ҚазҰУ жаңа ректоры кім болады?

cover

ҚазҰУ-да жаңа ректор сайлаудың бірінші кезеңі өтті, деп хабарлады университеттің имидждік саясат және қоғаммен байланыс департаментінің директоры Дәурен Дүйсебаев.

Осы орайда ORDA ;аңа ректор сайлауға жауапты Білім министрлігінің Жоғары білім департаментімен байланысуға тырысты. Бірақ бөлімнің жұмыс телефондары және басқа да ресми байланыс құралдары (мессенджерлер мен чаттар) жауап бермейді. Осылайша, қазіргі уақытта ректор сайлауы толыққанды ашық өтіп жатқан жоқ.

Ашық ақпарат көздерінен алынған ақпарат бойынша, қызметке үміткерлер арасында бұрынғы екі білім министрі бар: қазіргі Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов және Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының бірінші орынбасары Жансейіт Түймебаев.

Жақында Жансейіт Түймебаев Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың инагурация рәсіміне қатысып, Президент Тоқаевты атамай, бүкіл Қазақстан халқы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Айта кетейік, Білім министрлігіндегі қызметі барысында (2007-2010 жж.) Түймебаев ең жанжалды басшылардың бірі болды. Оның атына қатысты көптеген шулы мәселелер туындады. Соның ішінде ҰБТ нәтижелерін есептеудегі қателер, тестілеуде дұрыс жауаптар кодын сату туралы ақпараттарды еске алсақ та жеткілікті.

Министр Түймебаевтың басшылығымен 12 жылдық оқытуға көшу туралы алғашқы ұсыныстар мен бастамалар жасалды, аталған бастамалар да нәтижесіз, аяқсыз қалды. 2008 жылы оған білім беру жүйесін «шымкенттендіру» туралы тікелей айып тағылды.

«Білім және ғылым министрлігінде Шымкент пен облыстан келген 15,6 % адам қызмет атқарады. Журналистер мәжбүрлемесе, біз оны санамайтын да едік. Мен министр болғанға дейін де көптеген шымкенттіктер министрлікте жұмыс істеді. Мен енді оларды жұмыстан шығаруым керек пе еді ? Неліктен менің министрлігіме үнемі сөз келеді? Біздің қоғамда бәрі футбол мен білім жүйесінде сарапшы. Мен қалай қызмет атқаратынымды көргісі келетіндердің барлығын Министрлікке шақыруға дайынмын», - деген болатын сол кездегі министр «Время» газетіне берген сұхбатында.

2020 жылдың ақпан айында Қордайда болған этносаралық қақтығыстан кейін Түймебаев басқаратын халықтар Ассамблеясына да көптеген сын айтылды.

ҚазҰУ ректоры орнына тағы бір үміткер - Бақытжан Жұмағұлов. Ол 2010 жылдан 2013 жылға дейін БҒМ басқарды. Оның басшылығының соңғы жылында желіде білім беру қызметкерлерінің жасырын шағымдары пайда болды. Шағымда министрлік жұмысына наразылық білдіріп, оны докторлық диссертация жазу кезінде плагиат жасады деп те айыптады. Кейін арнайы комиссия тексеру жүргізіп, айыптаулардың негізсіздігін жариялады.

Ректордың ауысуы туралы мәселе ҚазҰУ аумағындағы жер дауына қатысты жанжал аясында туындады. Блогер Денис Кривошеевтің айтуынша, тергеуге тапсырыс берілген болуы да мүмкін. ( Шыны керек, блогердің өзін үнемі немқұрайлылығы үшін айыптайды.) Төменде Денис Кривошеевтің ойын келтірдік:

«Барлық құжаттарды әр қырынан зерттеуге болады және оларды заңгер жариялап отыр. Заңгер ретінде ол тікелей қажетті бөлімдерге сұрақ қою керектігін түсінуі керек еді. Оған бұл істе кімнің кінәлі екенін анықтау емес, қоғамдық пікір қалыптастыру басты мәселе болып тұр. Ең маңызды мәселе - бұл жерлерді кімнің сатып алғандығы болу керек еді. Бұл жағдайда тек мемлекет қана жерді иеліктен шығаруға құқылы. Ал құжатта әкімдік құқығы жоқ бола тұра, белден басып, ҚАУЛЫ шығара салғандай.

Бастапқыда жерді кімге бергенін анықтау міндеті болған жоқ, оның бар мақсаты - Мұтановты құлату болды. Мәселенің мәні осында.

Қазір олар сөздерін өзгертуге тырысуда. Бұл іспен Базарбек айналысты. Базарбекті кейбір жоғары білім беру жүйелеріндегі мәселелерді шешу үшін пайдалануға болады».


Алайда журналист Михаил Козачков біздің порталға Кривошеевтің сатылған жер туралы мәселедегі пікірімен келіспейтіндігін білдірді:

«Проректордың қолы қойылған құжат бар. Менің ойымша Денис Кривошеев материалды өзі жазбаған. Бұл университеттің баспасөз хатшысының айтуымен жазылғандығына сенімдімін. Университет бұл жерді кім алғанын білу үшін тиісті мекемелерге жүгінді дейді. Маған қызығы, құжаттарға сәйкес, түзету 2017 жылы орын алған, ал университет тек 2021 жылы әлеуметтік желілерде шу шыққаннан кейін ғана қозғала бастады. Олар «үш жыл бойы қайда қарап жатқан?» деген сұрақ туындайды. Әлде сіздер университет аумағыңда әлдебір тракторлардың жүргенін байқамадыңыздар ма? Меніңше, басынан бастап университеттің ниеті дұрыс болған жоқ. Олар бұл жерге не болғанын түсіндіріп, қандай да бір алаяқтық жолмен ұрланса, оны да айтулары керек еді. Олар жердің ұрланғанын біле салысымен шу көтеріп, құзіретті органдар есігін қағып, өтініш жазуы керек еді. Ал олар: біз бұл жерлермен айналыспаймыз дегеннен танар емес. «Бұл жерді біреуге беруге немесе қайта ресімдеуге ешқандай құқығымыз жоқ», деп бала алдағандай болып отыр. Менің ойымша, біз қазір Ұлттық университеттердің мүлкі біреудің, соның ішінде жоғары оқу орындары басшыларының алаяқтық әрекеттерінің нысанына айналатын жағдаймен бетпе-бет келіп отырмыз».

ORDA редакциясы. Журналисттік зерттеу жүргізіп, нәтижесінде университет жерін рәсімдеген ЖШС иелерін анықтады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар