Астанада Наурыз мейрамы қалай тойланады?

cover Фото: Orda.kz

Астана қаласында Наурыз мейрамы аясында 21–22 наурыз күндері бірқатар іс-шаралар өтеді. Қала әкімдігінің мәліметінше, 21–22 наурыз күндері Астана Наурызды кең көлемде атап өтетін салтанатқа айналады, деп хабарлайды Orda.kz.      

Мереке күндері негізгі халықтық іс-шаралар қаланың басты алаңдарында өтеді. Атап айтсақ,  әкімдік алдындағы қалалық алаңда, Қазақ елі монументі маңындағы алаңда, «Астана Арена» стадионының автотұрағында, «Ататүрік» саябағында, «Astana Music Hall» автотұрағында және EXPO аумағында.

Негізгі алаңдарда ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдары сатылатын фуд-корттар мен жәрмеңкелер жұмыс істейді, шеберлік сағаттары мен ұлттық салт-дәстүрлер көрсетіледі. Белсенді демалыс әуесқойлары үшін қазақша күрес, садақ ату, кір көтеру, қол күресі, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.

Мерекелік алаңдарда Астана тұрғындары алғаш рет роботтар мен жасанды интеллект элементтері бар ерекше интерактивті аймақтарды көре алады. Мұнда келушілер цифрлық ойындарға қатысып, технологиялармен танысып, инновациялардың ұлттық дәстүрлермен үйлесімін көре алады.

Елордадағы алты ауданның негізгі алаңдарында театрландырылған қойылымдар, анимациялық бағдарламалар және қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер өтеді.

Есіл ауданында дәстүрлі түрде негізгі орталық EXPO аумағы болады. Мұнда 20–22 наурыз аралығында ауқымды мерекелік бағдарлама ұйымдастырылады.

Бұл күндері сағат 10:00-ден бастап барлық алаңдар жұмыс істейді, оның ішінде заманауи цифрлық технологиялармен жабдықталған алты тақырыптық киіз үй:

  • Бірінші киіз үйде интерактивті дисплейі бар ЖИ-аватар орнатылады
  • Екінші және үшінші киіз үйлерде VR-көзілдіріктер арқылы виртуалды шындық ұсынылады
  • Төртінші киіз үй «Заң және тәртіп» тақырыбына арналып, робот-ит, дрон-полицей және Тазабек кейіпкері көрсетіледі
  • Бесінші киіз үйде ерекше қажеттілігі бар жандар жасаған өнімдердің әлеуметтік жәрмеңкесі өтеді
  • Алтыншы киіз үй қолөнершілер жәрмеңкесіне арналған

Сағат 10:00-ден бастап жасанды интеллект элементтері бар спорттық жарыстар да ұйымдастырылады.

EXPO аумағы ұлттық этно-стильде безендіріліп, тайқазан, шаңырақ, қобыз пішініндегі сәулеттік элементтер қойылады. Биыл безендіру 9 метрлік «Келіншек» композициясымен, сондай-ақ «Алаша тоқу» және «Арба» инсталляцияларымен толықтырылады.

21–22 наурыз күндері сағат 13:00-ден бастап басты сахнада қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер өтеді. Сонымен қатар фотобудкалар мен алтыбақандар орнатылады.

21 наурыз күні сағат 14:00-де EXPO халықаралық көрме орталығында (Мәңгілік Ел даңғылы, 53/1) «Наурыз базары» азық-түлік жәрмеңкесі ашылады. Мұнда қазақстандық өндірушілердің өнімдері, соның ішінде «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары ұсынылады.

Қонақтарға арналған концерт, үлкен қазандағы Наурыз көже және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Көрме орталығында фотозоналар мен 12 метрлік LED-тоннелі бар интерактивті кеңістік жасалады.

Орталық залда сахна, «Жеті қазына» экспозициясы және қызғалдақтар көрмесі орналасады. Сонымен қатар Nauryz Kitap Fair кітап жәрмеңкесі мен ұлттық спорт ойындары өтеді.

Келушілер қазақша күрес, асық ату, садақ ату, арқан тарту сияқты жарыстарға қатыса алады. Балалар үшін шеберлік сағаттары мен ойын аймақтары бар арнайы арт-кеңістік ұйымдастырылады.

21 наурыз күні сағат 20:00–21:00 аралығында Қазақ елі алаңы маңында әсерлі дрон-шоу өтеді.

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар