Атыраулық құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева дүниеден өтті

cover Фото: Ақ Жайық

Атыраулық белсенді, құқық қорғаушы Асель Нұрғазиева өмірден өтті, деп хабарлайды Orda.kz.

«Сен құйын секілді өмір сүрдің – қарқынды, ашық, адал адам едің. Ешкімнен де, ештеңеден де қорықпадың. Сен адам құқықтары үшін шынайы күрескер едің» деп жазды ол туралы журналист әрі қоғам қайраткері Гүлжан Ерғалиева. 


Әсел Нұрғазиева ұзаққа созылған аурудан кейін Астанада бүгін таңертең көз жұмды. Ол 47 жаста еді. Ол құқық қорғау саласындағы белсенді қызметімен, соның ішінде 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларына байланысты істер бойынша зардап шеккендерді қорғаған кезде кеңінен танымал болды.

2012 жылы Әсел Нұрғазиева Ақтауда ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сол кезде сот оған қоғамдық тәртіпті бұзғаны және полиция талаптарына бағынбағаны үшін 12 тәулік әкімшілік қамауға алуды тағайындады. Бұл оқиға қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарының реакциясы мен сынын тудырды, Олар бұл оқиғаны азаматтық белсендіге қысым ретінде бағалады.

2016 жылы Әсел Нұрғазиева Атырауда өткен жер мәселесіне қатысты митингілердің бастамашыларының бірі болды. Акция қатысушылары ұсталғаннан кейін, ол оларды қорғау үшін қоғамдық комитет құруға атсалысып, белсенділердің құқықтарының сақталуын табандылықпен талап етті.

Әріптесі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатованың айтуынша, Әсел Нұрғазиева еңбек жолын прокуратура органдарында бастаған, алайда көп ұзамай құқық қорғау саласына ауысқан. Жаңаөзен оқиғалары бойынша сот процестерінде ЕҚЫҰ атынан бақылаушы болып жұмыс істей жүріп, ол жай ғана мониторинг жасаумен шектелмей, адам құқықтарын белсенді қорғауға көшкен.

Әріптестері Әсел Нұрғазиеваның әділетсіздікке әрдайым өткір жауап бере білгенін, бейжай қала алмайтынын және әлсіз әрі осал жандардың құқықтарын дәйекті түрде қорғағанын айтады.



Жаңалықтар

барлық жаңалықтар