің Будапештке қалай жететіні белгілі болды
- Еліміздегі жаңа Салық кодексіне петиция жарияланды
- Астана сотының ғимаратына кірмекші болған мүгедектер арбасындағы әйел омақаса құлады