«Балаларға вакцина салынбасын»: Қазақстанның екі қаласында акция өтті

cover Азаттық Радиосы

7 қыркүйекте Қазақстанның екі қаласында «антиваксер ата-аналардың» акциясы өтті.

Бұл туралы Orda.kz Азаттыққа сілтеме жасап хабарлады.

Сейсенбі күні Шымкент қаласы әкімдігінің алдына 20-дан астам әйел жиналып, «әкім шық» деп айқайлап, қала басшысы Мұрат Әйтеновтің шығуын талап етті. Бірақ әкімшіліктен ешкім шыққан жоқ.

Наразылық білдірушілер балаларды офлайн режимде оқытуға және оларға коронавирусқа қарсы вакцина егуге қарсы екенін айтты.

Олар сондай-ақ, жергілікті билік «балаларға вакцина егуді міндетемесін» деп талап етуде.

Қалалық ішкі саясат басқармасының қызметкері келіп, әйелдерге «акцияларыңыз заңсыз» деп ескертті. Наразылық білдірушілер бұл шара билікке олардың талаптарын ескерту, бұл «митинг емес, акция емес» деп мәлімдеді.

Қанағаттанбағандардың арасында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған әйелдер, көп балалы аналар болды. Іс-шараны полиция қадағалады. Полиция көліктері әкімдік маңындағы көшелерде көрінді.

Сейсенбі күні осындай іс-шара Ақтөбеде де өтті.

Азаттық Радиосы

Ақтөбе облысы әкімдігінің алдына он шақты адам жиналып, балаларды вакциналауға қарсы шықты.

- Олар «вакцина ал» деді – алдық. «Балаларға тиіспейміз» деп уәде берді. Енді міне, не істеп жатырсыздар? Еліміз 4 млн вакцина сатып алды. Енді оларды балаларға мәжбүрлеп салады, - деді балаларды вакциналауға қарсылық білдірген ата-аналардың бірі.

Наразылыққа Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева мен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова шықты.

- Осы жылдың төртінші тоқсанында (балаларды вакцинлау) жоспарда. Бірақ бұл әзірге тек жоспар. Вакциналау күні де егу жұмыстары тек қана ата-аналардың рұқсатымен жүргізіледі. Алаңдауға негіз жоқ. Бүгінгі таңда бізге балаларды коронавирусқа қарсы егу туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Балалар күн сайын сабаққа барады, - деді Айгүл Күштаева.

Бертілеуованың айтуынша, жаңа оқу жылы қарсаңында созылмалы аурулары бар 50 баланың ата-анасы балаларын мектепке жібермей, үйде оқытады.

- Баланың үйде оқуы үшін дәрігердің анықтамасы қажет, - дейді Бертілеуова.

Әкімдік өкілдері іс-шараның «заңсыз» екенін ескертті.

Бұған дейін хабарланғандай, қазан айында Қазақстанда 12 жастан асқан балаларға арналған коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасы енгізілуі мүмкін. Министрлік вакцина тек ата-анасының немесе қамқоршыларының рұқсатымен ғана енгізілетіндігін айтты.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында тіркелмеген El Tiregi партиясының өкілдері Нұржол бульварында жиналды. Олардың да әрекеті мәжбүрлі екпеге қарсылық білдіру.

Ал Канадада мемлекет премьер-министріне жиналған жұрт тас лақтырды. Канадалықтар елде жүргізіліп жатқан мәжбүрлі вакциналауға қарсы.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар