Балаларға арналған қазақша кітаптарға сұраныс артып жатыр

cover

2020 жылы қазақ тілінде балаларға арналған бірнеше кітап жарық көрді.

ORDA. сайты осы уақыт аралығында кітаптарға сұраныс қаншалықты артқанын және оқырман пікірін білуді жөн көрді.

Әлемге танымал Disney ертегілерінің қазақ тілде жарық көргеніне тура бір жыл. AbayBooks баспа үйінің бастауымен 28 мың таралыммен 14 кітап аударылған болатын.

Ең алдымен кітаптың сатылымы мен сұранысы бойынша жағдайды білу үшін «Меломанға» барған болатынбыз. Сөреден орын алған кітаптар түрлі-түсті дизайнымен көзге жылы ұшырады.

Динмухамед Умаров

«Disney мультфильмдері сериясынан аударылған кітаптарға сұраныс өте жоғары. Мүмкін мультфильмдердің танымал болғанынан шығар. Кітаптардың қазақ тіліне аударылғаны қуантады. Себебі қазақ тілді балалар ең алдымен мультфильмді көріп, содан соң демалыс күндері ата-анасымен келіп кітапты сатып алады», – дейді Меломан кітаптар дүкенінің кеңесшісі Дінмұхамед Умаров.

Дінмқхамедтің айтуынша, кішкентай оқырмандар арасында ең танымал кітаптар – «Су перісі», «Көліктер» мен «Ержүрек».

Это изображение имеет пустой атрибут alt; его имя файла - kn-3-1-1024x682.jpg

«Бұл кітаптар өте танымал. Біз Диснейдің қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің Қазақстандағы жалғыз өкілі болғандықтан пандемия кезінде қиындыққа қарамастан, кітаптың бүкіл таралымын сата алдық», - дейді Аbaybooks баспасының жоба менеджері Саида Ибрагимова.

Тәуелсіз басылым кітаптарды аудару үшін екі жылға лицензия алған екен. Түпнұсқадан аударып, түзету, макет және басып шығару үшін бір жыл уақыт кеткен.

«Бұл өте ұзақ әрі қажырлы еңбекті талап ететін процесс болғандықтан, көптеген маңызды аспектіні растауға болады. Сонымен қатар, биыл Уолт Диснейдің Орталық Азиядағы компаниясы еуропалық өкілдікке өтті. Сол себепті келісімнің барлық шарты өзгерді. Біз басқа ұйымдар мен бизнес өкілдерінен қаржылық қолдау алмаймыз. Бұл баспаның коммерциялық жобасы», - дейді Саида.

Қазіргі уақытта баспа үйі Дисней халықаралық компаниясымен одан әрі ынтымақтастық туралы келіссөз жүргізіп жатыр.

Дизайнер, макет дизайнері, иллюстратор, корректор және редакторды қоспағанда, негізгі штатта төрт қызметкер ғана жұмыс істейтін баспаның мақсаты - мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, кітапқа сүйіспеншілікті арттыру.

«Диснейдің қазақ тіліндегі кітаптары бүкіл Қазақстандағы кішкентай оқырмандарға қол жетімді болуы үшін біз барымызды саламыз. Бұл жобаны жақсы көреміз және көп жұмыс істеп, күш пен уақыт жұмсадық. Дисней сияқты ірі компанияның бізбен жұмыс істегеніне мақтанамыз. Сонымен қатар, халықаралық брендтің өнімін еліміздің кітап нарығында ұсынғанымызға қуаныштымыз», - дейді Саида.

Осы тақырып төңірегінде ата-анадан да сұраған болатынбыз. Мадияр Саудбаев есімді ағаның сегіз жасар қызы кітапты алты жарым-жеті жасында өз еркімен оқи бастаған. Үйде отбасымен отырып кітап оқу дағдысы және диалогтарды әр түрлі дауысқа салып оқуы қызының кітапқа деген қызығушылығын оятты дейді.

«Биыл бір жыл болып қалды қызымның Дисней кітаптарын оқып жатқанына. «Ұйқыдағы ханшайым» кітабын алдық. Оған ханшайымдар туралы оқыған ұнайды екен. Кеше қызыммен сөйлесіп отырғанда ол кітаптың әртүрлі эмоцияға бай екенін айтты. «Кей жерінде қорқасың, қарқылдап күлесің, қобалжисың маған сонысымен кітап ұнайды»,- дейді. Мысалы, Дисней кітаптарының безендірілуі жақсы ғой. Оның үстіне кітаптардың мультфильм нұсқасы да бар екен. Менің байқағаным, қызым кітапты оқып болған соң, сондағы кейіпкерлер сияқты сөйлейді, қылықтарын көрсетеді. Кейбір кезде қуыршақтарын солай киіндіреді, кейіпкерлердің атын береді», - дейді кітап оқуға балаларын баулыған әке.

Кейіпкеріміз балаларға арналған бұндай классикалық әдебиеттің көп болғанын, әрі кітаптарды жас мөлшеріне қарай шығару маңызды екендігін айтады. Қызы мен ұлының кітапты беріліп оқитыны сондай - кейде бір кітапты бір күнде бірнеше рет оқиды екен.

«Қызым Нурикамал түрлі кітап болады дейді. Бірі – шынайы өмірдегі, бірі – қиял-ғажайып. Қонаққа барғанда немесе үйге қонақ келгенде балаларды байқаймын, кітап оқымайтын баламен айырмашылық жер мен көктей. Олардың негізгі ермегі тек – телефон. Бізде арнайы телефон қарайтын уақыт бар. Кітапты отбасымызбен оқимыз. Баланың шығармашылық тұрғыдан дамығаны жақсы. Дисней, Хәрри Поттер сияқты кітапты аударып жатқан баспаларға шынымды айтсам оқырман ретінде алғысымды білдіремін», - деді Мадияр Саудбаев.

Классикалық әдебиет

Балаларға арналған кезекті кітаптың идея авторы Мадина Қасымбаева «Ер Төстік» ертегісін оқырманға ұсынуды осыдан бес жыл бұрын ойлаған. Ол бірінші рет жиеніне кітап сатып алатын кезде қызық анимацияға, иллюстрацияға толы қазақ тіліндегі кітаптардың өте аз екенін білген. Бұл кітап да ешқандай қаржы ұйымының қолдауынсыз жарық көрген.

Мадина Қасымбаева

«Қазақша өте ескі ертегі кітаптарды Бегалин атындағы балаларға арналған кітапханадан аламын. Кітапты аудару ойы қалай келді дейтін болсаңыз, кітап сатып алуға барғанда кішкентайлар үшін қазақша кітаптың жеткіліксіз екенін, қолда бар кітаптардың дизайны аса тартымды емес екенін байқадым. Ал дәл осы «Ер Төстік» ертегісін аударған кезде, шынын айтсам, авторлық құқыққа байланысты уайым болды. Сол себепті, барлық жауапкершілікті мойныма алып, кітапты өзім аударғанды жөн көрдім. Отбасым мен достарым аудармаға көмектесті».

«Ер Төстік» кітабы 88 беттен тұрады. Қазақ, орыс тілінде 5000 данамен жарық көрді. Әрбір екінші бетінде иллюстрация, арнайы салынған суреттер бар. Жалпы кітапты дайындап шығуға екі жыл, дизайнына он ай уақыт кеткен.

«Негізінен жобаны қаржыландыра алатын мүмкіндігім болды. Ешқандай қаржылық ұйымға барған жоқпын. Себебі жоба жұмысы ұзақ уақыт алды. Бірақ кітапты дайындап, баспаға ұсынғанда қомақты қаржы талап етті. Сол үшін start.time.kz сайтына жобамды ұсынып, көмек сұрадым. Көп адам жауап берді. 700 мың теңгеден астам қаржы кітапты басып шығару үшін жұмсалды», - дейді Мадина Қасымбаева.

Жоба жетекшісінің айтуынша, кітап екі аптадан кейін сатылымға шығады. Сапасы жоғары және иллюстрациялардың көп қолданылуына байланысты бағасы 4800 теңге болған.

Жұмахан Нұрлыхан Қасымханұлы, Жамбыл кітапханасының қызметкері:

«Кітапханамызда Диснейдің бірнеше кітабы және «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы бар. Бізге кішкентай оқырман көп келетіндіктен сол кітаптарды ұсынамыз. Аталған кітаптар қолдан қолға тимейді. Үнемі қолданыста десем болады. «Хәрри Поттер мен пәлсапа тас» кітабы өте үлкен сұранысқа ие. Бізде бұл кітап біреу. Сол себепті үйден оқуға берілмейді. Тұрақты оқырмандарымыздың саны күннен күнге артып келеді. Осындай кітаптар аударыла берсе деген ниетіміз бар».

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстандағы Steppe & WORLD Publishing баспасы сиқыршы Хәрри Поттер туралы әйгілі шығармалар жинағын қазақша аударған болатын. Ағылшын жазушысы Жоан Роулиңнің рұқсатынан кейін, бірінші кітап ақпанда жарық көрді.

Кітапты қазақ тіліне аудару идеясының авторы Раиса Қадыр The Steppe сайтына берген сұхбатында: «Балалар әдебиеті — баспа жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қалады. Өйткені біздің басты мақсатымыз — қазақ тілінде сөйлейтін ұрпақ қалыптастыру» деген болатын. Авторға да кітапты аудару идеясы балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптардың тапшылығынан туындаған.

Автор: Нарғыз Ерес

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар